Жас ұрпақпен жүздесті
«Елдік – ұлы ұғым» тақырыбындағы патриоттық іс-шараға қатысушылар Жамбыл ауданына атбасын бұрды. Халық Қаһарманы және Қазақстанның Еңбек Ерлерін Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы қарсы алып, құрмет көрсетті. Еліміздің дамуына ерен еңбек сіңірген қонақтар әуелі Аса ауылында орналасқан аудандық техникалық және шығармашылық мектептің жұмысымен танысты. Аталған орталықта 1400 оқушы 6 бағыт бойынша 21 үйірмеге қатысып, жүректері қалаған саланы тереңірек меңгеруде. Аталған мектеп директорының міндетін атқарушы Дариға Сатылғанова қонақтарға мұндағы жұмыс барысын айтып өтіп, әр үйірменің ерекшеліктерін түсіндіріп берді. Мәселен, әуеғарыш бағытындағы үйірмеде оқушылар өздері жасаған ұшақ бойынша түрлі байқауларға қатысуға мүмкіндіктер алуда. Сәндік қолданбалы өнер, құм терапиясы, қолөнер, автокөлік үйірмелеріне қызығып қатысатындар көп. Саздан бұйым жасау үйірмесінде оқушылар тек саздан ғана емес, басқа да бағалы қоспалардан түрлі бұйымдар жасауға бейімделуде. Алғашқы медициналық көмек үйірмесінің де зейінді шәкірттерге үйретері көп. «2020 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша осы ғимаратты жөндеп, аталған мектепке бердік. Игілігін жасөспірімдер көріп келеді», – деді аудан әкімі.
Мұнан соң қадірлі қонақтар аудандық жастар ресурстық орталығында жастармен кездесті. Жиынды аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы ашып, еліміз үшін ерен еңбек жасаған тұлғаларды көпшілікке таныстырып өтті.
Мұнан соң Семей қаласы, №7 мектеп-лицей мұғалімі Алма Шүкіжанова өзінің қырық жыл ұлағатты ұстаз болғанын, ешқашан мұндай атақ үшін қызмет етпегенін айта келіп, жастарды білім мен тәрбие алуға, еліміздің жарқын болашағы болу үшін ізденуге шақырды.
Келесі сәтте «Жезказганцветмет» комбинатының кеншісі Тұрсынбек Мәкішев, Павлодар облысы «Евроазиатская энергетическая корпорация» АҚ «Восточный» резервінің механигі Рышат Әміренов сөз алып, жастардың бойында патриоттық сезімдер мол болуы керектігіне тоқталды. «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің менеджері Руслан Қуатов, Ақмола облысынан келген Қанат Бралиннің сөздері де жастарға үлкен ой салды. Бұл азаматтардың барлығы да – Қазақстанның Еңбек Ерлері.
Халық Қаһарманы, ҚР Қарулы Күштерінің аэроұтқыр офицері Азамат Жұмәділовті де аудан жастары үлкен ықыласпен тыңдады. Өмір жолында ерлік жасаған әскери азамат өз сөзінде жастарды отаншылдық пен еңбексүйгіштікке, адалдыққа шақырды.
Мұнан соң ауданның белсенді жастары Төленді Көпбергенов, Жандар Тоқсаба сөйлеп, арнайы келіп жүздескені үшін қонақтарға алғысын білдірді. Аудан әкімі де қонақтардың сөзі әсерлі болғанына тоқталды. Келесі сәтте қонақтар аудандық тарихи-өлкетану музейін аралап көріп, құнды жәдігерлермен танысты.
Қонақтар Айша бибі ауылында болып, Айша бибі рухына тағзым етті. Тарихи кешен туралы деректерге назар аударды.
Мұнан соң ауылдық Мәдениет үйінде Айша бибі ауылдық округінің өнерлі де өрелі жастарымен кездесіп, өздерінің ойларын ортаға салды. Еңбек Ерлері мен Халық Қаһармандары жалынды жастар алдында өздерінің өмірлік тәжірибелерін айта келіп, жастарды Отанын сүюге, өз елінің патриоты болуға шақырды. Жиынды аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы қорытындылап, еліміздің мақтанышына айналған жоғары марапат иелеріне осынау әсерлі әңгімелері үшін алғыс білдірді.
Есет ДОСАЛЫ
Жамбыл ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді