- Advertisement -

Халық бірлігі қашанда маңызды

21

- Advertisement -

Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының ғимаратында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының кеңейтілген отырысы өтті. Оған аталған топтың мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері, студенттер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Ғылыми топтың мүшелері жиында «Жастар арасындағы азаматтық бірегейлік пен патриотизм тәуелсіз Қазақстан халқының бірлігін нығайту факторы ретінде» атты тақырып аясында сөз қозғады.

Кеңес отырысын аталған институттың вице-президенті, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми сараптамалық тобының жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессоры Махметғали Сарыбеков ашып, жүргізді. Ол өз кезегінде бүгінгі іс-шара еліміздің айтулы мерекесі тәуелсіздік мерекесімен байланыстыра өткізіліп отырғанын, ұлттар достығы мен ынтымағын қалыптастыруда бірліктің маңызды екеніне тоқталды.

Жиын барысында топтың белсенді мүшелері баяндама жасады. Атап айтсақ, «Шаңырақ» ҚХА Республикалық кафедралар қауымдастығының жетекшісі, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ саяси ғылымдарының докторы, профессор Наталья Калашникова баяндама жасап, елдегі этнос өкілдерінің бірлігі мен татулығын өзінің баяндамасына арқау етті. Ал, топ мүшесі, Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институттың әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы Бақтияр Алдашов баяндама жасады. Ол «Қазақстан жастарының азаматтық бірегейлігі: заңнамадағы және практикадағы жаңа тәсілдері» атты баяндамасында қоғамдағы жастардың орны, олардың бүгінгі шынайы жағдайы туралы сөз етті. Билік пен жастар арасындағы мәселелерге жеке-жеке тоқталып, жан-жақты ғылыми талдау жасады. Отанының нағыз патриоты болу үшін жастарға оқу мен ғылымға көңіл бөліп, ел туын биік көтеруге үлес қосуы маңызды екенін айтты.

Келесі баяндамашы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Философия және саясаттану» кафедрасының аға оқытушысы Режеп Баярисов желтоқсан оқиғасы мен бүгінгі жастардың рухани байланысына тоқталды. Ал, «Қазахстанская правда» газетінің тілшісі Михаил Тё патриоттық тәрбиені арттыру жайын әңгімеледі. Ол өз кезегінде елге, республикаға белгілі азаматтардың ерлігін көпшілікке сөз ете отырып, жастар мен этнос өкілдері арасында патриоттық, отаншылдық сезімді арттыру қажет екенін айтты.

Бұдан кейін ғылыми сараптамалық қолдау бөлімінің бас сарапшысы Ербол Қаншымбеков облыстағы этносаралық жағдай бойынша жүргізілген сауалнамалар бойынша мониторинг қорытындысына тоқталып, облыстағы жағдаймен таныстырды. Сондай-ақ, оның қалыпты жағдайда екенін жеткізді.

Жиын соңы сұрақ-жауапқа ұласты. Топ мүшелері жиын барысында баяндамашыларға сұрақтар қойып, жауап алды. Жиын соңынан топ мүшелері марапатталды.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support