- Advertisement -

Ұрпақ саулығы — ұлт байлығы

59

- Advertisement -

Аймағымызда өскелең ұрпақтың саулығына орасан пайдасын тигізер орталық жұмысын бастады. «Ерте араласу орталығы» медициналық, әлеуметтік және педагогикалық сынды үш бағытта жұмыс істейді. Мұнда жыл сайын 3 жасқа дейінгі 600 бала кешенді оңалту көмегін алады. Озық үлгідегі емдік құралдармен жабдықталған орталық «Қазақстан халқына» қорымен «Самұрық- Қазына» АҚ компаниялар тобының операторы – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржылай демеушілігімен «Қамқорлық» жобасы аясында ашылды.

Бүгінде облысымызда 3 жасқа дейін 96953 бала бар. Оның 970-і орталық жүйке жүйесінің аурушаңдығына байланысты диспансерлік есепте тұр. Бұл орталық осындай балалар арасындағы мүгедектіктің алдын алады.

– «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры мен «Қазақстан халқына» қоры бірігіп, еліміз бойынша осындай 33 жобаны іске асырды. Бұл жобалар облыстың әлеуметтік саласының дамуына серпін береді. Сәбиге уақытында, дер кезінде медициналық көмек көрсету оның болашағы мен ата-анасы үшін өте маңызды. Тәжірибелі мамандардың көмегімен уақтылы ем алу нәтиже беретіні сөзсіз. Орталық мамандары әрбір нәрестемен жеке айналысып, қоғамға бейімдеу бағытында шынайылық пен жанашырлықтың үлгісін көрсетеді деген сенімдемін, – деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.

Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде нәрестелердің денсаулығындағы мүкістердің 70-80 пайызы бір жасқа дейін анықталып, дер кезінде емделеді. Олар балалардың дамуына ерте араласу әдісінің соңғы жетістіктерін пайдалана отырып, нәрестенің денсаулығындағы ақауларын барынша ерте анықтап, сауықтыру мүмкіндіктерін талқылайды. Бір жасқа дейін бала өте қарқынды дамиды. Сондықтан, табиғи мүмкіндіктердің есебінен денсаулықтағы қандай да бір ақаудың баланың жалпы дамуына әсерін барынша азайтуға болады. Ерте араласу әдісі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметке бейімделуіне де үлкен әсер етеді.

Орталық 30 төсектік және 50 күндізгі орынға арналған. Мұнда сауықтыру жүзу бассейні, жаттығу залы, тұзбен емдеу аппараттары, аудиограмма, логопед, дефектолог, психолог секілді бөлімдер жұмыс атқарады.

 

Гүлжан РАХМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support