«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сынған кесе жамалмайды

Сынған кесе жамалмайды
ашық дереккөз
Сынған кесе жамалмайды

4«Күйеу мен қалыңдық» қойылымы осындай ойға қалдырды

Бүгінгі таңда отбасындағы берекесіздік  тарқауы қиын түйінге айналып отыр. Отбасындағы келеңсіздіктің соңы қоғамдық мәселеге ұласып жатқаны да содан.  Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды дегеннің өзінде, ар жағында екі жастың түсініспеушілігінің соңы айырылысуға ұласып, онымыз әлеуметті әлекке салатын түйткілге айналып барады. Отбасы, ошақ қасындағы мораль, психология тәрізді мәселелердің ушыға түсуі театр сахнасынан көрініс табуы да содан.

Облыстық қазақ драма театрының кіші сахнасында сахналанған драматург Мар Байжиевтің «Қалыңдық пен күйеу» драмасында сондай шиеленіске толы оқиғаның бір парасы көрініс тапты. Қырғыз шығармасын Қадыр Жетпісбаевтың аудармасы бойынша сахналаған режиссер Әлия Баймахан қойылымда жаңаша көзқарастағы тәсілдерді жүзеге асыруға тырысқаны байқалады. Қойылымның бірден тосын жағдаймен старт алғаны көрермен үшін күтпеген жағдай болды. Әсілінде бұл режиссердің көрерменді оқиға барысымен баурап алу үшін қолданған тәсілі екенін ұқтық.

Шымылдық түріле сала, әй-шәй жоқ той көйлегін киген қалыңдық пен күйеу жігіт салған жерден ажырасу үшін сот залына жетіп келеді. Келбетінен қаталдықтың, темірдей тәртіптің лебі есіп, сықайып тұрған судьяның сауалына арызданушы қалыңдық жауап бере отырып, не себепті ажырасқысы келетінін түсіндіре бастайды. Ал көрермен оқиғаның барысына қалыңдықтың осы түсіндіруімен ғана куә болады. Біз де солай қойылымның шарықтау шегінен бір-ақ шыға отырып, оның салдарына ары қарай көз тастауға мүмкіндік алдық. Үш адамға негізделген қойылымда сценарий бойынша қалыңдық, күйеу жігіт және күйеу жігіттің анасы ғана сахнадан бой көрсету керек еді. Ал сот залындағы судьяның екінші образға яғни күйеу жігіттің анасы бейнесіне еніп кетуі де сенімді-ақ шығып жатты. Бұл соло бағытында жұмыс жасап, басқа да бағытқа лезде ауысатын кейбір әншіні еске түсірді. Дегенмен ізденудің бар екені қуантты. Бұл ретте көрерменді судья мен ене образына кезек нандыра білген ҚР еңбек сіңірген артисі Майра Әлімбетованың шеберлігін ескерусіз қалдыруға болмайды. ...Оқиға желісінде той алдындағы қарбалас, қалыңдық пен күйеудің бір-біріне деген шексіз ынтызарлығы, олардың екеуара ғазиз пейілмен серттесуі мен тілдесулері дұрысы диалогы сәл созылып, елді жалықтыра бастаса да сот залындағы эпизодтан бір күтпеген жағдайдың боларын іштей түйсініп қойған едік. Осыншама тату, махаббатқа құралған шаңырақтың шайқаларына не себеп болар екен деген сұраққа жауап күтумен отырдық. Өнері асқан, беделі тасқан күйеу жігіттің қалыңдықпен арадағы кикілжіңінің себебін өзімізше болжап та қойдық. Әйтсе де, тойға бір сағат уақыт қалғанда ауруханадан соғылған қоңырау біздің ішкі ойымызбен үйлеспеді. Тұтқаның ар жағындағы мейірбике қалыңдықтың өкпе ауруханасы диспансерінде тізімде тұрғанын жеткізеді. Осы сәтте күйеу жігіт те, ене де келіннен қалай болса да бас тартудың амалын іздеп, әуреге түседі. Міне, дәл осы сәтте күйеу жігіт пен оның анасының шынайы бет-бейнесі ашылғандай болады. Қалыңдықтың денсаулығы дұрыс еместігіне ызаланып, «оны бізден жасырып, тұрмысқа шығып алмақ болған» деп ой түйген екеуі оны жазғырудың астына алады. Сонда ғана қалыңдық тағдырдың ауыр-жеңілін бірге кешеміз деп уәделескен өмірлік серігінің қандай екеніне көз жеткізеді. Ал, анығында қалыңдық денсаулығында ешқандай ақау жоқтығы кейінірек мәлім болады. Бірақ, анығына көз жеткізбей жатып ауру атандырған болашақ жары мен енесіне деген көңілі су сепкендей басылған қалыңдық, оларға деген ренішін ашу-ызаға айналдыра отырып, тойдан бас тартқанын айтады. Осындай шиеленіскен тосын оқиғаларға негізделген драманың соңы бәрібір кешірімділікпен түйінделгені көптің көңілінен шықты. Қойылымда актерлер өз мүмкіндіктерін толық көрсетуге тырысып бақты. Өз кезегінде олар оқиға желісіндегі әрбір эпизодта барынша кәсіби шеберлігін көрсетуге тырысып баққанына риза болыстық. Орындаулар да өлшеулі арнасында өрбіп отырды. Алайда, актриса Гауһар Сұлтанбекова сомдаған қалыңдық бейнесі кей сәттерде сенімсіздеу шыққаны жасырын емес. Сүйген адамы теріс айналған шақта баз кешкен ғашық яки қалыңдықтың көз жасына онша селт ете қоймадық. Нәзіктікті дәл жеткізе алмағандай болды. Бірді-екілі жерде ене аузынан айтылған дөрекі сөздің де қораш естілгеніне «әттеген-ай» деп қалдық. Ал, күйеу жігіт образын ашуға барынша тырысып баққан артист Жандар Қырықбаев өз міндетін нанымды алып шықты деуге болады. Қоюшы режиссердің шешімі арқылы сатқындық бейнеленгенімен, кешірімге түйінделгені қай жағынан да ұтымды шықты. Декорация мен суретшінің жұмысында жұтаңдық байқалғанын айтпай кетуге болмас. Той алдындағы шаңыраққа ыңғайланған сахнаның сот залындағы екі ғана орындықпен жабдықталғаны олқы соққандай. Оны айтпағанның өзінде, ол орындықтарға жапсырылған бір жүректің екіге бөлінгені басында үйлескенімен, соңыра кешіріммен, өзара татуластықпен аяқталар қойылымның шешуші сәтінде екі бөліктің қайта бір жүректі құрап қосылуын күтіп едік. Әйтсе де, осы жағы режиссер қаперінен тыс қалғандай көрінді бізге. Бәлкім, ол сынған шыны жамалғанымен шытынаған жарықшақ қалатынын айтқысы келген болар?!.

Жанғазы АХМЕТ,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар