Әрі мереке, әрі жәрмеңке

Әрі мереке, әрі жәрмеңке
ашық дереккөз
Әрі мереке, әрі жәрмеңке
Елімізде қараша айының үшінші жексенбісінде аталып өтілетін ауыл шаруашылығы күнін жамбылдық шаруалар да өз деңгейінде мерекеледі. Жыл бойы төккен тер мен қажырлы еңбектің көрігін қыздырған шаруалар марапатқа ие болды. Күзгі жиын-терінде алған өнімдерін, бордақылап баққан малының етін жәрмеңкеге әкеліп, қала тұрғындарына дүкендегі әдеттегі бағадан арзанырақ ақшаға саудалады. Облыстық филармония өнерпаздары мерекелік жәрмеңкеге келген меймандар үшін концерт қойды. Облыстың ауыл шаруашылығы саласы мемлекеттiк қолдаудың нәтижесінде жаңа деңгейге көтеріліп, өңір экономикасын дамытуда және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруда жетекші күшке айналғанын көріп те жүрміз. Басты мақсат – аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру. Бұл бағытта бүгінгі күні жүйелі жұмыстар жүргізіліп, ауыл шаруашылығында еңбек ететін мыңдаған жамбылдықтар ел экономикасының маңызды стратегиялық бағыттағы саласын дамытуға сүбелі үлес қосып келеді. Жылдағы дәстүрге сәйкес, саланың үздіктері анықталып, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің марапатталуы да осының басты айғағы. Жалпы, биыл агросалада атқарылған жұмыстар ауқымды. Мәселен, облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 81 миллиард теңге бөлініп, бүгінгі күні 10 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсетілді. Жыл басынан бері салада 498,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, оның ішінде егін шаруашылығында 317,9 миллиард теңгенің, мал шаруашылығында 180,3 миллирд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл жөнінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев шаруаларды мерекелерімен құттықтаған сөзінде кеңірек тоқталды. – Ауылшаруашылығы–ел экономикасының дамуына серпін беріп отырған негізгі сала. Ел Президенті ауыл шаруашылығы саласының дамуына барынша қолдау көрсетіп келеді. Биыл облыста агрокешенді дамытуға 81 миллиард теңге бөлініп, 10 мыңнан аса шаруаға қолдау көрсетілді. Нақтырақ айтсақ, 35,1 миллиард теңге субсидиялауға, 24,1 миллиард теңге «Ауыл аманаты» жобасына, қаржы институттары арқылы 18,1 миллиард теңге, төтенше жағдайға байланысты 3,6 миллиард теңге қарастырылды. Нәтижесінде, салада 498,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 35,1 миллиард теңге инвестиция тартылды. Сондай-ақ, 374,1 миллиард теңгені құрайтын 28 жоба іске қосылмақ, оның нәтижесінде 969 жұмыс орны ашылады. Биыл аймақта 57,3 мың гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілді. Оның 38,9 мың гектары тамшылатып, 18,3 мың гектары жаңбырлатып суару технологиясы. Су үнемдеу технологияларын пайдалану мақсатында мемлекет тарапынан ұңғыма қазғаны үшін 80 пайызға, инфрақұрылым жүргізген жағдайда 50 пайызға дейін қолдау көрсетіледі. Жалпы, заманауи технологияларды енгізуге барлық жағдай жасалуда. Облыста жаңбырлатып суару технологияларын жинайтын сервистік орталық құрылуда. Сондай-ақ, су үнемдеу технологиясына арналған құрылғыларды шығаратын зауыт ашу жоспарлануда. Айта кету керек, қызылша егу мемлекеттің үлкен қолдауына ие. Нақтырақ айтқанда, су үнемдеу технологиясын кеңінен қолдану және агрокешенді шараларды уақтылы атқару қант қызылшасының өнімділігін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді. Одан бөлек, облыста тыңайтқыштардың жаңа түрі жасалуда. Шаруаларды сапалы репродукциялы тұқыммен қамту мақсатында ғалымдардың жетекшілігімен 12 түрлі күздік бидай дақылы егіс алқабына себіліп, дақылдың шығымдылығы мен сапасына сынау тәжірибесі жүргізілуде. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 200 миллион теңге бөлінді. Жалпы, ғылыми жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылға облысты 100 пайыз жоғары сапалы тұқыммен қамту көзделуде. Асылдандыру шаралары мал шаруашылығына да жүргізілуде. Мәселен, «Ауыл аманаты» жобасы енгізілген 24 ауылдық округте мүйізді ірі қараны қолдан ұрықтандыру арқылы іске асуда, 65-70 пайызға дейін асыл тұқымды төл алу жоспарлануда. Бұл бағытта 2024-2025 жылдары 100 миллион теңге қаржы қарастырылып, өз жалғасын табатын болады. Бүгінде облыстың ветеринария жүйесін реформалау бойынша нақты шаралар қабылдануда. Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес. Бұл салада жүйелі жұмыс атқарылуға тиіс. Келер жылдан бастап ветеринария саласына қаражатты екі есеге арттырып, 2024-2025 жылдары автокөлік паркі жаңартылады. Орталықтандырылған ветеринариялық қызметті құру, мамандардың жалақысын 50-ден 100 пайызға дейін ұлғайту қолға алынуда. Құрметті сала қызметкерлері, сiздердің қажырлы еңбектерiңiз ел экономикасының дамуына, қоғамның әлеуметтiк тұрақтылығының нығаюына зор үлес қосуда. Істеріңізге береке, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Кәсіби мереке құтты болсын! – деген өңір басшысы Ербол Шырақпайұлы облысымыздың агроөнеркәсіп кешені саласының дамуына үлес қосқан ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерін марапаттады. Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты «Стандарттау және ветеринария» кафедрасының профессоры Аманбай Қарынбаевқа, Т.Рысқұлов ауданындағы «Найзабек би» шаруа қожалығының басшысы Жексенбі Мәткерімовке және Жуалы ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Сәбит Нұрлыбаевқа Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін табыстады. Т.Рысқұлов ауданы ветеринариялық станциясының директоры Серікбай Дәлібаевқа, Қордай ауданындағы «Сұлутөр» шаруа қожалығының механизаторы Кітапбай Жарықбасовқа, Сарысу ауданындағы «Үшбас» шаруа қожалығының басшысы Тәуіржан Кемаловқа ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін тақты. Талас ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ауданбек Ерубай мен ауыл шаруашылығы саласының ардагері, зейнеткер Зиятхан Өміралиев облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болды. Осы салада нәтижелі еңбек етіп жүрген тағы бірқатар азаматтар облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Жылдағы дәстүр бойынша ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлері арасында анықталған үздіктерге «Үздік ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі – 2023» және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы озаттарға «Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы табысталды. Сонымен қатар, қарапайым еңбек адамдары да марапатталды. «Озат механизатор – 2023», «Озат сауыншы – 2023», «Озат шопан – 2023» номинациялары да өз иелерін тапты. Кәсіби мереке иелерін облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев те құттықтап, ізгі тілегін айтып, агроөнеркәсіп кешені саласындағы ұзақ жыл жемісті еңбек еткен азаматтарды Жамбыл облысының Құрмет грамотасымен марапаттады. Салтанатты іс-шара барысында арқан тарту, қол күресі, асық ату, гір тасын көтеру секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыстар да ұйымдастырылды. Мерекелік жәрмеңкеге жалпы құны 55,2 миллион теңгені құрайтын 86,3 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары ұсынылды. Оның ішінде 14,5 тонна жылқы, сиыр, қой және тауық еті, 3 тонна шұжық өнімдері, 5,7 тонна сүт өнімдері, 6 мың дана жұмыртқа, 0,5 тонна кондитерлік өнімдер мен 3,4 тонна макарон өнімдері, 0,4 тонна тұз, 4,1 тонна балық, 6 тонна ұн, 2,6 тонна бал және 46,1 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері нарық бағасынан төмен бағада өткерілді.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

Ұқсас жаңалықтар