- Advertisement -

Медицина саласында серпіліс бар

35

- Advertisement -

Адам өмірі мен денсаулығы еліміздегі ең басты капитал болғандықтан, оның ғұмырын ұзартып, тұрмыс салтының сапасын сақтау бағытында елімізде түрлі ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Жолдауында ұлт саулығын қорғау мәселесіне айрықша мән беруде.

Былтыр облысымызға 106 дәрігер қажет болған болса, биыл бұл сан 80-ге төмендеді. Кадр тапшылығын шешу бойынша жергілікті атқарушы органның грантымен С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде жалпы медицина мамандығы бойынша 42 студент оқиды. Аталған университетте білім алып, облыстың мемлекеттік медициналық ұйымдарында 5 жыл жұмыс істеу міндеттемесімен өткен жылы 16, осы жылы 19 дәрігер жұмысқа келген.

– Бүгінде облыстағы 341 бастапқы медициналық-санитарлық көмек және 38 ауруханада 15 726 медициналық қызметкер жұмыс істейді. Республикалық бюджеттен өңірге 91 маман дайындалса, жалпы алғанда 101 жас маман жұмысқа келген. Ал, жас мамандарды тұрақтандыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен 800 мың теңге көлемінде ақшалай көтерме қарастырылған. Тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада бюджеттік несиені 9 жас маман алды. Сонымен қатар, республикалық бюджет есебінен 100 айлық есептік көрсеткішпен тең сомада көтерме жәрдемақыны 38 жас маман алды. Аудандық әкімдік тарапынан 6 жас маман қызметтік пәтермен қамтамасыз етіліп, 2 жас маманға бір жылға жалдамалы пәтердің қаражаты берілді. Коммуналдық қызмет төлемдері 27 маманға төленді. Биыл 1 қаңтардан денсаулық сақтау ұйымдарындағы 11 896 медициналық қызметкерлердің, оның ішінде 3 248 дәрігердің жалақысы орта есеппен 30 пайызға, 8 648 орта медицина өкілінің жалақысы орташа есеппен 20 пайызға ұлғайды. Дәрігердің айлығы орта есеппен 453 427 теңгеден 589 455 теңгеге өсіп, орта медициналық буын персоналының айлығы 204 000-нан 244 800 теңгеге көтерілді, – деді брифинг барысында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова.

Материалдық базаны нығайту бойынша 3 жылға 3,2 миллиард теңгеге 45 дана медициналық құрал-жабдықтар сатып алынады. Ал, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдар аралығында облыста 30 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде, 10 нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.

Сондай-ақ, жиын барысында бүгінгі таңда өршіп тұрған қызылша ауруы, оның алдын алу мен сақтану мәселесі туралы да сөз қозғалды. Облыста аталған ауруға қатысты 2398 жағдай тіркелген. Оның 80 пайызы дер кезінде екпе алмағандықтан, орын алғаны анықталған. Ал, 13 пайызы ауыр халде ауруханаға түскен.

– Қызылша – ми, өкпе, жүрек сияқты негізгі органдарды зақымдап, ауруды асқындырады. Қазір науқастардың ішінде 2-ден 6 жасқа дейінгі балалар саны көп кездеседі. Бұл ауру жеңіл, орташа және ауыр түрі деп 3 кезеңге бөлінеді. Жеңіл түрдегі науқастарды аймақтық дәрігерлердің қадағалауымен үй жағдайында емдеуге болады. Орташа жағдайда науқастанғандар күндізгі стационарда емделуге тиіс. Ауыр жағдайдағы науқастар ауруханаға жатады. Облыстық балалар ауруханасы, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы мен Байзақ, Жуалы аудандарынан және Мырзатай реабилитациялық орталығынан 325 орын бекітіліп отыр. Одан бөлек, әрбір ауданда 25-20 төсектік инфекциялық бөлімдер бар. Вакцина қоры облысымызға жеткілікті. Қазіргі таңда резервте 15 мың вакцина тұр. Желтоқсан айының соңына дейін 6500 вакцина келеді деп жоспарласақ, келесі жылдың қаңтар айынан бастап, тағы 98 мың вакцина келеді деп күтілуде, – деп түсіндірген Жанар Мықтыбекқызы бұл мәселе бақылауда екенін айтты.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support