«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Әкім қашанда халықтың мұң-мұқтажын біліп отыруы тиіс»

«Әкім қашанда халықтың мұң-мұқтажын біліп отыруы тиіс»
ашық дереккөз
«Әкім қашанда халықтың мұң-мұқтажын біліп отыруы тиіс»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Әкімдерді халық өзі сайлайтын болады, ол үшін Үкімет жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу керек» деген болатын. Ақордада аймақ басшыларымен кездесу барысында Мемлекет басшысы «Әкімдердің жұмысын нақты проблемаларды шешу нәтижелері бойынша бағалайтын боламын», деп әкімдердің қызметіне осылай баға беретінін айтты. Сонымен қатар, өзекті мәселелерді шешу жолында жаңа міндеттер қойды. Әсіресе, халықпен жақын болып, әлеуметтік желі арқылы олардың сұрақтарына жауап беруді міндеттеді. Яғни, ашықтық пен жариялылықты кеңінен насихаттап, жүйелі жұмыс жасауды тапсырды. Бүгінде ел Президентінің Үкіметке жүктеген тапсырмасы іс жүзінде орындалып, тұжырымдама заңды күшіне еніп, таяуда ғана Жалғас Мұртаза қарапайым халықтың қолдауымен Жуалы ауданының әкімі болып сайланды. Осыған орай, аудан әкімі Жалғас Мұртазамен сұхбаттасудың сәті түсіп, ауданның жай-күйі туралы, мақсат-міндеттері туралы ашық әңгіме өрбіткен едік. – Жалғас Әлижанұлы, мемлекеттік қызмет сізді несімен қызықтырды? Жазушы-публицист Шерхан Мұртаза тегі өміріңізге, мансабыңызға қандай әсерін тигізді? – Рақмет! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен пилоттық негізде өткізілген аудан әкімінің сайлауында жеңіске жетіп, Жуалы ауданының әкімі болып қайта сайландым. Ең біріншіден – зор сенім артып, дауыс берген аудан тұрғындарына рақмет айтамын және жауапкершілік жүгін сезіне отырып, сенім үдесінен шығуға бар күш-жігерімді жұмсайтын боламын. Ел Президентінің Әділетті мемлекет құру саясатын іске асыру, халықтың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жедел шешуге негізделген нақты міндеттерін басшылыққа ала отырып, осы міндеттерді аудан тұрғындарының қолдауымен жемісті жүзеге асырамыз деп ойлаймын. Жалпы, менің мемлекеттік қызметте жүргеніме он үш жылға жуық уақыт болды. Бұл мамандық өзімнің таңдауым және өзімді басқа саланың маманы ретінде елестете де алмаймын. Алғашқы еңбек жолымды Астана қаласында Қазақстан Республикасы құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінде сарапшы болып бастадым. Кейіннен, қаржылық жұмыс және бюджеттік жоспарлау департаментінің сарапшысы, бас сарапшы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөліміндегі облыс әкімінің бас инспекторы, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары, облыс әкімі аппаратының өңірлік бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық жұмысы бөлімінің басшысы қызметтерін атқардым. 2021 жылы облыс әкімдігінің туризм басқармасының басшысы лауазымына тағайындалдым. Шерхан атамның маған айтқан ақылының, көрегендігі мен тапқырлығының нәтижесінде көптеген жетістіктерге жеттім десем де болады. Мәселен, атамның жол көрсетуімен елордадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша оқып, үздік студенттердің қатарынан көрініп, алғашқы жылдары ақылы оқысам, кейіннен тынбай іздене оқудың арқасында грант негізіне ауысқан болатынмын. Шындығына келгенде, атамды шындықтың шырақшысы деп қадір тұтатын, сыйлайтын лауазымды тұлғалар да, қарапайым халық арасындағы азаматтар да көп болды. – «Көшбасшы болмаса, ел оңбайды», демей ме көреген халық. Әкім болу әр адамның ісі, халқына жақын болу нар адамның ісі. Халыққа қаншалықты жақынсыз? Осы уақыт аралығында қарапайым ауыл тұрғындарының қандай мәселелері шешілді, қай талаптары аяқсыз қалды? – Дұрыс айтасыз. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын негізге ала отырып, әр ауылдық округте, елді мекендерде халықпен ұдайы кездесу өткізіп отырамын. Әлеуметтік нысандарды аралап, халықтың мұң-мұқтажына құлақ түремін, ұсыныс-тілектеріне назар саламын. Жеке қабылдау да өткіземіз. Көбінде ауыл тұрғындары ауылішілік жолдарды жөндеу, интернет байланысының нашарлығын, көгілдір отыны жоқ елді мекендерге газ кіргізу мәселелерін көтеріп жатады. Мәселен, өткен жылы ауылішілік 21 көше жөнделсе, биыл 50 көшеге асфальт жамылғысы төселді. Сол секілді Билікөл ауылдық округінің тұрғындары да көбінде көгілдір отынның жайымен қайырылады. Тарқата айтсам, биыл алты елді мекенге жаңадан ауыз су жүйесі кіргізілген. Қазіргі уақытта 49 елді мекеннің 42-сі ауыз сумен толық қамтылып отыр. Ал, қалған ауыз сумен қамтылмаған жеті елді мекеннің екеуі, нақтырақ айтқанда Түктібай және Ақтөбе ауылдары бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, республикалық бюджетке облыс әкімдігінің энергетика басқармасы арқылы өтінім берілді. Сонымен қатар, халық саны аз Көктас, Қарасу, Амансай, Күркіреусу, Қазбастау елді мекендеріне ағымды жөндеу, яғни кешенді блок модульдерін орнату жұмыстары арқылы ауыз сумен толық қамтылатын болады. Аймақ бойынша 49 елді мекеннің 45-і табиғи газбен қамтылды. Ал, табиғи газбен қамтылмаған Билікөл ауылдық округіндегі төрт елді мекенге бөлінген тиісті қаржыға, яғни газ тарту жұмыстары бойынша жобалық-сметалық жобасы әзірленді. Одан бөлек, аудан шаруаларының жайылым жерлерін ұлғайту мақсатында 13 жер телімі мемлекеттік жер қорына қайтарылды. – Белгілі генералдар еліне басшылық қызметке келгеніңізге бір жарым жылға жуық уақыт болды. Ауданның жай-күйін жақсы білесіз деуге болады. Аймақта қай сала дамып, қай сала кенжелеп тұр? Жыл басынан бері «жыры» бітпеген, құрылыс жұмыстары тоқтап тұрған мәдениет үйлері және спорт кешені туралы не айтасыз? Алға қойған жоспарларыңызбен бөліссеңіз. – Жалпы, Жуалы – өңірдегі аграрлы аудандардың бірі. Бүгінде ауданда мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Одан бөлек, он сүт өңдеу цехымыз бар. Қазіргі таңда бұл өндіріс орындарынан шыққан өнімге шетелдерден де сұраныс көп түсуде. Мұның өзі жергілікті кәсіпкерлердің жеткен жетістігі дер едім. Кәсіпкерлік саласы да жылдан жылға кең етек жаюда. Биыл жеке кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша «Бастау Бизнес» жобасына қатысуға онлайн форматында өтінішпен жүгінген 518 адам болса, оның 359-ы оқуларын аяқтап, сертификат алды. Кәсіпкерлік бастамашылыққа әлеуметтік осал топтар қатарындағы 66 қатысушыға қайтарымсыз мемлекеттік грант, яғни жалпы сомасы 91 миллион 80 мың теңге қаражат берілді. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамытуға шағын несиелер 26 жас азаматқа «Агро несие корпорациясы» акционерлік қоғамына зерделенуге және мақұлдануға бизнес-жобалары мен құжаттары жолданып, барлығына 118 миллион теңге көлемінде несиелер берілді. Кенжелеп тұрған сала ретінде туризмді айтар едім. Өздеріңізге белгілі, Жуалы ауданының табиғатының кереметтігі сонша, тек еліміздің түкпір-түкпірінен келген ел азаматтарының ғана емес, шетелден келген туристердің де таңдайын қақтырады. Талас Алатауының, Ақсай мен Көксай тауларының жөні бір бөлек. Бүгінде Көксай демалыс аймағының жұмысы жанданып тұрғанымен, аймаққа апарар он сегіз шақырым жолдың жайы мәз болмай тұр. Одан бөлек, «Қаралма» тау-шаңғы базасының жұмысы да уақытша тоқтап тұр. Алайда, біз туризм саласын дамыту үшін инвестор тартып, аталған кемшіліктерді жоятын болсақ, аймақта туризм саласын жандандыруға болады. Бұл бағытты біз алдағы жоспарға енгіздік. Қайрат және Көлбастау ауылдарындағы 149 орындық мәдениет үйлерінің құрылысы және аудан орталығы саналатын Бауыржан Момышұлы ауылында салынып жатқан спорт кешенінің құрылыс жұмыстары уақытша тоқтап тұр. Неге десеңіз, мұндай жосықсыз проблемалар мердігер мекемелердің жауапсыздығының салдарынан орын алуда. Бірақ, алдағы уақытта бұл кемшіліктер толығымен жойылып, құрылыс нысандары белгіленген мерзімде халық игілігі үшін пайдалануға берілетін болады. Бұл істі толық бақылауға алдық және тиісті деңгейде шешіп жатырмыз. Алдағы уақытта «Жер аманаты» жобасы аясында 15 мың гектардан астам жайылымдық жерді қайтаруды, «Ауыл аманаты» жобасымен он үш ауылдық округті жеңілдетілген несиемен қамтуды және 59 инвестициялық жобаны, оның ішінде, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру жөніндегі жобаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз. – Ел басқару екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Сондықтан, осы бақты ұстап тұру, халыққа адал қызмет қылу әкімдерге үлкен сынақ. Сіздің ойыңызша, әкім қандай болуы керек? Жалпы, сіздің тарапыңызға айтылған сынды қалай қабылдайсыз? – Қазақта «Әкім бол, халқыңа жақын бол», деген сөз бекерге айтылмаған. Қарапайым халықпен жұмыс істейтіндер – әкімдер. Ал, әкім қашанда халықтың мұң-мұқтажын біліп, жоқ-жітігін түгендеп отыруы тиіс. Жұртшылық арасында «Әкім» сөзіндегі төрт әріп «әділдік, кішіпейілділік, іскерлік, мейірімділік» атты төрт ұғымды білдіреді деген пікір бар. Ауылдан облысқа дейінгі қолына билік тізгіні сеніп тапсырылған лауазым иелерінің бойларынан халық тап осындай тамаша қасиеттерді көргісі келеді. Қолдан келгенінше осы талаптардан шығуға барымды саламын, халыққа шын жанашырлықпен қараймын. Алайда, бүгінгі заманда ел басқару оңай емес, көпшіліктің бәрінің бірдей көңілінен шығу қиын. Бірақ, жаңа да айттым ғой, мемлекеттік қызметте жүргеніме он үш жылдай уақыт болды. Осы аралықта психолог болып та үлгереді екенсің. Жеке қабылдауға келген азаматтың айтып отырған мәселесіне қарап, шын мұқтаж болып отыр ма, әлде басқа нәрсені көздеп келді ме, бірден білуге болады. Мәселен, ауыл тұрғындарының күйін күйттеп келген сияқты болып көрінсе де, түпкі ойы өз басының қамы екенін білгенде қынжылып қаласың. Ауылдарды аралаған кезде, көлікті кез келген жерде тоқтатып көшеде кетіп бара жатқан тұрғындардың да мәселесіне құлақ түремін. Шерхан Мұртаза атамның ылғи айтып жүретін «Шалқайғанға шалқай, Пайғамбардың ұлы емес. Еңкейгенге еңкей, әкеңнен қалған құл емес», деген сөздерін ұстанамын. Даңқты қолбасшы, батыр Бауыржан Момышұлының «Сын айту үшін шын айт, шын айтпай сын айтпа» деген керемет сөздері бар. Егер менің тарапыма айтылып жатқан сын орынды болса түсіністік танытуға болады. – Аймақтағы он төрт ауылдық округтің тізгінін ұстап отырған ауыл әкімдерінің жұмысын қалай бағалайсыз? – Ең бірінші кезекте ауыл әкімдерінен жұмысқа деген жауапкершілікті басты орынға қоюды талап етемін. Ауылда қандай да бір мәселе шықса, ауыл әкімдерімен сарапқа сала отырып шешімін табуға тырысамыз. Одан бөлек, әр сейсенбі күні ауыл әкімдерімен, бөлім басшыларымен аппараттық кеңес өткізіліп, мұнда барлық жұмыстар жан-жақты талқыланады. Дер кезінде шешілмей тұрған мәселелер қаралады. Бүгінде ауыл әкімдерінің 90 пайызын жастар құрайды. «Жас келсе – іске» демекші, жастар қашанда түрлі идеямен, ауылға жаңа серпіліс әкелу жолында тынбай ізденіс үстінде жүреді. Бұл – қуантарлық жайт. – Талапты ауылындағы Шерхан Мұртазаның екіқабатты тұрғын үйі мемлекеттің меншігіне өтіп, жазушының атындағы әдеби-мемориалдық музей-үйіне айналғанын жақсы білеміз. Осы туралы кеңірек әңгіме өрбітсек. – Иә, өздеріңізге белгілі бұл үй атаның жекеменшік үйі болатын. Алайда, атамыз өмірден өткен соң, аты өшпесін, өскелең ұрпақ Шерхан Мұртазадай азаматты танып өссін деген ниетпен, үйін мұражайға айналдыруды жөн деп таптық. Сөйтіп, бұл үй облыстық Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану орталығының» меншігіне өтті. Өздеріңіз білесіздер, былтыр Шерхан Мұртазаның 90 жылдығы кең көлемде аталып өтілді. Бұған дейін біз аудандағы жеке кәсіпкерлерді тарта отырып, көріктендіру-көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, үй айналасын тазалап, үйге келер жолға асфальт жамылғысын төседік. Ал, мұражайдың ішкі әрлеу-сәндеу жұмыстарын толығымен аталған орталық іске асырды. Бүгінде бұл мұражайға тек аудан тұрғындары ғана емес, басқа да қалалардан, шетелдерден де туристер келіп қызығып, тамашалап жатады. Әрине, біз үшін бұл – мақтаныш. Демалушылар Көксай демалыс аймағына Талапты ауылы арқылы өтетінін жақсы білесіздер. Айтпағым, келушілер демалыс аймағына бару үшін де осы мұражайға соқпай өтпейтін болған. – Әңгімемізді Шерхан Мұртаза туралы естелікпен аяқтасақ. Ол кісі қандай адам еді? – Ол кісінің киім киісі, жүріс-тұрысы, мәдениеттілігі, өзіне жарасымды басына киген түрлі қалпақтары мені қызықтыра түсетін. Әр сөзіне мұқият құлақ түріп, тағы не айтар екен, деп ұйып тыңдап отыратынбыз. Алматыдан бізге хат жазып жіберетін. Ондағысы сауатты жазуды үйренсін дегені. Хаттың ішінде білімге қатысты және тағы да басқа түрлі сұрақтар болатын. Хатының соңына «хатқа бір аптаның ішінде жауап жазып, қайта салып жіберіңдер!» деп жазатын. Біз бауырларымызбен жауап жазуға асығатынбыз. Ата Ілияс інім екеумізді ылғи да қасында ертіп жүретін. Астанада жұмыс істеп жүрген күндердің бірінде атам маған қоңырау шалды. Ол кезде ата Тараз қаласында тұратын. «Әй, Жалғас, мені тастадың да, өзің кетіп қалдың?! Келсейші Таразға», деді. Телефонның ар жағынан даусы мұңлы естіліп, қанжардай сөздері жүрегімді шаншып өткендей әсер алдым. Ол кезде, атам сексеннің сеңгіріне шығып қалған. Атаның сөзін жерге тастамай, көп ұзамай Тараз қаласына жұмысымды ауыстырдым. Атаға күтуші жалдап, өзім көбінде жұмыста жүрдім. Кейіннен қызы – Алма әпкеміз атаны Алматы қаласына алып кетті... Шіркін, дүние-ай! Кеше ғана жайраңдап, Парламенттің төрінде, елдің сөзін рухты даусымен сөйлеп отырған, «Жако, айналайын» деп еркелеткен Шерхан атамыз 2018 жылы ауыр сырқаттан соң дүниеден өтті. Иә, ұшса – сұңқар, шапса – тұлпар болатын атамыз ең алдымен кісілік келбетіне кір жұқтырмаған парасат иесі болды. Бізде қолына қалам ұстап, елдің сөзін екі ауыз ойға сыйдыратын сақа журналистердің көбі «Шерхан ағамыздың шекпенінен шыққан шәкіртпіз» деп айтып жатады. Мұндайда көңілім бір марқайып қалады. Шерхан атадан топ ішінде тайсалмай сөйлеуді, айтар ойымды ашық жеткізуді үйреніп, бойымдағы жасықтықтан, енжарлықтан арылдым. Ол пендешіліктен, тойымсыздықтан бойын аулақ ұстайтын. Адамның артынан ғайбат сөз сөйлемейтін. Әрдайым кәлимасы аузында, иманы жүрегінде жүретін. Пендешіліктің емес, адамгершіліктің, адалдықтың ақ туын әрқашан жоғары ұстаған жан еді. Осы қасиеттерімен бізді имандылыққа, адамгершілікке, парасаттылыққа баулыды. Атамның жарқын күлкісі мен айбатты сөздері жадымнан ешқашан өшпейді. Ел өмірінде орны айрықша, қайталанбайтын тұлғалар болады. Өз заманының айбатты ағасы атанған қазақтың көркем сөзі мен көсем сөзін қоғамдық мінбеге көтеріп, ата-бабаларымыздың айбынды рухын қайта тірілтті. Ұрпақ санасын тәрбиеледі. Шындықтың шырақшысы болды. Артында асыл мұра, өшпес із қалдырды, Шерхан ата! Ол кісінің әрбір қимылы, әрбір сөзі біз үшін болашаққа бағдар, жігерімізді жанитын қамшы болды. Жатқан жері жәннат болсын! – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Мақпал СҮЙІНБАЙ.

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар