Тасөткел су қоймасы ел игілігінде

Тасөткел су қоймасы ел игілігінде
ашық дереккөз
Тасөткел су қоймасы ел игілігінде

Су – тіршіліктің көзі екендігін сезінген ата-бабаларымыз сонау ертеден тоған қаздырып, мал өсірумен қоса егіншілікпен шұғылданғаны бесенеден белгілі. Атап айтсақ, Көкірек руынан шыққан Биназар батыр Бесінші (қазіргі Прудхоз) ауылынан бастап,  20 шақырымға жуық тоғанды 1850-60 жылдары халықты жұмылдырып, қолымен қаздырған. 

Батыр атымен аталған сол тоған мен көршілес Мойынқұм ауданының Айдарлы, Көктерек және Биназар ауылдары тұрғындарының егіндік пен бау-бақшаларын ағын сумен қамтамасыз етіп келеді. 1930-40 жылдары аталарымыз қажымай-талмай еңбектеніп, өз күштерімен Шу өзенінен ұзындығы 38,3 шақырымды құрайтын «Сол жағалау» және 48,8 шақырымдық «Оң жағалау» магистральды тоғандарын қазып, ауданымыздың ондаған елді мекендерін ағын сумен қамтамасыз етуге қол жеткізді. 1940 жылы Шу өзеніне бөгет салынып, ағын суды пайдаланудың мүмкіндігі жақсарды. – Қант қызылшасы мен дәнді егістік көлемін арттыру үшін 1968 жылы Үкіметтің қаулысымен «Тасөткел» су қоймасының құрылысы басталды. Жобалаушы инженері – Владимир Горбачев. Құрылысты бастаған «Жамбыл водсовхозстрой» мекемесі. Бастығы – Пәйзен Әмежанов болды. – Мыңдаған құрылысшылар мен оларды басқарған жетекші іскер мамандар маңдай терлерін төге аянбай еңбек етті. Атап айтсақ, «ПМК-49» мекемесінің жетекшісі В.Иванов, бас инженері Г.Васильев, өндірістік техникалық бөлім бастығы Н.Дьяков және аға механик П.Ларин. Бүкілодақтық дәрежеде мән берілген осы екпінді комсомол жастар құрылысына мен Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын 1973 жылы бітірген соң, «ПМК-49» мекемесіне шебер ретінде орналасып, еңбек жолымды бастадым. Н.И.Шумаев, Ә.Баялиев, Н.И.Шапетина сынды прорабтардың ақыл-кеңестерін тыңдай жүріп, 23 жасымда прорабтық қызметке көтерілдім. Осылардың арасынан прораб Шумаевтің Құдай берген дарыны жайлы атап өткенім жөн шығар. Өйткені, Николай Иванович құйылған бетондардың беріктігін жалаң қолымен сипалап-ақ анықтай алатын. Және де қойманың ернеулеріндегі тапталып жатқан топырақтардың осал да күмәнді жерлерін дәл біліп, тексертуге зертханаға жеткізетін. Скрепер жүргізушілері: П.Бражников, В.Колесников, В.Остапчуктер; бульдозершілер: А.Шпомер, В. Шниц; экскаваторшы – А.Щекера, бетон құюшылар: Е.Ткачук пен комсомол жастар бригадасының жетекшісі Мейірқұл Даданбаев және басқалар – қажырлы да қайратты еңбек үлгілерін көрсетті. «Тасөткел» су қоймасының құрылысын өз көздерімен көріп, жіті танысу мақсатымен сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1-ші хатшысы Д.А.Қонаев пен Қырғыз елінің басшысы Т.Үсібалиев, КСРО Су шаруашылығы министрі Е.Алексеев арнайы келген болатын, – дейді облыстық мәслихаттың депутаты, «Шу несие серіктестігі» ЖШС-ның басқарма бастығы Ерболат Досымбаев. Ал еңбек ардагері Тілеуғали Пазылбеков: «Бүкілодақтық дәрежедегі құрылыс басталарда ең алдымен вагондар апарылып, жұмысшыларға жатақханалар салынып, бірте-бірте кеңсе, асхана, дүкен, монша, клуб және мектеп ғимараттары мен екі қабатты үйлер бой көтере бастады. Сөйтіп, бірер жылда-ақ иен жатқан алқапта жап-жасыл желекке бөленген кішігірім қалашық пайда болды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген құрылысшылардың көпшілігінің өз мамандықтары мен Тасөткел ауылын ұнатқандықтарынан түпкілікті орнығып, тұрақты тұрғындарына айналып кеткендігі бәрімізді де қуантты», – деп ағынан жарылды. Өткен жылдары «Жол картасы – 2020» бағдарламасымен қомақты қаржы бөлініп, Абай, Алға, Бірлікүстем, Еңбек, Жаңажол, Оразалы батыр, Мойынқұм ауылдарына су жеткізіп беретін күре каналдар мен тоғандар тазартылып, гидроқұрылғылары жөнделіп, жаңартылып ағын суға кеңінен жол ашылды. Республикалық бюджеттен қыруар қаржы қарастырылып, Шу ауданына ғана емес, көршілес Мойынқұм, Сарысу аудандары мен Оңтүстік Қазақстанның Созақ ауданына дейін ағын сумен қамтамасыз ететін «Тасөткел» су қоймасы да күрделі жөнделіп, Шу өзенінің елді мекендер маңайындағы қауіпті жағалаулары нығайтылды. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні», киелі Шу өңірімен қоса көршілес Мойынқұм, Сарысу және Оңтүстік Қазақстанның Созақ ауданы жерлерін жасыл-желекке бөлеп, жүздеген мың жұртшылықты көкөніс, бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз етуге септесіп отырған «Тасөткел» су қоймасының пайдалануға берілгеніне қырық жыл толыпты.

Мәкен УАҚТЕГІ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар