Ноғайбай ауылдық округіндегі «Бөрілі» шаруа қожалығы – аудандағы асыл тұқымды «Еділбай» қойын өсіретін шаруашылықтар қатарында. Шаруа қожалығының төрағасы Бекмұрат Тәңірбергеновтің осыдан он шақты жыл бұрын небәрі екі жүз қоймен басталған тірлігі жанданып, бүгінде қарауындағы қой саны 4000 басқа жеткен. Бұл аудандағы осындай бағалы қойдың он пайызын құрайды. Оған қоса «Сыбаға» бағдарламасымен қазақтың ақ бас сиырын да біртіндеп 300 басқа жеткізді. Осындай асыл тұқымды мал түрлерін көбейтіп, өнімін сатқаны үшін қожалыққа биылдың өзінде ғана мемлекеттен жалпы 11 миллион теңгеден аса субсидия төленді.
...Соңғы жауған мол қардан қуатты «Джиптің» өзі әрең жол тауып келеді. Ырғайтының біріне-бірі мінгескен қырқалары тегіс ақ көрпесін қымтанып алыпты. Айнала ақ түнектен сай-сайдағы қоғалы қамыс пен беткейдегі тарбиған бұталар болмаса көзге ілігер қарайған аз көрінеді. Шаруашылықтың қыстауларына дейін әлі біраз жер. Бекмұрат рульді інісі Қайратқа беріп, өзі қасында айналаға көз тіктеп отыр.
– Кеше ғана жер қара еді, түнімен қар жауып тастады. Жауғанда да бір айлығы бірақ түсті, – деп қояды артқы орындықта отырған бізге бұрылып. – Мұндайда қой қолға қарайды. Жемшөбің жеткілікті болса ол қорқынышты емес. Ал сиыр, жылқы тәрізді аяқты малды қары жұқалтаң беткейлерге біруақ шығарып, жайған дұрыс. Айтса айтқандай, келесі бір кезеңді асқанда алдан бір табын сиыр көрінді. Жоғарыдан қарағанда аппақ дастарханға шашып жіберген бірер уыс тоқаштардай дерсің. Бір шетінде жүрген атшаң адам біздің көлікті танып, бермен бұрылды, ол осы шаруа қожалықтың сиыршысы Жұбаныш Оразбеков екен. Малшы бастығына қыстаудағы тірлік жайын баяндап жатыр. «Бәрі қалыпты, алаңдайтын ештеңе жоқ», дейді. – Қасқыр мазалаған жоқ па? – дедім мен шаруа қожалығының атауы «Бөрілі» екені есіме түсіп. – Жоқ әзірге, ал қасқыр шапқандай болса, соғып аламыз да терісін өткізіп, бір байып қалар едік,– дейді сиыршы күліп. Жалаңаш қыстауындағы үйлердің төбесі көрінгеннен бірнеше «алабайлар» абалай жортып, алдымыздан шықты. Тұрқы танадай бұл иттердің анша-мұнша «ит-құсқа» қорадан да, даладан да мал алдырмасы анық. Ал қыстау дегеніміз шағын бір ауылдай бар. Үйлер мен қоралар, дөңгелекті вагон үйшіктер, бір шетте біраз техника, маяланған шөп көзге түседі. Жұмыртқадай жұтынған малшы үйлерінің айналасы да тап-тұйнақтай етіп шарбақпен қоршалып, оның өзі әдемілеп сырланғанынан-ақ мұндағы жұрттың жинақылығы мен құнттылығы көрініп тұр. Істің ілгері басуы осындай ұқыптылықтан басталары белгілі. Шаруа қожалығының барлық малы осы маңдағы аралары бір-екі шақырымнан аспайтын төрт қыстауды еркін жайлап отыр екен. Мұнда асыл тұқымды мал өсіру 2000 жылдан басталды. Сол жылы Қарағанды облысынан «Еділбай» қойының қошқары, аналығы бар бес жүз басын сатып әкеліп, өсімге қойған екен. Ол мал өз төлінен көбейе келе бүгінде бес отарға айналды. Селекциялық асылдандыру жұмыстарын жүргізгені үшін қой басына мың жарым теңгеден субсидия төленетін болса, биылғысы төрт миллион теңгені құрапты. Жылдағы төлдің ұрғашыларын өсімге қалдырып, еркектерін бір жылдан соң семіртіп етке өткізу көзделген. Шаруа қожалығы биыл алғаш рет елу тоннаға жуық қой етін өткізді. Оны сатудан түскен табысы өз алдына, мемлекеттен ет өндіріп сатқаны үшін төрт миллион теңге субсидияны және иеленіп отыр. Енді қазан айынан бері алты жүз бас қой тағы да бордақыға қойылған. Келер жылдың ақпан айында одан да шаруашылық қазынасына қыруар қаржы құйылатын болады. Міне, осының өзінен-ақ, қой тұқымын асылдандыруды қожалықтың табыс көзіне айналдыра алғанын көруге болады. 2011 жылдан қожалық асыл тұқымды ірі қара өсіруді де қолға алған болатын. Бұл жерде мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасының шапағатымен 5 миллион теңге жеңілдікті несиеге ет бағытындағы қазақтың ақ бас сиыр тұқымынан 12 бұқа сатып әкеліп, селекциялық жұмыстарды бастады. Бұқалардың әрқайсысына 420 мың теңгеден төленген болса, оның әр басына 118 мың теңгеден субсидия ретінде қожалыққа қайтарылды. Бұл жерде де мал тұқымын асылдандырудың селекциялық жұмыстарын жүргізгені үшін әр малға 18 мың теңгеден есептеліп, барлығы 198 бас ірі қара үшін 3,5 миллион теңге субсидия төленді. Биылғы қазан айында бордақыға қойылған 50 бас өгізше де келер жылғы пайданың бір бөлігіне айналмақ. Мына орталық базда негізінен осы ірі қара мал бағылады. Бұған қоса, отыз шақты жылқы да бар. Осыншама қыруар жұмысты шаруа қожалығының басшысы Бекмұрат Тәңірбергеновтің өзі бас болып, шопаны, сиыршысы, бақташысы бар он бестей адам шыр айналдыруда. Ферма меңгерушісі Айдос Нарбаев, механизатор Жаннұр Досымжан, шопандар Бейсенбек Нарбаев, Нұрлан Тілепбергенов, сиыршы Жұбаныш Оразбеков және басқалары көп жылдан бері өз істерін тыңғылықты атқаруымен ортақ табысты тасытып жүргендер. Олардың жұмыс алаңы – 3,5 мың гектар жайылым және 300 гектар шабындық жерлер. Шаруа қожалығының төрт доңғалақты тракторлары, «КамАЗ» автокөлігі, шөп шапқыш, шөп тайлағыш тәрізді біраз ауыл шаруашылығы техникалары жылдап құралған. Малға шөпті өз күштерімен жеткілікті мөлшерде дайындап алады. Тек, жемді сатып алуға тура келетін. Енді Бекмұрат тәлімі жерден 80 гектар егістік иеленуге құжаттар дайындалып жатқанын айтты. Бұл келесі жылдан бастап жемдік астықты да өздері өсіріп дайындауына жол ашпақшы. Біз малшылардың тұрмыстық жағдайына да зер салған едік. Әр қыстауда электр жарығы самаладай нұр шашып тұр. Екеуінде мемлекеттік бағдарламамен орнатылған шағын күн электр стансасы болса, басқа қыстауларда бензинмен істейтін генераторлар қойылған екен. Теледидар, кір жуғыш машина жұмыс істейді. Малшы үйіне көмірмен жағылатын жылыту жүйесі жүргізіліпті. Орталық базда күнара монша жағылады. Жапан түздегі шалғай қыстау дейтін емес. Жазда дөңгелекті вагон үйлермен жайлауға көтеріледі. – Жағдайымыз жақсы, – дейді аға шопан Бейсенбек Нарбаевтың әйелі Зере апамыз. – Ет, сүтіміз тегін, айына елу мың теңгеден жалақымыз бар, оның үстіне әр малшы отбасына елу басқа дейін жекеменшік мал ұстауға рұқсат берілген. Жасыратыны жоқ, қаладағы балаларымызға дейін келген сайын бізден артынып-тартынып қайтады... Ал шаруашылық басшысы болса мал баққан соң оның өнімді еселеп беретін асыл тұқымдысын өсірудің артықшылығын осылай өз тәжірибесімен дәлелдеп келеді. – Қай істі қолға алсаң да шын ниетпен атқарған жөн, – дейді Бекмұрат. – Малдың асылын, ірісін өсір. Сосын, малшыларыңның ақысын жеме, бар жағдайын жаса, тұрмысына қарайлас. Сонда ісің әркез оңға басады. Оның үстіне қазір мемлекет те асыл тұқымды мал өсірушілерге кең мүмкіндіктер ашып қойды. ...Қалың қарлы қыр бөктерінде малды ауыл артта қалып барады. Түтіні будақтаған қыстау үйлері де, бізді әлгінде қарсы алғандағыдай тобымен шұбыра ілескен «алабайлар» да бір кезең асқан соң көзден таса болды.
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- Бүгін, 14:19
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді