- Advertisement -

Мәдени қызметкерлеріміз үздік үштік қатарында

42

- Advertisement -

 Астанада Мәдениет және өнер саласының ұйымдары мен қызметкерлері арасында жыл сайынғы «Рухани қазына – 2023» республикалық фестивалінің жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Аталған фестивальде жамбылдық мәдени сала мамандары үш бірдей аталым бойынша аймақтың абыройын асқақтатып қайтты.

Фестиваль Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен өткізілді. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның фестиваль қатысушыларына арналған құттықтау хатын вице-министр Арман Жүдебаев оқыды.

«Мәдениетімізді асқақтату, сала мамандарының мерейін үстем ету мақсатындағы «Рухани қазына» фестивалі ұлттық мұралар ұлықталатын алаң! Осы фестивальдің барлық қатысушыларына ризашылығымды білдіріп, қазылар алқасына зор алғыс айтамын. Биыл кітапхана саласы бойынша – 78, музей саласы бойынша – 25, мәдени-демалыс ұйымдарынан 70 өтінім келіп түсті. Әр өтінім бойынша түскен еңбектер егжей- тегжейлі іріктеліп, талданды»,– делінген құттықтау хатта.

Мәдениет және өнер саласы ұйымдарының шығармашылық жетістіктерін анықтау, талантты, өзіндік ерекшелігі бар шығармашылық ұжымдар мен орындаушыларды қолдау, ұлттық және әлемдік мәдениет пен өнердің ең жақсы дәстүрлері мен жетістіктерін жаңғырту, дамыту, насихаттау және қатысушылардың кәсіби шеберлігін арттыру, өңірлердің мәдени мұрасын таныстыру, қызметкерлердің тәжірибе алмасуына жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылған фестивальге қатысуға түскен барлық өтінімдердің ішінен 29 жұмыс іріктелді.

Фестивальде Жамбыл облысының мәдениет қызметкерлері 14 номинация бойынша бақ сынап, нәтижесінде үш номинация бойынша жеңімпаз атанды.

Нақтысын айтсақ, Д.Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалармен жасөспірімдер кітапханасы «Балалар, жасөспірімдер немесе балалар және жасөспірімдерге арналған үздік кітапхана» номинациясы бойынша үздік деп танылып, 1 миллион теңгенің сертификатын иеленді.

Ал, Байзақ аудандық мәдениет үйінің үйірме жетекшісі Жанар Қорғанбекова «Үздік креативті мәдени демалыс ойын- сауық жобасы» бойынша, Меркі ауданы Тәтті ауылдық клубының меңгерушісі Шарбану Жуасбекова «Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған үздік әлеуметтік мәдени жобасы» бойынша жеңімпаз атанып, 300 мың теңгенің сертификатымен марапатталды.

Жамбылдықтардың абыройын тағы бір мәрте асқақтатқан мәдениет қызметкерлерін шын жүректен құттықтаймыз!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support