Мотивациялық кітаптардың мәні қандай, пайдасы не?
«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана», – деген екен әйгілі жазушы Әбіш Кекілбаев. Өзіңді де, өзгені де тану үшін кітап керек дейтін болсақ, анығында, адамның адам атын қалыптастыру үшін ғылым мен білімді игеру қажет. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтан бастап бүкіл ағартушы, зиялыларымыз да осыған үндейді. Кітап оқу арқылы адамның жан дүниесі тазарып, әлемге, жанындағы адамдарға басқаша көзқараспен қарай бастайтынын, білім деңгейін жетілдіріп, мәселелерді ақыл көзімен саралай алатынын жақсы білеміз. Одан бөлек, мамандардың сөзінше, кітап оқу адамның шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, креативтілікке әкеледі және ойлау, есте сақтау қабілеттерін дамытады.
Ал, психологтардың айтуынша, кітапты үздіксіз оқу альцгеймер ауруының алдын алады екен. Яғни, кітап оқитын адамның ми белсенділігі жоғары болғандықтан, ми ауруына шалдықпайтынын айтады. Сонымен қатар, кітап оқу ішкі күйзелістен де арылтатын көрінеді.
Қазіргі таңда әлеуметтік желіде мотивациялық курстар мен өздерін «коуч, мотиватор» деп таныстыратын жандар көбейіп кетті. Оны былай қойғанда, бүгінде психологиялық және мотивациялық кітаптарға сұраныс жоғары болып отыр. Осындайда «Мотивациялық кітап пен мотивацияның өзі адамға қаншалықты керек? Сонда мотивациялық кітаптардың мәні неде? Бұл кітаптар көркем әдебиетті алмастыра ала ма?», деген сияқты заңды сұрақтар туындайды.
Бүгінгінің жастары «Абай жолын» толық оқымаған болса да, «Кемел адам», «Екінші болма», «Бай болудың жолы», «Бақытты әйел», «Богатый папа, бедный папа», «Қалай байдың әйелі болуға болады» деген сияқты кітаптарды толықтай оқып шыққандары күмәнсіз. Одан бөлек, күнделікті желіде насихатталып жатқан «Живи как миллионер, думай как миллионер» тұжырымдамасын дұрыс түсінбей, бір күндік өмір сүруді ұстаным санайтындары да бар. Бірақ, мұндай мотивациялық кітаптардың негіздемесі қазақтың біртуар жазушысы Абай Құнанбаев айтқандай: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап», деген сөздеріне сайып келеді.
Бүгінде кітап оқимын деген оқырманға мүмкіндік көп. Облыста кітапханалар да, кітап сататын дүкендер де баршылық. Мәселен, Тараз қаласындағы «Меломан» кітап дүкенінің кеңесшісі Мадина Ташболатованың сөзіне сүйенсек, дүкеннің бір сөресінде 40 шақты мотивациялық кітап қойылған. Бұл шетел авторларынан қазақ аудармашылары тәржімалаған аудармалар екен. Ал, қазақ авторларының онға жуық еңбегі сатылымға қойылған.
– Бізде орысша жазылған мотивациялық кітаптар көп сатылады. Ал, қазақ тіліне тұп- тура оригиналда жазылғандай етіп аударатын аудармашылар өте аз. Қазақ тілі – өте бай тіл дейтін болсақ, өкінішке қарай, кейбір аудармашылар шет тіліндегі мотивациялық кітаптарды сөзбе-сөз аударады. Сондықтан да болар, қазақ тіліндегі мұндай кітаптарға сұраныс аздау. Мысалы, Марғұлан Сейсенбайдың қазақша жазылған «Миссия выполнима» кітабы көбірек сатылады. Тағы бір айта кетерлігі, қазақ тілінде жазылған мотивациялық кітаптар орыс тіліндегі кітаптарға қарағанда қымбаттау. Бұл сол аударма жұмыстарының көп болғанына байланысты ма деп ойлаймын. Кітаптың бағасы 4 мыңнан басталып 7 мың теңге аралығын қамтиды. Одан бөлек, Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» кітабына сұраныс жоғары, – дейді Мадина.
Ал, «Kitapal» дүкенінің сатушысы Дәмегүл Байгелова дүкенде көбіне қазақша кітаптар сатылымға қойылатындықтан, оқырмандар кейбір дүкеннен таппаған қазақша кітаптарды осы дүкеннен табатынын айтады. «Біздің баспада орысшаға қарағанда қазақ тілінде жазылған кітаптар көп шығады. Ал, орыс тіліндегі кітаптарға сұраныс болса, тапсырыс берсе ғана сатылымға шығарамыз», дейді ол.
Одан бөлек, «Меломан» сауда желісінің сарапшылары қазақ әдебиетіне әрдайым сұраныс бар екенін айтады. Сонымен бірге, классикалық қазақ әдебиетінің туындылары әрқашан ең көп сатылатын 20 кітаптың қатарына кіреді екен.
Қазақ тіліндегі ең көп сатылатын кітаптардың тізіміне Абай Құнанбаевтың «Қара сөздері», одан кейін Қайрат Жолдыбайұлының тізімдегі екінші кітабы «Кемел адам» кітаптары енген. Бұл кітапта автор жан-жақты жетілген идеалды тұлғаның қасиеттері мен ерекшеліктерін ашып, оқырманды «идеалды тұлға» болуға шақырады. Иә. Сатылымда алдыңғы қатарда тұрған сұранысқа ие мотивациялық кітаптарды тізіп шықтық. Алайда, бұл кітаптардың пайдасы жоқ деп кесіп айтуға да болмайды. Пайдасы да, зияны да болуы әбден мүмкін ғой. Мәселен, әр адамның таным қабілеті әртүрлі. Кітапты оқи отырып, әркім оны әртүрлі қабылдауы мүмкін. Осыны да ескеріп қойғанымыз жөн болар. Сондықтан да, мақала жазу барысында мотивациялық кітап авторымен де, әдеби кітаптардың авторымен де тілдеспедік. Себебі, әркім өз позициясын жақтайды. Кім өзінің кітабын жаман десін?! Мен оқыған кейбір мотивациялық кітаптарда адамның өмірге деген құштарлығын ояту үшін, автор өзінің көлік апатына түсіп қол-аяғынан айырылғандығы туралы жазады. Сонымен бірге, ол қандай қиындықтар көргенін, бірақ тағдырдың тауқыметіне қарамастан барлық қиындықты жеңіп шығып, ақырында қалай бай адам болғандығын көрсетеді. Өмірдің мәні – байлықта еместігін түсінсек жөн болар еді дейсің осындайда. Одан бөлек, расымен біздің ата-бабаларымыз осы мотивациялық кітаптарсыз-ақ өмір жолын дұрыс арнаға бұра білді ғой, бала тәрбиесіне де жақсы көңіл бөлді емес пе, деген де ойға қаласың. Әрине, мотивациялық кітаптарды мүлде оқуға болмайды деуден аулақпыз. Бірақ, қандай автордың, қандай кітабын оқып отырғанымыз туралы жақсы білгеніміз дұрыс. Қайткенмен де, қазіргі таңда саны бар, сапасы жоқ әдеби кітаптар да, тақырыбымызға арқау еткен мотивациялық кітаптардың да санынан адам жаңылысады. Сондықтан, қандай кітап оқып жүргеніңізге назар аударыңыз, құрметті оқырман!
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді