- Advertisement -

Желтоқсан куәгерлерінің жанайқайы

86

- Advertisement -

Тамыры түркіден рух суарған қасиетті қазақ еліне Тәңір тарту еткен Тәуелсіздік мерекесі де санаулы күндерден соң аталып өтілмек. Егемендік алып, етек- жеңіміз жиылған осынау уақыттың әр күні мерекеге айналып келеді. Шүкір, шежіресі шерге толы, тарихы тағдырлы еліміздің күнтізбесі дәл осы тәуелсіздік алғаннан кейін ғана мерекелерге тола бастады. Яғни, мәуелі мемлекетіміздегі әрбір мереке тәуелсіздіктен бастау алатыны уақыт дәлелдеген шындық. Десек те, сол тәуелсіздікті ақтық демі, тамшы тері, қасық қаны қалғанша жақындатып кеткен, осы күннің ертерек орын алуына тікелей себепші болған желтоқсаншылардың жайы-күйі әлі де жүрек ауыртады. Отанның азаттығы жолында алаңға бір ауданның халқындай болып шыққан оғландардың ішінде бір ауылдың жұртындай ғана топтың ақталуы, қалғанының ақ-қарасы әлі де ақтаңдақ күйінде жатқанының өзі қабырға қайыстырары сөзсіз. Неге?

 Мағынасын жоғалтқан марапат

Бодандықтан арылып, бостандыққа ұмтылып, болашаққа алаңдап бой көрсеткен, бас көтерген жанкешті желтоқсаншылардың басым көпшілігі әлі күнге ақталмағандықтан, қазіргі таңда оларға деген көзқарас та, түсінік те қақ жарылған.

– Еліміз тәуелсіздік алғалы бері сол азаттық жолында жанын қиған, желтоқсан оқиғасының құрбаны болған азамат ретінде біз тек Қайрат Рысқұлбековті ғана білеміз. Ал, оған «Халық Қаһарманы» атағын желтоқсан оқиғасының құрбаны деп берді. Кейін мұндайды естіген жоқпыз. Биыл желтоқсан оқиғасына 37 жыл толып отыр. Жылда осы күні мереке өтеді. Сонда әр мекемеде, ондағы мерекелік іс-шаралардағы Алғыс хаттарда «Тәуелсіздік күні мерекесімен марапатталады» деп жазылады. Ал, бірақ сол тәуелсіздік қайдан және қалай келді? Осы уақытқа дейін «тәуелсіздікке үлес қосқан азамат ретінде осы мерекеде марапатталады» дегенді әлі күнге естіген жоқпыз. Бұл жерде біз марапат сұраудан аулақпыз. Бұл сол желтоқсан қатысушыларының ортақ мұңы. Неге ондай болып кетті, неліктен сол күннің салмағы тасада қалып кетіп жатыр? Неліктен тікелей тәуелсіздікке қатысы бар, азаттық жолында өз үлесі бар азаматтар әлі күнге өз деңгейінде жете алмай жатыр? Біз сол үшін алаңдаймыз. 1991 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың желтоқсан оқиғасынан зардап шеккендерді ақтау туралы Жарлығы шықты. Бұл сол оқиға кезінде таяқ жеп, істі болып кеткендер ақталсын деген әңгіме. Енді сараптап қарасақ, республикалық жиындардан да әркім әр жерден ақталдым деген сөздерді жиі естиміз.

Қазір сол ақталғандар мен ақталмағандар деп желтоқсаншылар екіге бөлініп жатыр. Басты мәселенің бірі – сол бұйрықтың қазіргі уақытқа сай еместігінде болып тұр. Мейлі, желтоқсан кезіндегі бір Алматы қаласын, сол кездегі Брежнев алаңын айтайықшы, алаңға бас көтергендердің саны 55 мыңға жуық еді. Қазіргі мәліметке сүйенсек, бар ақталғандардың саны болжаммен 1117-ге ғана саяды. Бұл бүкіл Қазақстан бойынша көрсеткіш. Енді қазір сол ақталғандарды дәл сол алаңға жинайықшы, алаңның қанша жерін жамар екен. Қандай көрініс болар екен. Міне, әңгіме қайда жатыр. Бұл жерде бізге Үкімет тарапынан қолдау қажет. Сол бұйрықты қазір өзгертіп, мәселені көтеру қажет. Тіл мен тәуелсіздік үшін деп сол кезде алаңға шыққан, әлі күнге дейін ақталмаған желтоқсаншылардың көкейлерінде қазір «мен не жаздым» деген сұрақ жатқаны жасырын емес. Оның жазығы жоғарыда айтқан бұйрыққа сай оқиға кезінде басының жарылып, аяқ-қолының сынбағаны ма, ұсталмағаны ма, сотталмағаны ма, сол үшін желтоқсаншы бола алмайды ма сондай? Желтоқсаншылардың мәселесі толыққанды зерделенбегендіктен мерекелік марапаттардың да мазмұны жоғалып бара жатыр, – дейді облыстық «Желтоқсан ұшқыны» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Кеншінбеков.

ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАРДЫҢ ӘЛІ РЕСМИ СТАТУСЫ ЖОҚ

Жалпы, ел аумағында тағдыр тоғыстырған желтоқсаншылардың басын бір арнаға бұрған бірлестіктер аз емес. Бір Алматының өзінде жиырмаға жуық желтоқсаншылар бірлестігі жұмыс жасауда. Әулиеатада жуырда өз алдына «Желтоқсан ұшқыны» атты қоғамдық бірлестік құрылған болатын. Олардың айтуынша, ендігі таңда желтоқсаншылардың арнайы статусы болмай, ешқандай мәселе шешімін таппайды.

– Ең бастысы – желтоқсан көтерілісіне қатысушылар статусын алуымыз керек. Сонда ғана толық ақтау процесі қолға алынар еді. Көп жерде жастармен кездесулерде боламыз. Сол кездегі тәуелсіздікке деген рух бізде әлі бар. Осындай мәселелердің аражігін ашып беру мақсатында бірлестігіміз құрылғалы бері жастармен тығыз жұмыс жасап келе жатырмыз. Жастарға бағыт-бағдар берсек, солардың отансүйгіштік рухтарын, патриоттық сезімін оятсақ дейміз. Отанды сүю отбасынан басталады. Ол дегеніміз – үйдегі ата-анаңды сыйла, бауырларыңды қорға, осының барлығы ұлттық сезім. Ал, сол балалар кәмелет жасына келіп, отбасынан бөлек шыққан тұста олардың тәрбиесіне біз араласып жатырмыз. Ұрпақты Отан қорғауға ұмтылдыру, соған көздерін ашу біздің мақсатымыз ғана емес, азаматтық парызымыз. Осы ретте бірлестіктің атын «Желтоқсан ұшқыны» деп алдық. Елу шақты мүшеміз бар. Аудандарымызда да филиалдарымыз жұмыс істейді. Әр қоғамның өз ұстанымы, әр бірлестіктің өз мақсаты әрі топ басшысы болады. Аз уақытта біз желтоқсаншылардың бірқатар мәселелерін жан-жақты зерделеп үлгердік. Оған қоса өзіміздің алқа кеңесіміз бар, сонда ақылдасып отырып жылдық жоспар құрамыз. Бізде жаман әдет бар, қанша жастармен жүреміз, бұл желтоқсан тақырыбы жыл он екі ай қозғалуы керек. Біз шаршамай жыл он екі ай шаралар ұйымдастырып келеміз. Басқосуларда Отан қорғаудан басын ала қашатын жастардың мәселесін де көтеріп жүрміз. Қазақ мемлекетінің негізгі құрушысы қазақ ұлты ғана елді қорғауы қажет пе? Ауыз толтырып айтқанда елімізде 132 ұлт өкілі тұрады деп мақтанамыз. Оларға бұл елді қорғау қажет емес па сонда? Мұны айтатын себебім, өзге ұлт өкілдерінің балаларын әскерде жиі көрмеймін. Неге? Сенің кіндік қаның тамған жер, сол мемлекетте сенің де үлесің болуы керек, сен де осы мемлекетті сүйіп, қорғауың керек деп келеміз, – дейді бұл тұрғыда Талғат Дүкенбайұлы.

ҰЛТШЫЛДЫҚ ҰМЫТЫЛЫП БАРАДЫ

Уақыт кемесін сол 37 жылға артқа бұрсақ, ел жастарына жанашыр болған билікті де, қамқорлық танытып, мүмкіндіктерді шашып-төгіп жатқан мемлекетті де, қазақша сөйлесең басыңнан сипайтын саясатты да көрмейтініміз анық. «Жастарды отансүйгіштікке баулиық» деп алаөкпе болып жүрген бірлестіктердің заты түгіл, аты да жоқ еді. Бірақ, соған қарамастан қазақ жастарының рухы мықты болды. Ол кезде орыс тілін білмегенді адам қатарына қоспайтын режимді де бастан кешкен олар, сол күйі орыстанып кеткен жоқ. Керісінше, қазақ тілінің болашағы үшін шыбын жаны шырылдап өтті. Ал, қазір қазақ тілінің тағдыры тұрмақ, өз атын дұрыс жазып, жазғанын қайдам, айта алмайтын жастар да бар. Желтоқсаншылар бұл айырмашылықты тікелей тәрбиемен һәм ұлттық идеологияның мықтылығымен байланыстырады.

– Бұрын орыстандыру процесі болып жатқанын әрбір қазақ баласы білетін. Ол кезде біреу Алаш бағдарламаларын оқыды, мен Ілияс Есенберлиннің кітаптарын оқыдым. Мен сондықтан бозбала күнімнен қазақи саясатты ажырата білетінмін. Ол кезде бұл жағдайды менен де жақсы білетін жастар болды. 17-18 жасымыздан біз соны түсіндік. Кеңес өкіметінің саясаты бір ұлттың «титульная нация» дейміз ғой, соның ыңғайына жұмыс жасады, қалғандарын төмендете берді. Елдегі барлық жағдай Мәскеу арқылы шешіліп жатты. Әртүрлі саладағы жастар сан саладағы жағдайды жетік білді. Өзіммен оқуға түскен отыз шақты азаматтың 17-сі қазақ едік. Аяғында соны екі-ақ қазақ бітіріп шықтық. Сабақ орысша өтеді ол кезде. Қазір кез келген өзге ұлт өкілінен қазақша сұрасаң, «үйрене алмай жүрміз» дейді, тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан әлдеқашан асып кетсе де жағдай осындай. Бұл тек тіл жағы, мұның басқа да жақтары өте көп болды. Мекемелерге барсаң да орыс басқаруы керек, қазақша қанша жерден білімді болсаң да, орысша білу міндетті болды, талай талантты азаматтар өз білгенін өзге тілде жеткізе алмай қиналды. Осындай жағдайдан әбден қажыған қазақ жастарының рухы қазақи тәрбиеленді. Ол кезде қазақпыз деп мақтанып айтуды, дәл қазіргі жастар секілді күн кешуді армандайтынбыз. Бізде қазір өз рухымызда тәрбиелеу деген идеология жоқ. Бұрын ұлтжанды дейтін ұғым болатын. Қазір сол ұлтжанды деген түсініктің өзіне зар болып отырмыз. Солақай саясат Кенесарыдан бастап, Амангелді, одан кейін алды тоғыз, кемі екі тіл білетін Алаштың арыстарын, қаймақтарымызды қырып салды. Біз соны оқып-біліп өстік. Мерзімді басылымдарда жазылмаған дүниелерді ауыз, көркем әдебиеттерден оқып өстік. Бізді сол тарихи-әдеби шығармалар тәрбиеледі. Ашаршылықтың зардабын, елдің қырылғанын тіпті мен атамнан-ақ естіп өстім. Мен өскен маң Карл Маркс, қазіргі Құмарық деген жер, соның төбе жағында ескі Жібек жолы жүрген. Сол жерде атаммен қой бағып келе жатып «Бұл төбешіктер не?» деп сұрағанымда атам кезінде аштық жылдары өлгендерді жолдың бойына көме бергенін айтқан-тұғын. Бұл жайтты мысалы ешқандай радиодан я болмаса теледидардан айтқан емес, – дейді жастар тәрбиесіне қатысты ойымен бөліскен желтоқсаншы, «Желтоқсан ұшқыны» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Жеңісбек Қалмұрзаев.

КИЕСІ БАР, ИЕСІ ЖОҚ – «ЖЕЛТОҚСАН ОРТАЛЫҒЫ»

Бәрін айт та, бірін айт, сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тұсында аймақ жұртының қуанышына айналып, қазір қаңырап тұрған орталықтың жырын айт. Дәл осы мәселеге байланысты қазір жамбылдық желтоқсаншылар облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтен тікелей көмек-қолдау сұрамақшы. Себебі, қаланың қақ ортасындағы Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің еңселі ескерткіші орналасқан саябақтағы орталық ешкімнің еншісінде де, иелігінде де емес. Санаулы күндері аталған орталыққа мерекелік іс-шаралар жоспарланып отырғанымен, ол орталық әлі күнге кімге қарайтыны белгісіз. Нәтижесінде қазір орталықта сарғайған стендттерден басқа, бірде-бір жәдігерді кездестіре алмайсыз.

– Былтыр мерекеде жастарды «Желтоқсан орталығында» қабылдадық. Жыл он екі ай тегін кезекшілік жасадық. Күніне екі адам кезекші болдық. Себебі, орталыққа келетін адамдар аз емес. Біреу жазда, біреу демалыс күндері келіп жатады. Әрбір келушіге желтоқсан туралы көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап беру үшін ерікті түрде шықтық. Орталық саябақ болған соң адам аяғы үзілмейтіні анық. Қазір орталықта бірлі жарым стендттер бар, бірақ мәлімет жоқ. Сол кезде келген адам есікті сыртынан жауып кетіп қалмай ма? Біз оны жібермеуіміз керек қой. Ол адамнан «айналайын, желтоқсан туралы не білгің келіп тұр, айта ғой» деп сұрақтарына жауап бердік. Себебі, кезекшілікте тұрғанның бәрі сол оқиғаның куәгері. Тегін гид қызметін ұсындық. Ішінде музей қызметкерлері жүреді, қатарласып біз де болдық. Себебі, ол қызметкерлер тек жәдігерлер бойынша жауап бере алады. Ал, жалпы оқиғаға қатысты мәліметті біз бердік. Түркістан, Өскемен секілді әр өңірімізден аға буын өкілдері, жастар, қаншама үлкен, зиялы кісілер келді. Қазір бізге қалалық ішкі саясат бөлімінің алдағы өткізетін іс-шаралар жоспары берілді. Өтетін жері сол «Желтоқсан орталығы». Қазір оның жағдайы қиын, ешкімнің иелігінде жоқ болып шықты. Қалалық ішкі саясат соның түбіне жете алмай жатыр. Ешкімнің балансында емес. Құжатын жаңартып жатырмыз дейді, бір жылдан бері жаңармайтын неғылған құжат бұл? Ішіндегі бір бөлме Қайрат Рысқұлбековке арналған. Оның біреуі де жоқ қазір. Маңдайында қойылған аты тұр, ал ішінде дым жоқ. Биыл желтоқсанда жастар, оқушылар бізді іздеп келгенде қайдан табыламыз? Жас ұрпақпен қайда кездесеміз, далада ма? Былтыр осы орталыққа бір күнде бірнеше мектептер қатар келіп, мүлдем қолымыз тимеді. Биыл осы мәселеге бола жұмысымыз тоқтап тұр. Қазір бір, екі стенд қана тұр. Облыстық музейдің басшылары «ондағы жәдігерлер бізде» дейді. «Ол орталық музей емес, сол үшін біз алып кеттік», дейді. Осылайша, «Желтоқсан орталығы» деп жазылып тұрған ғимараттың ішінде ештеңе жоқ қазір. Осы мәселемізді облыс басшысы Ербол Шырақпайұлына арнайы жеткізсек деп отырмыз. Облыс басшысы тікелей назарына алып, өзі араласпаса, бұл іс жуық арада шешілмейтіні анық. Дап-дайын тұрған дүние, жастармен қаншама шара ұйымдастырып келген орталықтың қазіргі күйі мазалайды. Біз орталықтан айырылып қаламыз деп емес, сонда келетін жастарды жоғалтып аламыз ба деп алаңдап отырмыз, – дейді «Желтоқсан ұшқыны» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Дүкенбайұлы.

АТУ ЖАЗАСЫНА КЕСІЛГЕН АЗАМАТ КІМ ЕДІ?

Жамбылдық желтоқсан көтерілісіне қатысушылар алдағы уақытта жоғарыда аталған орталықтың мәселесі оң шешілсе, онда жерлесіміз Қайрат Рысқұлбековтен бұрын ату жазасына кесіліп, оған қоса қаһарманмен бір камерада жатқан, көзі тірі баһадүр Мырзақұл Әбдіқұловқа арнайы бұрыш ашылса, өскелең ұрпақ үшін өнегесі мол болар еді дейді.

– Үйдегі балаларымызға да желтоқсан жақындағанда реферат жазу деген тапсырмалар бере бастайды. Сол кезде олар ғаламторға сүйенеді. Ал, ғаламторда Қайрат, Ләззат, Ербол, сол төрт-бес адамды жылда айналдыра береді. Бізде Қайрат Рысқұлбековтен екі ай бұрын ату жазасын алып кеткен адам бар. Ол әлі тірі. Мырзақұл ағамыз қазір Алматыда тұрып жатыр. Ол кезде 35 жаста болған. Жаз айларында Жамбылға да арнайы келіп-кетіп тұрады. Арғы жылы 70 жасқа толғанда арнайы барып қайттық. Күнделікті хабарласып жағдайын біліп тұрамыз. Осындай кісілердің бар екенін екінің бірі біле бермейді. Біз айтпасақ кім біледі? Айтылмаған тұстарды айтуымыз қажет. Ол кісі Қайрат екеуі бір камерада отырған. Жалпы, желтоқсанда институттан шыққаны бар, сотталғаны бар, маскүнем, нашақор дегені бар, солардың бәріне кейін ұлттық комиссия құрылды және оны Мұхтар Шаханов басқарды. Мәскеуге 3 минут уақыт сұрап, Аралдың мәселесін айтамын деп осы желтоқсанды шырылдап жүріп, бір жарым жылда жазалары шегерілді, сол кезде екі ату жазасына кесілген азаматтарымыз жиырма жыл арқалады. Мына кісіні Тайгаға итжеккенге, ал Қайратты Семейдің түрмесіне жіберді. Ол кісі 1993 жылы еліміз егемендік алып қойғаннан кейін ақталып келіп отыр. Қайрат ату жазасына кесілген кезде камерада күтіп алған, камерада екі ай бірге отырған, «ай, осы жолы атуға келе жатыр» деп күнде құшақтасып қоштасқан азамат та осы Мырзақұл ағамыз. «Сен ату жазасынан аман қалдым деп отырсың ба?» деп Тайгада 200 литр мұздай суға хлор салып мәжбүрлі түрде соған отырғызып қинаған ол кісіні. Сондай қорлықтардан аман қалған осы кісіге қазір «Халық қаһарманы» атағын алып бере алмай жүрміз. Қайраттың соңғы сағаты соққанда қасынан табылған азаматқа оның туған жеріндегі орталықтан бір бұрыш ашылса, оны да жәдігерлермен толықтырсақ, ұрпаққа үлкен олжа болар еді, – дейді Талғат Кеншінбеков.

ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДА ЖЕЛТОҚСАН ТУРАЛЫ ДИССЕРТАЦИЯ ҚАШАН ҚОРҒАЛАДЫ?

Ел мен жердің мүддесі жолында жанын пида еткен желтоқсаншылар жайлы қанша айтсақ та, олардың барлығы толығымен ақталып, қоғамнан лайықты тарихи статусын алмайынша, қордаланған мәселелері әп-сәтте шешіліп кете қоймасы анық. Десек те, алдағы күнге алаңнан бұрын үміт пен сенім басым.

«Біз Алматыдағы алаңға бармай-ақ, осы Таразда жүріп те желтоқсанның зардабын көрген жанның біріміз. Осындағы оқу орындарының бірінде сабақ беретін әпкемді де құзырлы орындардың қызметкерлері «жастарды көтеріліске үндеп жүрсің» деп қысым көрсеткен болатын. Өзіміз дәл қазіргі Төле би көшесінің бойындағы осы Қайрат Рысқұлбеков саябағындағы ұрысқа қатыстық. Қашатынымыз қашып, ұсталғандар ұсталды. 1987 жылы Мәскеуде әскери борышымды өтедім. Орыс тілін жақсы білетінмін. Партком бастығы «сені партияға өткіземіз» деді. Алайда, қуанышым ұзаққа созылмады. Сол кезде он бес адамның ішінде мені өткізбей тастады. «Жоғары оқуды бітірмегенсің, сен желтоқсанға қатысушысың» деп партияға өткізбей қойды. Мен секілді әскерде де, жұмыста да осындай кедергілерге тап болған жастар аз болған жоқ. Қазіргі таңда қаншама желтоқсаншылар арамыздан кетіп жатыр. Жастарының алды жетпістен асты. Келер ұрпақ желтоқсанға қатысқан тек 5-6 адамды ғана емес, халық болып шыққанын, жаппай ұлттық көтеріліс болғанын білсе дейміз», дейді «Желтоқсан ұшқыны» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Ержан Есімқұлов. Дәл осы тұста аталған бірлестік төрағасы Талғат Дүкенбайұлы тарқатылмаған тағы бір мәселені алға тартып отыр. Айтуынша, жергілікті жоғары оқу орындарында ғылыми негізде әлі күнге желтоқсан тақырыбы көтерілмеген көрінеді. «Жоспарлы іс-шараларымызды ұйымдастыру барысында жергілікті оқу орындарының көптеген оқытушыларымен, тарихшыларымен, профессорларымен кездесіп жатамыз. Менмін деген майталман мамандарға диссертациялар қорғаған кезде неге желтоқсан тақырыбын назарға алмайсыздар деп ренішімді білдіремін. Әлі де осы тақырыпты барынша айналып өтуге тырысады» деген жанайқайын жеткізді желтоқсаншы.

ТҮЙІН:

«Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы, Лаула, лаула, желтоқсанның мұзға жаққан алауы». Мұхтар Шаханов жырлаған осы бір отты жырда терең астар бар. Мұзда лаулаған жай ғана алау емес, ол қазақ жастарының өр рухы еді. Ендігі егемендік алып, еңсе тіктеген жаймашуақ шақта сол алаудың бізге қажеті болмағаны ма? Сын сағатта солақай саясаттың суығы, ырыққа көнбес ызғары қысқан тұста маздаған сол алау күлімізді көкке ұшырмай, қайта күллі қазақтың үміт отын жаққан жоқ па еді? Енді неге өз отымызға өзіміз су сепкендей боламыз. Қалай дегенмен, Халық қаһарманы Қайраттай перзенттің кіндік қаны тамған киелі өлкеде оның тағдырластарының мәселесі тасада қалмай, шешіледі деген сенімдеміз!

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support