- Advertisement -

Отбасылық кәсіп – ортақ нәсіп

43

- Advertisement -

Ауылдық аймақтардағы тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздеген «Ауыл аманаты» жобасы жемісін беріп отырғанының тағы бір дәлелін Сарысу ауданындағы Жаңаталап ауылының тұрғындарынан да байқадық. Жеңілдетілген несие алып, мал басын көбейтіп әрі сүт бағытында өнім алып отырған «Қожамқұл ата» шаруа қожалығы бүгінде жаңаталаптықтарға да танымал кәсіпкерлікке айналған. Өрісін малға толтырып, алқабына егін жайқалта өсірумен қатар, үй іргесінен шағын дүкен ашып, өз өнімдерін сонда саудалап та отыр.

Балаларының басын қосып, ортақ отбасылық кәсіптің басы-қасында жүрген Қожамұрат Ишанқұлов ақсақал ұзақ жыл көлік жүргізушісі болып еңбек етіп, зейнетке шыққан. Дегенмен, үйде құр қарап отырмай, отбасылық бизнестің бар шаруасын басқарып жүр.

– Осы Жаңаталап ауылында туып-өскенмін, осында шаңырақ көтеріп, балалы-шағалы болып, өндік, шүкір. Үлкен балам «Ауыл аманаты» жобасымен жеңілдетілген несие алып, өз қожалығын құрды. Өзімнің бұрын құрған қожалығым бар, барлық малды ортақ фермада бағамыз. Ауылдас 4-5 отбасымен бірлесіп, қатар жатқан жерімізді қоршап, жылдың жылы мезгілдерінде малдарымызды сонда жайып, бағамыз. Оншақты сауынды сиырымыздан алған сүтті негізінен Жаңатас қаласындағы тұрақты тұтынушыларымызға сатамыз. Жаздың күндері елде сүт көбейгенде, құрт, май, ірімшік секілді сүт өнімдерін әзірлеп, сатамыз. Өзіміздің де үйден ашқан шағын дүкеніміз бар, сонда қоямыз. Шүкір, алушылар бар. Одан бөлек, бордақылап мал да байлаймыз, сойып, етін сатамыз, – деген отбасылық кәсіпкерліктің төрағасы Қожамұрат Қожамқұлұлы өз малдарының жем-шөбін өз алқаптарынан жинап алатынын айтты.

Бұл қожалықтың 1300-ге жуық гектар жайылымдық, 13 гектар суармалы, 11 гектар тәлімдік, 25 гектар шабындық жері бар. Негізінен жоңышқа мен жүгері егеді. Қожалықтың өзінің қамбасы да бар, онда малдың қысқы азығын жинап, мал базасының қасындағы шөп жинайтын орынды да толтырған.

Қазір мал тұқымын асылдандырып, өнімді арттыруды көздеп, еңбек етуде. Асыл тұқымды сауынды сиырларын Меркі, Жуалы аудандарынан алған. Қарияның екінші ұлы да аталған жобамен жеңілдетілген несие алып, мал алуды жоспарлаған.

Қожамұрат атай мен Зина апайдың үш ұлы, бір қызы бар, Бәрі де өз отауларын тігіп, отбасылы болған. Ал, отбасылық кәсіпкерлікте ұл-келіндерімен бірге еңбек етеді. Шаруаның нағыз қызатын маусымдық уақыттарда бірнеше адамды жұмысқа алады. Негізінен екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Сарысу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support