«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шу – тоғыз жолдың торабы

Шу – тоғыз  жолдың торабы
ашық дереккөз
Шу – тоғыз жолдың торабы

Тарихқа көз жүгіртсек, Алматы темір жолын электрлендіру 1984 жылы Мойынты – Шу бағыты бойынша басталған. Шу темір жол бөлімшесінің алғашқы электрлендірілген Мойынты – Сарышаған учаскесі 1985 жылы маусымда іске қосылса, 1988 жылы 30 қарашада электровоз Шу торапты стансасына солтүстік жағынан кірді.

17 18Ал, 1995 жылы 4 қаңтарда ТрансҚазақстан темір жол магистралінің Луговой – Шу телімін электрлендіру аяқталған болатын. Облыс үшін ғана емес, ел бойынша елеулі оқиғаға баланған сол тарихи сәтке Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп қатысқан еді. Осыдан жиырма жыл бұрын Елбасы «Ұлы Жібек жолы болат магистралі арқылы қайта жаңғырып, осы арқылы Қазақстан Тынық мұхитта Еуропа елдеріне жететін трансконтиненттік темір жол желісіне қосылып отыр» деп, бұл желінің еліміздің болашақ экономикасына үлкен серпін беріп, зор пайда әкелетінін айтып өткен болатын.

Кеше Шу қаласындағы Шу темір жол бекетінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Жамбыл жол бөлімшесі Шу-Луговой теміржол бөлігін электрификациялаудың 20 жылдығына орай митингі өтіп, онда айтулы оқиғаға деген құрмет ретінде мемориалды белгі ашылды. Оған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, Жамбыл жол бөлімшесінің басшысы Дәулетбай Есімбеков және Нығметжан Есенғарин, Амангелді Омаров, Қалтай Сәмбетов сынды бірқатар еліміздің темір жол саласына елеулі еңбек еткен ардагерлер қатысты.

Салтанатты жиында Алматы темір жол бөлімшесінің бас инженері болып қызмет атқарған еңбек ардагері Еркін Қарабаев болат жолдың бойындағы қызығы мен шыжығы мол тіршіліктің сол кездегі жағдайы жайлы сөз қозғады. – Осыдан жиырма жыл бұрын осы жерде құрлықтың электрлендірілген солтүстік және оңтүстік темір жол желісі түйісті деп айтуға болады. Себебі, Өзбекстан осы Шу темір жол бөлімшесі арқылы Ресеймен байланыс орнатты. Ол кездегі қиындықтарды айтпасам да бәріңіз біліп отырсыздар, бірақ сол қиындыққа қарамастан бұл темір жол бөлігі Елбасы ашқан алғашқы нысан болды. Сол күнге жету үшін мамандар айлап жалақы алмаса да бар күш-қайратын сарп етіп, уақытпен санаспай еңбек етті. Нәтижесінде соңы үлкен мерекеге айналды, – деген ол шараға қатысушыларды бұл мерекемен құттықтады. Одан кейін сөз алған Қазақстан Республикасы темір жол саласына еңбек сіңірген қызметкер, Құрметті теміржолшы Қалтай Сәмбетов те Шу бекетінің осы алаңында өткен 1995 жылдың 4 қаңтарындағы салтанатты митингіге ой жүгіртіп, бұл саланың өркендеуіне үлкен үлестерін қосқан сала ардагерлерінің есімін зор мақтанышпен атап өтті. – Берілген тапсырмаға орай тіршілігіміз де тиянақты болды. Маңызы өте зор жоба уақтылы аяқталды. Елбасының қолдауы мен қамқорлығының арқасында бұл жоба дер кезінде, қажет кезінде қолға алынған құрылыс болды. Бүгінгі ашылып отырған мемориалды белгі темір жолдың дамуына қосқан мінсіз адал және елеулі еңбектерге, үлкен жұмыстарға, табыстарға деген алғыс белгісі деп білеміз, – деді. Ал электрлендірілгеніне жиырма жыл толып отырған Луговой – Шу темір жол бөлігіне арналған мемориалды белгіні облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен Нығметжан Есенғарин, Еркін Қарабаев сынды темір жол саласының ардагерлері ашты. «Синема парк» кинотеатрында өткен салтанатты жиында Шу темір жол бекетінде Елбасының қатысуымен өткен оқиғалардың бейнетаспалары көрсетіліп, облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев сөз сөйледі. – Ел мен елді, қала мен ауылды байланыстырып отырған жол қатынасының ел экономикасы үшін қашанда маңызы зор. Ал, осы қатынастың басым бөлігін қамтып, ауыр жүгін арқалап отырған темір жол саласы екені баршаға мәлім. Сонау 60-шы жылдары паровоздың орнын алмастырған тепловоздарға таң-тамаша қарасақ, бүгіндері жүйткіген электр пойыздарға қол жеткізіп отырмыз. Ұлттық темір жол саласы бүгінгі күні ел экономикасының локомотивіне айналды. Міне, сондықтан да еліміздің темір жол тарихында, тоғыз жолдың торабындағы Шу өңірінің де өзіндік ерекше орны бар. Бүгінгі салтанаттың орны айрықша деп есептеймін. Өйткені, Шу қаласының әрбір тұрғыны темір жолдың дүрсілін жөргегінде естіп өссе, халықтың 70 пайызының еңбек жолы осы темір жол саласымен байланысты. Мен үшін теміржолшыларды бүгінгідей айтулы мерекемен құттықтау – аса қадірлі іс. Өйткені мен осы салада талай жыл өздеріңізбен бірге тығыз жұмыс істедім. Өткен жылы ғана Қазақстан темір жолына 110 жыл толды. Осы жылдар ішінде еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін жалғастырып тұрған, Әулиеата өңірі тіршілігінің «күре тамыры» болған электрлендірілген болат жолының берекесі кіріп, даңқы арта түсті, – деді аймақ басшысы. Жиын соңында облыс әкімі бірқатар темір жол ардагерлері мен қызметкерлеріне Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын, арнайы төс белгілері мен бағалы сыйлықтарын тапсырды. Ал, 1951 жылы Шуға алғашқы тепловозды жүргізіп келген еңбек ардагері, Құрметті теміржолшы, бүгінде тоқсанға толып отырған Әбу Әжмағанбетов ақсақалға шапан жапты. Сонымен қатар, тағы бірнеше азамат «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Жиын соңында облыстық филармонияның өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынды.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ рысмахан

Ұқсас жаңалықтар