- Advertisement -

Балаңызға қандай есім қойып жүрсіз?

52

- Advertisement -

Исламда әке-шешенің баласы алдындағы үш міндетінің бірі – мәнді, мағыналы есім қою. Ғалымдардың дәлелдеуі бойынша, адамның қандай болып қалыптасуына жақсы есім қоюдың 80 пайыз әсері бар екен.

Адамның есімінің көркем, мағыналы болуы маңызды. Мысалы, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесінде: «Менің атым – Қожа. Балалардың бәрі «Қара көже» деп мысқылдайды. Шіркін, балаға ат қойғанда өзіне таңдау беретін болса», деп Қожаның қиялдайтын жері бар. Бұған қарап, сол кеңестік кезеңде де адамға есім қоюдың жауапты болғанын, жазушы оның өзекті мәселе екенін шығармасына осылай сыналап енгізгенін байқау қиын емес.

Ұл-қыздарымызға жақсылыққа балап, әйгілі ақын-жазушыларымыз бен батырларымыздың, отбасының ғана емес, бүкіл бір рулы елдің анасына айналған ақжаулықтыларымыз бен ақмаңдай аруларымыздың есімдерін еншілесек, қандай ғанибет.

Мәселен, облысымыздың қадірлі азаматы Қасымхан Төлендиев: «Есімімді үлкен сыйлы кісілер «Қасым хан секілді ел басқарған, құрметті болсын деп, Қасымхан қойыпты. Сол тілек орындалған секілді», – дейді. Ал, бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпеков отбасында бесінші бала екенін, есімін анасы қойғандығын, өзіне ұнайтынын айтты. Белгілі кәсіпкер, облыстық «Іскер әйелдер» қауымдастығының төрағасы Меруерт Лештаева: «Мен туған жылдары Меруерт Өтекешова «Қыз Жібек» фильмінде Жібекті ойнап, елдің ықыласына бөленген. Сондай құрметті, танымал болсын деп әулеттің үлкендері есімімді Меруерт деп қойыпты. Сол кісілердің сенімі ақталды деп ойлаймын», – дейді.

Сондай-ақ, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Балабек Нарбаев: «Нағашы жағымда Балабек деген кісі соғысқа ел қорғауға аттанып оралмаған екен. Сол кісінің есімі жаңғырып жүрсін деп, менің есімімді Балабек қойған екен», – дейді.

Жақында бір тойда асаба қонақтарды той төріне шақырып: «Кемпірбай, Мияугүл, Пиязбек» деген есімдерді атады. Бұл ғана емес, Қашқын, Қамысбай, Съезд, Сайлау, Жыңғыл, Қоянбек, Қырықбай, Өлмес, Өгізбай, Қилыш, Центрбек, Ақшабай, Теңгекүл деген есімдер де бар.

Мұнан бөлек, уақыт кезеңіне байланған Аудан, Совхозбек, Жигули, Қырман,Оразбай, Қауынбай, Жауынбай деген есімдер бізге аса жауапкершілікпен қойылмағандай көрінеді.

Соңғы кезде араб тілінен енген есімдерді қоюға үйір болдық. Ислам, Әбдірахым, Рахым, Салих, Ибраһим деп қоюға бет алдық.

Біз бұл орайда Тараз қалалық «Әулиеата» мешітінің бас имамы Ержан Аманбаевтың да пікірін білген едік. Ол: «Мұхаммед Пайғамбарымыз балаға ат қойсаңдар, көркем және жақсы есім қойыңдар деген. Алла елшісі Әбдірахым, Әбдірахман, Халид деген атауларды өте жақсы есімдер қатарына қосқан. Олардың қазақша атауы «Алланың есімі», «Алланың атауы» деген жақсы мағына береді. Бұл тұста мағынасы әсерлі қазақы есімдерді жаңғыртқан өте жақсы. Бастысы – адам перзентіне жақсы есім қоюға мән бергені дұрыс», – деді.

Демек, кісінің есімінің көркем және әсерлі болуы өте маңызды. Қазір қойылмаса да кезінде Шылғаубай, Шұлық, Ұят деген есімдер де қойылып келді. Адамға өмір бойы серік болғандықтан кісіге ат қойғанда мың ойланып, жүз толғанғанымыз жөн.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support