Ет бағасы бағынбай барады
Ертеден мал шаруашылығымен айналысып, төрт түліктің пайдасын, денсаулыққа шипалы қасиетін білген бабалардың ұрпағы қазір де қазанын етсіз аспайды. Тіпті, ел ішінде «Қазақ пен қасқыр етсіз тұра алмайды» деген қалжың да қалыптасқан. Яғни, біздің елде ет – күнделікті тұтынылатын тағамдардың бірі. Сондықтан ба, өзге тағамдарға қарағанда еттің бағасы жиі қымбаттайды. Елімізде малдың барлық түрінің өсімі байқалады, бірақ ет бағасын әлі де бағындыра алмай жүрміз. Статистикалық деректерге сүйенсек, биыл ет және ет өнімдерінің бағасы өткен жылмен салыстырғанда 8,6 пайызға жоғарылаған. Ал, журналистердің биылғы қыркүйектегі зерттеуі бойынша ет бір жылда 11,2 пайызға қымбаттаған. Яғни, бір айда 0,3 пайызға жоғарылапты. Елімізде ең көп қымбаттаған өңір Астана қаласы болса, екінші орында Алматы, содан соң Солтүстік Қазақстан облысы. Ал, бағаның ең аз өсімі Түркістан облысында тіркелген. Біздің облыста ауылдар да қазіргі уақытта жылқы еті 2600 бен 3000 теңге аралығында, сиыр еті 2500-2800 теңге, қой еті 2600 теңгеден саудалануда.
Ал, Тараз қаласында «Фиркан» дүкенінде қой еті 2850 теңге, сиыр еті 2700 теңге, жылқы еті 3380 теңге, қазы 4200 теңге, бауыр 1500 теңге деп тұр.
– Көбіне жылқы етін аламыз. Ауылда, яғни Жуалы ауданында тұратын ағам өз қорасына жылқы байлап, туыстармен бірігіп сойып аламыз. Негізінен етті сол ағамнан аламын, сенімді әрі бағасын да нарықтан арзандатып береді. Ішіп- жейтін ас-суымызды сенімді адамнан алуға тырысамыз ғой, әрине. Өз ағам болған соң килограмын 2600 теңгеден алып жүрмін. Ал, енді Тараздағы шағын базарларда орналасқан ет дүкендерінен жылқы етін 3000, сиыр етін 2800- 3000 теңгеден сатылымға қойғандарын көріп жүрмін.
Негізі басқа азық-түлікке қарағанда, ет бағасы өте жылдам қымбаттайтынын байқап жүрміз, – дейді Гүлнара Тұрсынбекқызы.
Ет бағасын зерделеу барысында Аса ауылының тұрғынын жолықтырдық.
– Өткен сәуір айында ғана сиыр етінің килограмын 2100 теңгеден алып едік, қазір 2800 теңгеге алып отырмыз. Енді қыс басталарда соғым уақыты деп тағы қымбаттатады. Бұған бір тоқтам болуы керек қой. Етсіз тамақ жасай алмайсың, барлық ыстық асқа ет қосылады. Бағаны бақылауда ұстайтын мүмкіндік болмағаны ма? – дейді Құралай Ерболқызы.
Кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламамен жеңілдетілген несие алып, ет бағытында мал өсірумен айналысып жүрген жас кәсіпкер Елдар Боранбектен де бұл шаруаның мән-жайын сұрадық.
– Бала күнімнен аталарымның үйде мал бордақылап, соғым сойып, туыстар арасында қолжетімді бағада саудалайтын істі көріп өскенмін. Ата, әкемнің қасында жүріп, мал шаруашылығына қанық болып өстім. Оқуға түсіп, студент болып жүргенімде де бір-екі бастан мал бордақылайтынбыз. Енді Президенттің тапсырмасымен кәсіп бастауға ниетті жастарға берілетін 2,5 пайыздық несиені алып, өзім осы кәсіппен айналысып жүрмін. Көбіне тұтынушыларымыз Алматы қаласынан кездесіп жатады, мысалы бір жылқы сойсам, жартысы Алматыға кетеді. Ол жақтағылар «Тараздың еті дәмді болады» деп осы жақтан тапсырыспен алдыртады. Ал, еттің бағасын қойғанда бұрынғының жолымен малдың басын бағалаймыз. Яғни, сатып алған соманы және оны баққанда берілген жем-шөбінің ақысын қосып, шығымына қарай есептейміз. Мысалы, бір жылқыны 700-750 мың теңгеге сатып аламын. Көбіне 5-6 жасар биелерді бордақылаймыз. Үш айдай бағамыз. Жазда қораға кіргізілген жылқыларды тамыз айының соңына дейін сойып, енді екі-үш бас қалды. Бағатын малға жемді әркім әрқалай береді. Біз басында тартылған бидайдың өзін бердік, қазір қара ұнға кебек араластырып, қызылша қосып жемдеп жүрміз. Қант қызылшасы малды жақсы семіртеді әрі етін де дәмді етеді. Осыдан екі жыл бұрын жылқы етінің бағасы 2400-2500 еді, мен әлі де бағаны сол шамада ұстап тұрмын. Жоғарыда айтқанымдай сойылатын жылқының басын бағалап, еттің келісін 2500 теңгеден беріп жүрмін, – дейді жас кәсіпкер Елдар.
Бәлкім, мемлекеттің қолдауымен жеке кәсібін бастаған Елдар секілді шаруалар өзі баққан малының етін нарыққа қарап, халықтың жағдайымен санасып, саудалайтын болар. Бірақ, қалалық тұрғындар үшін қолжетімді бағаның ауылы әзірге алыс боп тұр.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді