- Advertisement -

Жол апатының жиілеуіне не себеп?

43

- Advertisement -

Әр өңірде орын алып жататын жол-көлік оқиғасынан адам жаны түршігеді. Бүтіндей бір отбасының екі көліктің соқтығысуынан немесе басқа да жағдайда опат болуы, кімді де болмасын егілтіп жібереді. Бетін аулақ қылсын, соғыс жоқ, табиғи апат емес, айдың-күннің аманында үйінен аман-есен жолға шығып, жол үстінде мерт болып жатқан жандардың қыршын ғұмырын кімнен сұрайсың? Әрине, автокөлік рөлінде отырған жүргізуші кінәлі болып шығады. Алайда, адам өміріне соқтыратын жол- көлік оқиғасынан көбіне жүргізуші мерт болып кетеді. Қайғылы оқиғадан соң, қозғалған қылмыстық іс кінәлі жанның мерт болуымен жабылып қалады. Ақыры бұл аса өзекті де, күрделі мәселе Парламент Мәжілісінің мінберінде қозғалды. Мәжілістегі «Ауыл» партиясы фракциясы депутаттарының атынан Ерболат Саурықов Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Бас прокурор Берік Асыловқа сауал жолдады.

– Бүгінгі күннің ең өзекті, әрі күрделі мәселелерінің бірі – адам өмірі. Күнделікті тіршілікпен байқамаймыз, күніне қаншама адамның тағдыры жол үстінде шешіліп жатыр. «Жол мұраты – жету», – дейді. Дегенмен, діттеген межесіне жете алмай, мұрат жолында майып болған адам саны азаяр емес. «Ranking.kz» талдау баспасының деректері бойынша, осы жылдың он айында елімізде 11мың 618 жол- көлік оқиғасы болды. Оның ішінде, 1942 адам, 1386 ер, 556 әйел, 246 кәмелетке толмаған жасөспірім жол үстінде жан тапсырған. Сонымен қатар, әртүрлі деңгейдегі дене жарақатымен түскендердің саны 14 мың 456 адам. Осылардың ішінен қаншама азамат мүгедек болып, өз қолы өз аузына жетпей қалды. Неліктен бұл дүниенің көлігі о дүниеге жедел жөнелту құралы болып отыр? Бұған байланысты бірнеше себептерді атап, солардың шешілу жолдарын Үкіметтен сұраймын және осы мәселелерге қатысы бар барлық мекемелер мен жауапты тұлғалардың қызметін тексеруді Бас прокуратураға тапсыру қажет деп есептеймін:

Бірінші, жүргізуші куәлігінің сатылуы, сыйлық ретінде таратылуынан тәжірибесіз жүргізушілердің көбеюі, қысқасы, осының маңайындағы коррупция қашан шешіледі? Екінші, біздегі техникалық тексеру орталықтарының басым бөлігінің берген сараптамалары жалған.

Олардың қолына ақша қыстырсаң болғаны, қалаған құжатыңды аласың. Көлік ол жерге көз қылып кіреді де, шығады. Сондықтан да ескі көліктер техникалық жағынан сын көтермесе де трассада жүр. Үшінші, оң рөлді көліктердің көбеюі немесе оң рөлді көлікпен адам тасымалдау бизнесінің артуы белең алып барады. Төртінші, оң рөлді көліктердің еш техникалық қауіпсіздікті сақтамастан, заңсыз жолмен сол бетке ауыстырылуы, нәтижесінде техникалық ақаудың орын алуы, жол апатының болуына алып келеді. Бесінші, «индрайвер», «яндекс» арнайы жарнамалау арқылы заңсыз адам, жүк таситын «жабайы» таксилердің көбеюі, қалааралық такси бизнесінің көлеңкелі экономиканы күшейтуі салдары жолға қойылмай отыр. Алтыншы, қырық, елу адамдық қалааралық жолаушылар автобустарының техникалық қауіпсіздігі мәселесінің мемлекеттік қадағаланбауы, жылдамдықты мөлшерден тыс арттыруы және автобус жүргізушілерінің тәжірибесінің жеткіліксіздігі. Жетінші, ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк артуы, салдарынан жолда дөңгелектерінің жарылуы, жүктерінің құлауы немесе жол ережесін сақтамауы. Сегізінші, үлкен жолда ерсілі-қарсылы ағылып жатқан жеңіл көліктің жартысына жуығы Қырғызстан, Армения, Грузия, Ресей сынды шетелдік тіркеудегі жеңіл көліктердің көбеюі, заңсыз жасалған көлік техпаспорттары, тіркеуге алынбаған көліктер мен жылдамдықтың шамадан тыс артуы. Тоғызыншы, жол сапасына да ерекше тоқталу қажет. Облыстық маңызды және ауыларалық жолдар көп жерлерде сын көтермейді, бір жолақты, енсіз, одан қала берді шұрқ-тесік. Бұл да жол апатының бірден бір себебі болып табылады.

Статистика бойынша Алматыға күніне кіретін 700 мыңға тарта көліктің жартысына жуығы қалаға таксилетіп ақша табу мақсатымен келеді. Нәтижесінде, республикамызда жол-көлік оқиғасы көп болатын аймақтар басында Алматы қаласы тұр. Жыл басынан бері аталған сегіз ай ішінде онда 826 оқиға тіркелген. Үштікті Алматы және Жамбыл облыстары тұйықтайды.

Сауалнамаға заңнама аясында белгіленген мерзімінде жауап берулеріңізді сұраймын, – деген болатын.

Депутат Үкімет басшысының бірінші орынбасары мен Бас прокурорға аса өзекті сауал жолдады. Алаңдатарлық жағдай, 1 миллион 222 мың халық тұратын Жамбыл облысы елімізде жол-көлік оқиғасы жиі орын алатын өңірлер қатарында болуы. Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметінше, биылғы 10 айда 893 жол-көлік оқиғасынан 167 адам қайтыс болып, 1344 адам жарақат алған. Дегенмен, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда жол-көлік оқиғасы 28,9, адам өлімі 16,9, ал жарақат алғандар саны 30, 8 пайызға төмендеген. Балалардың қатысуымен 284 оқиға орын алып, 23 жеткіншектің қыршын жаны қиылған. 353 бала түрлі дене жарақатын алған. Өткен жылға қарағанда балалардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы 22, жарақат алғандар саны 22,8 пайызға азайған. Бәрібір адам өлімі мен жарақат алу көрсеткіші төмендегенімен, жол үстінде қиылған, кемтар болып қалған тағдырлар ешкімді де бейжай қалдырмас.

Ержан МАНАНБАЕВ, облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі:

– Автокөлік апаттарының жиі кездесетін себептерінің бірі – жылдамдықты арттыру. Жылдамдықты асыру барлық автокөлік апаттарының үштен бір бөлігін құрап отыр. Алайда, көптеген жүргізушілер бұл маңызды жағдайға немқұрайлылық танытуда. Жол-көлік оқиғаларының өсуінің тағы бiр себебі – автокөлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің ереже сақтамауы, жол инфрақұрылымы мен автокөліктердің ескіруі, жүргізушінiң жолға тынығып шықпауы.

Талдауға сәйкес, жалпы орын алған жол апатының 70 пайызы 20 жылдан асқан ескі автокөліктердің қатысуымен орын алған. Сонымен қатар, облыс аумағында республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолының 450 шақырымынан өтетін шекаралас халық саны көп, үлкен көрші облыстарының транзиттік автокөліктерінің саны көбеюi де әсерін тигізуде.

Жол апатының алдын алу мақсатында Полиция департаменті бастығының бастамасымен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолымен жүретін көлік құралдарының ағынына ілесiп жүру бойынша жұмыстар күнделікті жүргізіледі. Аталған іс-шараға күндіз-түні, тәулігіне арнайы 4 автопатруль экипажы бөлінген. Олар жоғарыда аталған жалпы 450 шақырым жолда автокөліктердi алып жүру жұмыстарын жүргізеді, бұл іс-шара жүргізушілермен жылдамдық режимін сақтауға және жол-көлік оқиғасының алдын алуға ықпал етуде.

Оған қоса, патрульдік полиция батальоны қызметкерлерімен облыс аумағы арқылы өтетін транзиттік автокөліктерімен жолаушылар тасымалдаумен айналысатын автобус жүргізушілерімен жылдамдықты асырмау туралы, қауіпті учаскелерде еңбек және демалыс режимін сақтау жөнінде және жолдың бойында орналасқан кафелер мен кемпингтерде автокөлік жүргізушілерімен профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Аталған бағытта жұмыстар жалғасуда және облыстық полиция департаменті басшылығының қатаң бақылауында.

Жұмасейіт НҰРБАЕВ, Жамбыл ауданындағы «Байелі болыс» шаруа қожалығының басшысы:

– Парламент Мәжілісінің депутаты, жерлесіміз Ерболат Саурықов бүгінде қоғамды алаңдата бастаған аса өзекті мәселені орынды көтеріп, Үкімет басшысының бірінші орынбасары мен Бас прокурорға «Ауыл» партиясы фракциясы депутаттарының атынан сауал жолдауы өте орынды. Жалпы, жол-көлік оқиғасы әртүрлі жағдайда орын алып жатады. Жылқы мен ірі қара малының жол бойына шығып кетіп, жол-көлік оқиғасын туғызатынын әлеуметтік желіде талай көтердім. Алайда, бірде-бір құзырлы органдар «кері байланысқа» шыққан жоқ. Әншейінде лағы жоғалса, полицияға арызданатын адамдар жылқысы жайрап жатса да үнсіз қалады. Сырға салынбаған, таңбаланбаған соң, жол-көлік оқиғасын туындатқан малдың иесі анықталмайды. Былтыр осындай оқиғадан адам өлімі де болды. Ал, биыл Ақбастау ауылдық округі аумағындағы жолға шығып кетіп, көлікке соқтығысқан жылқының өлексесін әлдебіреулер алып кеткен. Оны қайда апарды? Бәлкім, толып жатқан шұжық цехтарының бірінен бір-ақ шыққан шығар, оны ешкім білмейді.

Малдың көлікке соқтығысуы көбіне түн мезгілінде болады. Әсіресе, жол бойында жайылып жүрген жылқы малы жарыққа қарай атып шығып жатады. Бұл жерде жүргізушіге де аса қырағылық қажет. Түн мезгілінде мал жүретін маңда жылдамдықты бәсеңдетіп өтпесе, қауіп табан астында. Жүргізуші немесе жолаушы дін аман болғанымен, көлік бүлінеді. Иесі табылмаған соң, оны жөндеу шығынын кімнен өндіресің.

PS: Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары мен облысқа белгілі фермердің пікірі осындай. Подполковник пен шаруаның айтқанына қосарымыз – Тараз қаласының даңғыл мен көше бойларында да жүргіншілер қаза тауып, мертігіп жататындығы ғана. Автокөлік тізгіндегендермен қатар, жүргіншілерге де аса қырағылық қажет. Жүргіншілер арнайы белгіленген жермен ғана өтуі керек. Көлік нөпірі бір басылмайтын Төле би даңғылы бойының кез келген жерінен үлкен де, кіші де ары-бері кесіп өтіп жатады. Әсіресе, Диагностикалық орталық пен Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясының аралығы рөлде отырған әрбір жүргізуші үшін «қауіпті жер» саналады. Осы тұстағы аспалы көпірмен өтетіндер некен-саяқ. Бүкіл жолды, қала ішіндегі даңғыл немесе көше бойларындағы қозғалысты бақылауға жол-патрульдік полициясы қызметкерлері қайдан жетеді? Ендігі үміт – Үкімет пен Бас прокуратурада.

 

Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support