Мәдени мұра - мәңгілік мирас

Мәдени мұра - мәңгілік мирас
ашық дереккөз
Мәдени мұра - мәңгілік мирас
«Шала білім, шалағай мәдениет бір құлатпай қоймайды», деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, бүгінгідей жат дүниелер жан дүниеге жұтылып, сан тараптан сананы сүзген кезеңде ұлттық рух, бекзада болмысымызды аманаттап, аман сақтап, дәуірлер дауылынан бұтағымыз бен бүршігімізді бүтін қорғап қалатын діңіміз де осы мәдени құндылықтар мен мұралар, тамыры тектіліктен нәр алған өлмес өнер екені айтпасақ та мәлім. Осы ретте жырдың қызыл жолбарысы Жамбыл мен әннің кені Кенен туған өлкеде «Мәдениет – асыл қазынам» атты облыс аудандарының мәдениет күндері қорытындыланды. Сән-салтанаты жарасқан шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы атбасын бұрып, шығармашыл ұжымның шеберлігін тамашалады. Облыс әкімдігінің қолдауымен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау, дәстүрлі дала мәдениетін дәріптеу мақсатында мамыр-қазан айлары аралығында өткен марапаттау салтанаты тарихи Тараз шаһарында ұйымдастырылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев іс-шараның маңыздылығына жан-жақты тоқталды. – Мәдениет – халқымыздың бай мұрасы, ұлттық руханияттың негізі. Осы мәдениетімізді жаңғырту мақсатында «Мәдениет – асыл қазынам» атты мәдениет күндері барлық ауданда өткізілді. Көпшілікке өңір тарихы таныстырылып, дәстүрлі өнер насихатталды. Сонымен бірге, «Өнер көзі – халықта» атты өнер ұжымдарының фестивалі, ең үздік ауылдық мәдениет үйі мен әдістемелік кабинеттер іріктелді. Жамбыл өңірі – Ықылас Дүкенұлы, Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев, Аяз Бетбаев сынды ұлттық руханиятқа, мәдениетімізге мол мұра қалдырған тарихи тұлғалардың шығармаларын кеңінен дәріптеп келе жатқан тарихи өлке. Ал, ескінің ізін жалғайтын ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру – қашанда өзекті. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың отырысында сөйлеген сөзінде «Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау керек», – деп атап өткен болатын. Осы ретте, келесі жылы облысымызда «Айтыскер ақындар мен жыршы-термешілер орталығы» ашылатыны туралы сіздермен жақсы хабарды бөліскім келіп отыр. Ұлттық мәдениет пен өнердің дамуына, рухани байлығымыздың еселене түсуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген барша мәдениет қызметкерлеріне зор алғыс айтамын, – деді аймақ басшысы. Мұнан соң мәдениет күндерінің қорытындысымен қатар, «Халықтық» атағы бар көркемөнерпаздар ұжымдарының деңгейін анықтау, халық шығармашылығы жанрларын дамыту мақсатында өткен «Өнер көзі – халықта» облыстық фестивалінің «Үздік би ұжымы», «Үздік хор ұжымы», «Үздік ән-би ансамбль», «Үздік аспаптық, фольклорлық ансамбль» номинацияларының және «Ең үздік ауылдық мәдениет үйі, клуб-2023», «Ең үздік әдістемелік кабинет» облыстық байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталып, қомақты қаржылай сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, «Мәдениет – асыл қазынам» атты облыс аудандарының мәдениет күндерінде үздік өнер көрсеткені үшін Меркі және Мойынқұм аудандары ІІІ-орынға ие болса, ІІ-орынға Қордай ауданы лайық деп танылды. Ал, Шу ауданы І-орынды жеңіп алды. Қордай ауданына автокөлік, Шу ауданына шағын автобус берілді. Меркі мен Мойынқұм аудандары бір-бір музыкалық аппаратқа ие болды. Қалған аудандарға ынталандыру жүлдесі мен 5 дана домбырадан табыс етілді. Іс-шара жеңімпаз аудандардың өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасына ұласты.  

 Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар