- Advertisement -

Жеті жоба жүзеге асып, жұмыс орны ашылады

31

- Advertisement -

Биыл облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 27 миллиард теңге бөлініп, бүгінде 10 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсетілген. Жыл басынан бері салада 498,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, оның ішінде егін шаруашылығына 317,9 миллиард теңгенің, мал шаруашылығында 180,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілген.

Ал, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 35,1 миллиард теңге инвестиция тартылса, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 3,5 миллиард теңге инвестиция салынған. Жоғары өнімге қол жеткізудің негізі ауыл шаруашылығы техникаларының жаңаруы десек, облыста жыл басынан бері 1 мың 543 дана техника алынып, 12,2 пайызға жаңартылған. Жалпы, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуды ынталандыру мақсатында мемлекеттік қолдау да жүзеге асырылып, техника алған агроқұрылымдар тарапынан түскен 550 өтінімге 1,8 миллиард теңге субсидия төленген. Қазіргі уақытта техникаларды жаңарту мен мемлекеттік қолдау шаралары жалғасын тауып келеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұржан Мұқашев мәлімдеді.

Оның сөзіне сүйенсек, осы жылы 57,3 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілсе, оның 38,9 мың гектарына тамшылатып, 18,3 мың гектарына жаңбырлатып суару технологиясы енгізілген. Аймақта ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнімнің 52 пайыздан астамы мал шаруашылығы саласына тиесілі дейтін болсақ, мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде салада өндірілген ет өнімдері 3,6 пайызға, сүт өнімдері 1,4 пайызға ұлғайған. Жыл басынан бері 1,6 мың тонна ет экспортталған. Одан бөлек, облыста мал басында да өсім бар. Қазіргі уақытта өңірдегі жалпы мал саны 4,5 миллион басты құраған.

– Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында шетелдерден 3,1 мың бас мүйізді ірі қара мал сатып алынса, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 26 мың бастан астам қой сатып алынды. Осының нәтижесінде облыстағы асыл тұқымды мүйізді ірі қара малының үлес салмағы 26 пайызды құраса, асыл тұқымды қойдың үлес салмағы 30 пайызды құрады. Одан бөлек, өңірде 160 кәсіпорын тұрақты жұмыс істеуде. Бұл кәсіпорындарда 2,3 мыңнан астам адам жұмыс орындарымен қамтылған. Соңғы 5 жылда 31 өңдеуші кәсіпорын іске қосылды. Сонымен қатар, аймақта биыл жалпы құны 8,6 миллиард теңгені құрайтын жеті жобаны жүзеге асырып, 159 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған, – дейді Нұржан Нұрланұлы.

Нұржан Нұрланұлының сөзінше, «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылған 24 ауылдық округте мал басы 26 пайызға, ет өндірісі 39 пайызға, сүт өндірісі 19 пайызға артқан. Соған сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 1 254 адамға қысқарған. Алдағы уақытта суармалы алқаптардың аумағын арттыру, заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу, асыл тұқымды мал санын арттыру, ақылды фермалар мен цифрландырылған өндіріс орындарын ашуға күш жұмсалмақ.

Жиын соңында Нұржан Мұқашев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қойған сұрақтарына жауап берді.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support