«Google DevFest» тұңғыш рет Таразда өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру екенін атап айтқан еді. «Менің цифрландыру ісіне және инновацияны енгізу мәселесіне баса мән беретінімді баршаңыз білесіздер. Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз. Былтырдың өзінде ІТ саласындағы экспортымыз бес есе өсті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 500 миллион долларға жетуі мүмкін. Әрине, мұнымен шектелмейміз. 2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу – Үкіметке жүктелетін жаңа міндет. Шетелдің ірі ІТ компанияларымен бірлескен кәсіпорындар ашу бұл іске септігін тигізері сөзсіз. Үкімет осы мәселені мұқият зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуі керек», деп Үкіметке жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аударуды тапсырған болатын. Бұл тапсырма іс жүзінде орындалып келе жатқанының бір дәлелі «Google DevFest 2023» форумының облысымыздың орталығында өтуі. Google қоғамдастығы ұйымдастырған халықаралық конференцияда GDG ІТ-технологиялар жөнінде кең ауқымда айтылып, озық тәжірибе бөлісілді, жаңа жобалар таныстырылды. Конференцияның ашылуында алғашқы сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров өңіріміздегі цифрландырылып, жүзеге асып жатқан жұмыстарды атап өтті.
– Еліміз үшін цифрлы технологияларды дамыту маңызды салалардың бірі. Біз цифрландыру саласындағы мемлекеттік жобалардың, бағдарламалар мен тұжырымдамалардың бірқатар іс-шараларын іске асырудамыз. Біз күнделікті өмірімізге сандық элементтер қосып, ақылды Тараз қаласын дамытудамыз. Мәселен, ақылды аялдамалар жобаларынан бастап мемлекеттік басқарудың түрлі салаларындағы ашық жұмыс Жамбыл облысының цифрлық картографиясын дамытуға дейін айтуға болады. Жыл сайын біздің өңірде осы жобаларды жүзеге асырудың арқасында ІТ мамандары үшін жаңа жұмыс орындары ашылады. Мысалы, Сергек жобасы іске қосылды, цифрлық диспетчерлендірумен қоғамдық көліктерде электрондық билеттеу сияқты жаңа бағдарламалау мектебі ашылды және басқа да жобалар облыс және Тараз тұрғындарының жайлылығы үшін жүзеге асырылуда. Сондықтан, Таразда Гугл-фестивальді өткізу – біз үшін ерекше мәнге ие.
Фестиваль аясында деректерді талдау мен ахуалдық орталықтарды дамытуға, жасанды интеллект пен білім беруді цифрландыруға арналған үш панельдік сессия өтті. Өңірдің талантты IT мамандарымен кездесу, яғни, «HACKATHON» өтті, онда ІТ саласындағы проблемаларды шешуге дайын 70 команда, 350 қатысушы тіркелген. Бұл іс-шара жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және өңірді цифрландыруға үлкен үлес қосатынына сенімдімін. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров.
Үндістаннан келген Google сарапшылары, сондай-ақ қазақстандық IT мамандарымен қоса, облысымыздың оқушылары, студенттері, IT компаниялардың өкілдері және отандық IT мамандар қатысқан «Google-Taraz – 2023» конференциясын жүргізген Мемлекеттік басқару академиясының Жетісу облысы филиалының директоры Бакыт Злобин IT саласына қатысты халықаралық форумның Таразда өтуі жайдан-жай емес екенін атап өтті.
– Тараз қаласы ежелден тарихта аты мәлім, экономикалық жағынан маңызды орталықтардың бірі. Қазір Жамбыл облысы өзінің қарқынды дамуын көрсетіп отыр. Бұл облыста цифрлық технологияларды қолдану арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, экономиканың даму жаңа траекториясын екпіндетуге бағытталған шараларды толығымен қамтамасыз етіп отыр, – деді Бакыт Николайұлы.
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты, «Astana Hub» Халықаралық IT-стартаптар технопаркі, Жамбыл облысы әкімдігінің Цифрлық технологиялар басқармасы «Google Developers Group» қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырған конференцияда өңірдегі цифрландыру жұмыстарын облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Нохрабеков мәлім етті.
– Бүгінгі таңда облысымыздағы 367 елді мекеннің 61-і (16,62%) – 2G, 81-і (22,07%) – 3G төмен жылдамдықты мобильді интернетімен, 225 елді мекен (61,30%) жоғары жылдамдықты 4G мобильді интернетімен қамтамасыз етілген. Биыл жүзеге асыруға көзделген жоспарларға да тоқтала кетейін. «Кар-Тел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 29 елді мекенде 4G мобильді байланыстың сапасын жақсартуды жоспарлап, 18 елді мекенде 26 базалық станция орнатты. Атап айтсақ, Тараз қаласына қосымша 9 базалық станция, Байзақ ауданында Сарыкемерге қосымша 1 станция, Үлгілі, Қостөбе, Жамбыл ауданында Өрнек, Жасөркен, Жуалы ауданында Б.Момышұлына қосымша 1, Т.Дүйсебайұлы, Көлбастау, Қайрат, Меркі ауданында Меркі ауылына қосымша 1, Сыпатай, Шалдовар, Қордай ауданында Жамбыл базалық станциясы ауыстырылды, Сарысу ауданында Жаңатас қаласына қосымша 2, Талас ауданында Арал, Т.Рысқұлов ауданында Қосапан, Шу ауданында Төле би ауылына қосымша 1 базалық станция қойылды. «Кcell» акционерлік қоғамы 23 елді мекенде 3G/4G мобильді байланысының сапасын жақсартуды жоспарлап, 25 елді мекенде жұмыстарды аяқтады. Олар Байзақ ауданында Аймантөбе, Дихан, Сарыбарақ, Ақжар, Тегістік, Жамбыл ауданында Қаратау, Жуалыда Алатау, Кәріқорған, Қордайда Қаракемер, Арал, Меркіде Кеңес, Аңдас батыр, Сыпатай, Мойынқұмда Мирный, Биназар, Ақсүйек, Сарысуда Шағалалы, Жайылма, Таласта Арал, Талапты, Қайыр, Т.Рысқұлов ауданында Көкдөнен, Құмарық, Жақсылық, Шуда Оразалы батыр елді мекендері. «Мобайл Телеком Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 25 елді мекенде 3G-ден 4G-ге ауыстыруды жоспарлап, 28 елді мекенде жұмыстарды аяқтады. Тараз қаласы 4 жаңа базалық станция, Байзақта Мәдімар, Үлгілі, Мырзатай, Ақшолақ, Жамбыл ауданында Бесағаш, Жалпақтөбе, Жуалыда Шақпақата, Қордайда Отар, Жамбыл, Сарыбұлақ, Көкқайнар, Бетқайнар, Ноғайбай, Меркіде Аспара, Ақтоған, Кеңес, Сарысуда Жайылма, Т.Рысқұлов ауданында Ақыртөбе, Каменка, Көгершін, Қызылшаруа, Шу қаласы мен осы ауданның Ақсу, Ақтөбе, Төле би, Белбасар, Бірлікүстем ауылдарында жылдамырақ желіге ауыстырылды.
Ал, талшықты оптикалық байланыс желісімен 371 елді мекеннің 193-і (52,02%) қамтамасыз етілген, қалған 178 (47,97%) елді мекен қамтылмаған. Сонымен қатар, байланыс сапасын жақсарту және елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету мақсатында, облыс әкімімен және Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрімен «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы шеңберінде «2023-2027 жылдары Жамбыл облысының елді мекендерінің интернет желісіне және байланысына сапалы қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі» Жол картасы бекітілді.
Аталған Жол картаға сәйкес, 2025-2027 жылдары 198 елді мекенде мобильді интернет желісінің сапасын 4G-ге арттыру, 28 елді мекенде жергілікті атқарушы орган тарапынан электр желілері мен антенна-діңгек құрылысымен қамтамасыз етілген жағдайда мобильді байланыс сапасын жақсарту, 178 елді мекенді (491 мемлекеттік мекеме және 9572 кәсіпкерлік субъектілері) талшықты-оптикалық байланыс желісімен және республикалық, облыстық маңыздағы жолдарды цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге 2024-2025 жылдары 12 антенна діңгек құрылысы көзделген, – деді Руслан Москауұлы.
Болашаққа баянды бағыт бастайтын игі іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында білім жүйесінде ІТ кластерін құру бойынша белсенді жүргізіліп жатқан жұмыстарды институттың ректоры Марат Баяндин мәлімдеді.
– Институт 2022 жылы цифрлық технологиялар басқармасымен және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен үш жақты ынтымақтастық меморандум жасап, цифрландыру жұмыстары бойынша жоспарын белгіледі. Меморандум шеңберінде қатынастарды одан ары даму мақсатында биыл институт базасында өңірлік ІТ хаб құру мүмкіндігі қарастырылып, жүзеге асты. Меморандум аясында институт базасында өңірлік ІТ хаб құру мүмкіндігін қарастыру ұсынылған. Өткен жылдың 2 қарашасында институтта ІТ Академия ашылды. ІТ Академияның мақсаты – ХХІ ғасыр дағдылары мен құзыреттерін қалыптастыру, студенттердің ақпараттық технологиялармен жұмыс істеу қабілетін арттырып, сонымен қатар біздің аймақта ІТ қозғалысының мәдениетін дамыту, жас және дарынды ІТ мамандарының сыни көзқарасын қалыптастыру. ХХІ ғасырдың дағдылары мен құзыреттіліктерін қалыптастыру, яғни білім алушылардың ақпаратпен жұмыс істей білу қабілеттерін дамытып, технологиялық дағдыларды қалыптастыру. IT Академиясында білім алушылардың жасы 10 жастан 50-ден жоғары жасқа дейін. Курстар тізімін атап айтсам, ҰБТ-ға дайындық (Информатика пәнінен), Робототехника, графикалық дизайн, «Күміс IT» цифрлық сауаттылықты арттыру курсы, компьютерлік модельдеу (3D printing, UV printing, лазерлік құрылғыда жұмыс істеу). Әлеуметтік медиадағы виртуалды коммуникациялар, бейнероликтерді монтаждау, SMMskills және тағы да басқа мастер класстар өткізіледі. Жамбыл ХАБ Шерхан Мұртаза атындағы ХТИИ Студенттер үйінде орналасқан. Мұнда 50 адамға арналған коворкинг орталық, 20 компьютермен қамтылған компьютерлік класс және видеостудия бар. Биылғы 24-25 ақпанда институтымыз облыстық цифрлық технологиялар басқармасымен және «AVR Group» компаниясымен бірлесіп мектеп оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерінің қатысуымен Бірінші өңірлік «ITII HACKATHON-2023» іс-шарасын өткізді. «ITII HACKATHON»-ға 300-ге жуық мектеп оқушылары мен студенттер қатысты. Институтымыз мұндай форумды біздің өңірде IT қозғалыс мәдениетін дамыту мақсатында жас және талантты IT-мамандарды дайындау үшін жыл сайын өткізуді жоспарлаған, – деді Марат Асылбекұлы.
Форумда ІТ компаниялар мен стартап жобалардың көрмесі де ұйымдастырылды. Осы көрмеге оқушысының қос жобасын алып келіп, таныстырған Байзақ ауданындағы Ғ.Мұратбаев атындағы гимназияның информатика пәнінің мұғалімі Талғат Жүнісовпен сұхбаттастық.
– Қазір информатика саласы бойынша қазақ тілінде үйрететін сайттар өте аз. Сондықтан, біз осы олқылықтың орнын толтыру үшін жаңадан сайт құрдық. Онда кез келген тілдегі мәтінді салсаңыз түгелдей қазақша аударып береді. Осы жасанды интеллект арқылы бес бағыт бойынша информатикадан сабақ алып шығуға болады. Екінші жобамыз – қолданушыға ыңғайлы минуттық жүйе енгіздік. Байқасаңыздар, көптеген бағдарламалық курстарда екі-үш сағаттық бейнероликтер көрсетіледі. Бірақ, ондағы ақпараттың 90 пайызы қажет те емес, бірақ соншама уақытыңызды алады. Ал, біз ұсынып отырған жүйеде қолданушы минутына төлейді, онда ең қажетті ақпараттарды қысқа да нұсқа береміз. Мысалы, сайт құруды екі курста-ақ үйреніп ала алады, одан кейінгі сабақты сатып алудың қажеті де жоқ. Яғни, минуттық жүйеміз арқылы үйренгісі келген қолданушы ақшасын да, уақытын да үнемдеп, ең маңызды дәрісті алады. Біз бұл жобаларымызбен Астана қаласында өткен стартап жобалардың байқауынан бас жүлде алғанбыз. Облыс әкімі жастармен кездескенде де біздің жобамызды жоғары бағалаған еді. Әрине, оқушыларыммен бірге бұл саладағы ізденісімізді жалғастырып, көпке пайдалы әрі озық тың дүниелерді ойлап табудағы еңбегімізді ары қарай да жүргізе береміз, – дейді Талғат Ерғалиұлы.
– «Astana Hub» Халықаралық IT-стартаптар технопаркінің Тараз қаласындағы өкілдігі өткен ақпан айынан бері жұмыс істейді. Содан бері пайдалы 50 іс-шара өткіздік. Ал, бүгінгі өтіп жатқан «Google DevFest» сондай іс-шаралардың ең көлемдісі. Алғашқы күнгісіне бес жүздей адамды жинадық, екінші күні өткен «HACKATHON»-ға үш жүздей адам қатысты. Бұл форумның ең негізгі мақсаты – «Google» компаниясының әлемдік деңгейдегі сарапшыларының озық тәжірибелерін өз облысымыздағы студенттерге, оқушыларға, жас ізденушілерге тарату. Олар біздің қаладағы форумнан соң Алматыға барып, сол жерде де студенттер одағымен «HACKATHON»-ға жобалар өткізеді. Ал, біздің өкілдіктің түпкі көздегені – ІТ-ге қызығушылығы бар таланттарды біліммен, тәжірибемен шыңдап, қабілеттерін дамыту. Мейлі ол бұл салада кереметтей білімді болмай-ақ қойсын, тек бойында ІТ-ге деген бейімі және өзіндік қызығушылығы болса, бізге келсін. Түрлі мастер класстар, тренингтер, курстар өткіземіз. Көп курстарымыз тегін, ішінара ақылыларының өзі үш-ақ мың теңге тұрады, оның 26 видеосы бар, сол арқылы веб сайт, мобильді қосымшалар жасауды меңгереді. Сондықтан, тың технологияларды үйренудегі ізденушілерді Жамбыл ІТ хабқа шақырамын. Бүгінгі форумымызға жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін Индия елінен Вриджрадж Сингх пен Kartik Derasari өз тәжірибелерімен бөлісуге келді. Елімізде Астана хабтың 14 өңірлік өкілдігі бар, соның ішінде 7 өңірінде «Google DevFest» өткізеді. Солардың ішінде Тараз алғашқы болып ұйымдастырды, – дейді «Astana Hub» Халықаралық IT-стартаптар технопаркінің Жамбыл облысындағы өкілі Салтанат Телеуова.
Форум аясында бірінші күні Пленарлық сессия және «Қазақстан Республикасы өңірлерінің жобалық кеңселері мен ахуалдық-талдау орталықтарының өзара іс-қимылы», «АТ және ЗИ (Жасанды интеллект) саласындағы соңғы жетістіктер», «Білім берудегі цифрландыру» атты үш панельдік сессия өтті. Екінші күнге жалғасқан форум аясында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты Екінші өңірлік «HACKATHON – 2023» ITII өткізді. «ITII HACKATHON – 2023» қатысушылары өңірдегі мектеп оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері және IT саласындағы 25 жасқа дейінгі мамандар.
«ITII HACKATHON» – өңірдің талантты IT-мамандарымен бірге экономиканың нақты секторлары үшін IT-шешімдерді іздеуге арналған стейкхолдерлер платформасы. «ITII HACKATHON»-ға ІТ саласындағы проблемаларды шешуге дайын 70 команда, 350 қатысушы тіркелген. Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты жас және талантты ІТ мамандарды даярлау, сондай-ақ өңірімізде ІТ мәдениетті дамыту мақсатында осындай чемпионатты екінші жыл қатарынан өткізіп келеді. Айта кетейік, «ITII HACKATHON – 2023»-тің бас демеушілері «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамы мен «Платонус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Хакатонда бас демеушілер бекіткен 3 кейс бойынша 3 жүлделі орын тартысқа түсті.
Бұл іс-шара жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және өңірді цифрландыруға үлкен үлес қосатынына сенімдіміз.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді