Кісі кім, кісәпір кім ?
Саудагерлер туралы сөз көп. Көпке топырақ шашу – қиянат, әрине. Бірақ, бала-шағаның қамы деп жүріп, еш шімірікпестен өтірік айтып, пайда тауып жүргендер баршылық. Ислам дінінде Пайғамбарымыз с.ғ.с: «Аманатшыл және шыншыл саудагер пайғамбарлар, сыддықтар және шейіттермен бірге», – деген екен. Яғни, бұл дегеніңіз саудагер өз кәсібін адал жасаумен қоғамның әлеуметтік өсіп-жетілуіне өзіндік үлесін қосады. Ал, бүгінде керісінше, халықтың аса мұқтаж тауарының бағасын аспандата көтеріп немесе сапасы төмен заттарды қымбат бағаға сатып жүргендер әділетсіздік пен абыройсыздыққа жол ашып жүр.
Тұтынушылардың құқығы қалай қорғалуда?
Бүгінгі таңда, ішкі нарықта Мемлекет басшысының қойған басты міндеті азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда осы мәселенің қауіпсіздігі қалай қорғалып келеді? Тұтынушылардың шағымдары қалай қаралып жатыр? Осы мәселенің жай-жапсарын білу мақсатында облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне барған едік. Осы жылдың 9 айында департаментке 512 өтініш келіп түскен, бұл өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда 223- ке көбейіпті. Тұтынушылардың шағымдарының негізі бөлшек сауда саласында, одан кейін электрондық сауда және тұрмыстық қызмет көрсету саласы бойынша кездеседі екен. Өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда, үшінші орынды иеленген тұрмыстық қызмет көрсету саласындағы өтініштер саны басып озған. Бөлшек сауда бойынша түскен шағымдарда сапасыз тауарды 14 күнтізбелік күн ішінде қайтару мен айырбастаудан бас тарту басым болып тұрған көрінеді. Электрондық сауда саласында тұтынушыларды алдау фактілері байқалған. Ал, тұрмыстық қызмет көрсету саласында жиһаздың, сондай-ақ пластикалық терезелер мен есіктердің сапасыз өндірісі көп болып шыққан. – Департаментке келіп түскен өтініштердің жалпы санынан 323 өтініш толығымен қанағаттандырылды, бұл 67,8 пайызды құрайды. Тұтынушыларға 26,4 миллион теңге қайтарылды, 30 өтініш өз құзыреті бойынша басқа мемлекеттік органдарға жіберілді. 159 тұтынушы өз мәселелері бойынша түсініктеме алды. Облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті соңғы 9 айда тұтынушылардың өтініштері негізінде бизнес субъектілеріне жоспардан тыс 44 тексеру жүргізді. Нәтижесінде 31 бұзушылық анықталды. 30 құқықбұзушылық субъектілеріне ескерту түрінде әкімшілік жаза қолданылды. Түрлі мәселе бойынша салынған айыппұлдардың жалпы көлемі 158 700 теңгені құрайды, – деді департамент басшысының орынбасары Байқадам Дүйсенбаев. Сонымен қатар, Байқадам Еркінбекұлы аталған құзырлы мекеме өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша заңсыз бағаны көтеру фактілерімен күресу жұмыстарын тоқтаусыз атқарып келе жатқанын айтты.Арсыз саудагерде абырой болмайды
Айлакер саудагерде ешқандай бедел, абырой болмайды, керісінше, ісі кері кетіп, басы жарға тиіп, көбіне банкротқа ұшырап жатады. Ал, аманатқа қиянат жасаудан аулақ, жүректі саудагер өз тауарының кемшілігін жасырмайды. Алдап-сулап затын бүгін өткізіп жіберуге асықпай, қайта ертеңін ойлайды, тұтынушысын жоғалтпауды бірінші орынға қояды. Ақ-қарасын ажыратып айтып береді. Оның үстіне саудагерлер адамның келбеті мен сөзіне қарап-ақ тани алатын психологқа айналған. Адамшылығы басымдары тіпті мұқтаж кісіге кеңшілік жасап, берешек қарызының уақытын ұзартады, бағасын түсіреді. Ол мұнысынан ұтылмайды, керісінше, кеңдігіне орай олардың тұтынушысы ағыл-тегіл болады. Негізі сауда – берекесі мол кәсіп, біле білгенге пайдасы шаш-етектен. Ең бастысы, тауарын өтірік мақтап сатпаса, уәдесін бұзбаса және қиянат жасамаса болғаны. Жұрттың ақысын жеу, алдап-арбап, болмашыны өткізу, азық-түлік сату барысында таразыдан жеу, тиесілі ақысынан жоғары сату – ең үлкен күнәнің бірі. Сауданың өз ережесі, ішкі тәртібі мен қыр-сыры бар. Оны бұзған адам не табыс таба алмайды, не пайда түсіре алмайды. Бұл да бір адалдықты, ішкі есепке жүйріктікті талап ететін кәсіп. «Сауда – сақал сипағанша», «Базар барсаң бағыңнан» деп жатады қазақ. Бұл сөздің жаны бар, кейде өтпей қалған тауардың амалын тауып ақысына сатып жіберу үшін түрлі айла-тәсілді қолданатындар баршылық.Жеті рет өлшеп, бір рет кес
Базарда қулығын асырған айлакерлердің кесірінен алданып, қажетсіз тауар алып, одан басқа да түрлі жағдайға душар болғандардың әңгімесіне құлақ түрдік. Талас ауданы, Ақкөл ауылының тұрғыны Майра апай қызына қыстық күртеше алып береді. Үйіне барған соң қараса, оның жағасын бұрын кір шалғаны, яғни киілгені белгілі болған. Тіпті, жыртығы бар болып шығады. Алайда, олардың киімді қай жерден алғандары есінен шығып кеткен. Оның үстіне жол алыс болғандықтан, қыз шешесі екеуі әкесіне айтпай, өз аңқаулықтарынан көріп, үнсіз қалуды ұйғарған. Осындай ауыл қазағының ақкөңілдігін пайдаланатын сатушылар да жоқ емес. Оңғарбай Асылбектің 9 баласы бар. Бұл отбасы азық-түлік аларда үнемі қол таразысын өзімен бірге сөмкесіне салып жүретінін айтады. Олар бірде «Ауыл-Береке» базарынан шекер сатып алады да, сол жерден ұзамай-ақ өз таразысына шекерін тартып көреді. Саудагердің таразысына тартқызғанда 10 килограмм болған шекер өз таразысына салып тартқанда 8 жарым килограмм шыққан. Сол сәт сатушы жүгіріп келіп, жалынып-жалбарынып, ешкімге білдірмеуін өтінгенімен, сырттан бәрін бақылап, көріп тұрған тағы бір тұтынушы айғай салып, саудагердің ісін әшкерелепті. Сол сәт бүкіл азық-түлік сатып алушылар жата-жабысып өз тауарларын өлшетіпті. Осы тұста тұтынушылардың тауарының 70 пайызы таразыдан желінгені белгілі болған. Бірде 15 килограмм картоп сатып алдым. Көлемі ірісін таңдап салып жатқан жерімнен «мұнда дайыны бар» деп, алдын ала салынған қаптағы картошканы бетін ашып көрсетіп: «Міне, ірі әрі шірігі де жоқ» деп бетін аударыстырды. Сауда жасалды. Арада бірнеше күн өтті. Алайда, кейін қаптың түбі көрінгенде көлемі мен түсі сол картоптан аумайтын 5 тас шықты. Амалын тауып арам пиғылын асырып ақша табудың амалын жасап жүргендердің тірлігі бұл. Бірде саудагер жігітке тұрмысқа шыққан әпкем жылап отырды. Себебін сұрағанда: «Ешкінің етін «қойдікі» деп, май деп шандырды, алынғанына біраз болған тауарды «қазір келді, свежий» деп аңқау адамдарға өтірік айтудан шаршадым», дегені бар. Әсіресе, киім-кешек алуға барғанда, бір киімге ұстағаныңды көре қалса «Дәл осы киімді қызым киіп жүр. Үй-ішімізбен сатып алдық, ұзақ киіс берді, әлі киіп жүрміз», деп сатудың амалына көшеді. Дұрысы дұрыс қой, әркім өз қамын ойлайды делік, бірақ кей адамдар осындай әрекеттерден соң, қажеті жоқ болса да арбауға түсіп, сапасыз киімдерді қалай қымбат бағаға алып қойғанын білмей қалатындар бар. Мал азығын сатып алып, зардап шеккендер де жетерлік. Оған дәлел Facebook әлеуметтік желісінде Жұмасейіт Нұрбаев есімді азаматтың «Саудагерлер кебек орнына у сата ма?» деген жазбасы. Ол мал азығын сататын базардан кебек алып, сол «жемді» жеген малының арам қатқанын айтады. «Мал ашуы – жан ашуы» жалғыз мен емес, «кебек» жеп малы сеспей қатып жатқан шаруа, мұңын кімге айтарын білмейді. Базар, басқа да сауда орындары жекеменшік деп бетімен жіберсе, мал түгілі, сапасыз, бұзылған азық-түлік тауардан адам шығыны болмасын дейік. Құдай бетін аулақ қылсын, базардағы сауда осылай бетімен кете берсе ол да келеді. Бұл мәселеге заңдылықтың сақталуын қадағалайтын орган-прокуратура араласпаса, базардағы былықтың бетімен кеткені кеткен», депті ол өз жазбасында. Мұндайда «малым – арымның, арым – жанымның садағасы», деп жүрген қара халықтың күнкөріс қамына нұқсан келетіні анық. Қандай жағдай болмасын, көліктің бағасына көйлек алып жүрген табысы мол адамдар емес, мұндайда қарапайым жандардың ұтылатыны анық. Ірі тауар, үй, көлік сынды дүниелердің былығы да бір бөлек. Мұндай үлкен қаражатта қара халықты алдап, жымқырғандардың жөні бөлек. Көбі істі болып кетеді. Бір тістеп, екі асап, әупірімдеп, әр жерден жұлып-тартып жүріп күнелткендердің күні туып тұр. Құдалыққа дайындалып, немересінің тойына алтын алып жүрген жасы 70-тен асқан Базарбаевтар әулетінің ақсақалы Бәти ата мен Айғаным әжейге 2000 теңгелік сырғаны алыпсатарлар 200 мыңға сатып жібергені ақылға қонбайды. Мұндай кісілік емес, кісәпірлікті алаяқтыққа жатқызған жөн. Бірақ «Қазақпыз ғой», «Майда-шүйде үшін бет жыртыспайық», «Болмашыға бордай егілмейік», «Бала-шағасының қамымен істеді ғой» деген түсінік бізді жарға жығады. Бүгін бізді, ертең сізді алдайтын да осылар. Ең өкініштісі – олар кімді алдау керектігін жақсы біледі және қуанбаса өкінбейді. Осындайда «Жеті рет өлшеп, бір кесудің жөн екенін» ұғасың. Және де «Базар барсаң – бағыңнан» деген сөздің астарын терең түсінесің.Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді