Берері көп «БайбарақАгро»
Мемлекетіміздің ауылға жасап жатқан қолдауын алыстағы Бірлік ауылдық округінен де сезінуге болады. «Ауыл аманаты» жобасы аясында несие алған бірнеше шаруа қожалық «БайбарақАгро» ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне біріккен. Кооперативті басқару іскер азамат Әділхан Темірбековке жүктелген. Ауылдың экономикасына тікелей әсері бар үлкен серіктестікке төраға болуы – өте жауапты іс. Іс басынан аталған кооперативтің серіктестік жетекшісі Бихан Сейіммолдаевты кездестірдік. Оның айтуынша, «БайбарақАгро» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі 2019 жылы құрылған. Ашылған кезде кооперативте 3 трактор болса, жақында «Зумилон» атты 3 алып тракторға мемлекеттің жеңілдетілген несиесі арқылы қол жеткізбек. Сонда өндірістік кооперативте 6 трактор болады. Тоқтамай жүріп тұрса 6 трактор дегеніңіз де алып күш.
Аталған өндірістік кооператив 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жыл сайын жүгері мен жоңышқадан мол өнім алуға күш салып келеді. Үш сушы бар. 4 механизатордың да атқарар жұмыстары жеңіл емес. Олар өндірістік кооперативке біріккен шаруа қожалықтардың жерін жыртып, шөбін шауып береді. Ол үшін шаруа қожалықтар ақысын және жанармайдың құнын төлейді. Дегенмен, ең арзан баға болғандықтан шаруаларға қолайлы.
Осы уақытқа дейін егістік жер аз, шағын шаруа қожалықтар біраз қиындық көріп келді. Егісін жыртатын тракторы болмады. Жалдайтын болса, оның бағасы қымбатқа соғатын. Енді кооператив аясына бірігу арқылы біраз мәселе шешімін тауып отыр. Егістігін арзан бағамен жыртуға тракторлар дайын. Ауылшаруашылық бағытында жеңілдетілген несие, субсидия алуларына болады. Ауыл халқы «Ауыл аманаты» келгелі осындай жақсылықтар мен қамқорлықтарды сезініп отыр. Он саусақ бірігіп, ине қолға ілігіп отыр. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дегенді де қазақ халқы бекер айтпаса керек.
Себебі, ауылдағы қазақтың төрт түлік малсыз, егістік пен мал жайылымынсыз тіршіліктері жоқ. Қазақтың тіршілігі мал шаруашылығымен етене араласып кеткен. Мойынқұм секілді шөлейтті аймақта мал өсіру – аса маңызды. Сондықтан, аталған өндірістік кооперативтің ісін, аяқ алысын ауыл халқы тегіс қолдап, құптап отыр. Ауыл – қазақтың қара шаңырағы. Қазақтың болмысы, қадамы, берекесі мен бейнеті ауылмен бірге. Біз тұрғындардың осындай пейілін Бірлік ауылынан да байқадық. Мұндағы қазыналы қарттар – ауылдың айбары. Ал, жалынды жастар берекелі істердің ұйытқысы. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бүкіл ауыл бір мақсат жолында сүттей ұйып отыр. «Ынтымақ түбі – береке» дегендей, Бірлік ауылы тұрғындарының өзара түсіністік арқылы қол жеткізген жетістіктері аз емес.
Мұнда уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген озат механизаторлар Бақытжан Әлпейісов, Айдос Әділбаев, Нұрбақыт Өксікбаевтың еңбектерін ерекше атап өткеніміз жөн. Себебі, шілденің ми қайнатар ыстығында, қыстың аязында темір тұлпарды тізгіндеп ауыл халқына қызмет ету оңай шаруа емес. Дегенмен, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей, темір тұлпарларын жылына 12 ай бойы тоқтатпаған тракторшылар жаз мезгілінде қомақты табыс табады. «Ауылдық округте 3595 тұрғын бар. Олардың көпшілігінің тыныс-тіршілігі ауыл шаруашылығымен байланысты. Сондықтан, біздің өндірістік кооперативтің ауыл халқына тигізіп жатқан пайдасы мол. Оны шаруа қожалықтар еркін сезініп отыр. Кооперативте 135 гектар суармалы жер бар. Оның 87 гектары жүгері. Жүгеріден де, жоңышқадан да су жеткілікті болса, жақсы өнім алуға болады», дейді Бихан Сейіммолдаев.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Референдум-2024: Сайлау учаскелері жұмысын тоқтатты
- Бүгін, 20:01
Бақылаушылар да белсенді
- Бүгін, 18:15
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- Бүгін, 14:24
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді