- Advertisement -

Еңбек Ері атындағы мектеп

52

- Advertisement -

Жамбыл ауданы, Ерназар ауылындағы Байгелді Кейкиев атындағы орта мектептің де жетістіктері аз емес. Кезінде Социалистік Еңбек Ері атанған ардақты ақсақалдың атындағы білім ошағына үздік болмауға жол жоқ секілді.

Аталған мектепте 260 оқушы білім алса, оларға 35 ұстаз білім береді. Былтыр 1 оқушы «Үздік аттестат» иеленсе, бірыңғай ұлттық тесттен орташа балл 71-ді құраған. Мектеп директоры Сағира Төлегенова білім ошағын өрге бастыру жолында барлық тәжірибесі мен білімін жұмсауда.

Бұл мектепте де озат ұстаздар аз емес. Республикалық «Дарынды балаға – талантты ұстаз» байқауының жеңімпазы, филолог маман Ақбаян Әбдікәрім, ҚР Оқу-ағарту министрінің Құрмет грамотасының иегері, биология пәнінің мұғалімі Жеңіскүл Беркімбаева, озат ұстаз Ақбота Ақапберген, шәкірттері волейболдан республикалық жарыста жүлде алып жүрген Руслан Байгелді, республикалық «Мың бала» байқауының жеңімпазы Нұрай Әжіхат, шәкірттері аудандық, облыстық байқауларда жүлде алған бастауыш сынып мұғалімдері Батима Сембекова, Айсұлу Күзембердиева, ағылшын тілі маманы Айназ Алмасбек – мектеп мақтаныштары. Бұл білім ошағы түрлі жарыстарда жүлдеге ие болған Аниса Ізетхан, Толқын Орынбек, Айзере Дәуталы секілді шәкірттерімен де мақтанады. Мектепте «Домбырашы қыздар» оркестрі жұмыс істейді. Мектептің белсенді оқушылары Ақжүрек Тоқтарбай, Нұрдәулет Қыдыралы, Назым Смағұл да үлгілі істерімен көзге түсіп жүр. Мектептегі қоғамдық жұмыстарда Ә л и Құрманбек және басқа да оқушылар белсенділік танытып келеді.

Мектептің кіші қызметкерлері де өз істеріне жауапты. Асханашы Ғазиза Жұбанова, тазалықшы Айнұр Момынтаева, Эльмира Аяпбергенова, шаруашылық ісінің меңгерушісі Олжас Байгөбеков – өз істерінің маманы. «Мектептің алға қойған мақсаты жоғары. Еңбек Ерінің атындағы мектеп болған соң, жақсы атаның атына кір келтірмеу ұстаздар мен оқушылардың ойында тұрады. Әрдайым жақсы істерге ұмтыламыз», – деп мектеп директоры Сағира Төлегенова ағынан жарылды.

Еңбек Ері атындағы мектептің осы кезге дейін алған жетістіктері де жаман болмаған. Алдағы уақытта да аудандағы ең үздік мектептердің қатарына кіріп, жекелеген байқаулар бойынша облыста үздік болуды көздейді. Оған аталған білім ошағында барлық мүмкіндіктер бар.

 

Есет ДОСАЛЫ

Жамбыл ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support