«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қылмыс хроникасы

Қылмыс хроникасы
ашық дереккөз
Қылмыс хроникасы

Халықаралық іздеудегі күдікті елге жеткізілді

Есірткіні ірі мөлшерде сату мақсатында заңсыз өсіргені және сақтағаны үшін іздеуде жүрген күдікті Қазақстанға жеткізілді. Еліміздің Ішкі істер министрлігінің сұрауы бойынша Түркия мемлекетінің аумағында 52 жастағы қазақтандық азамат құрықталды. Атап өтерлігі, тәртіп сақшылары бұған дейін оған қатысты тұтқындау және экстрадициялау мақсатында халықаралық іздеу жариялаған еді. Жалпы, ер адам салмағы 18 килограмм болатын марихуананың 96 бұтасын өсіргені, сондай-ақ оларды ел аумағында өткізу мақсатында сақтағаны үшін іздестірілген. Түркия билігі құқық бұзушыны біздің елге жеткізу жұмыстарын жүйелі ұйымдастырып, ол қамауға алынды.

50-ге жуық жалған хабарлама тіркелген

Көлік полицейлері жыл басынан бері 50-ге жуық терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама тіркеген. Бұл туралы көліктегі полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы уақытта әуе және теміржол көлігі нысандарында әзіл-қалжыңды жалған терроризм фактілері жиілеген. Осылайша, мұндай қылмысқа қатысы бар деген 21 азамат анықталып, ұсталған. Ведомство басшысы терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлар көлік инфрақұрылымының қызметін тоқтатып, құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің күштерін нақты қылмыстары мен оқиғалардан аударып әкететінін және материалдық залал түрінде елеулі зиян келтіретінін атап өтті. Еске салсақ, қолданыстағы қылмыстық заңнамаға сәйкес, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін 5 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарын атқару не 5 жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.

Жол ережесін бұзған мас жүргізуші ұсталды

Тәртіп сақшылары Шу қаласындағы С.Сейфуллин көшесінде жол ережесін бұзғаны үшін 36 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы Lada-210740 автокөлігін тоқтатқан. Алайда, жүргізуші полицейлердің көлікті тоқтату туралы заңды талабына бағынбаған. Ол жол ережесін өрескел бұза отырып, жол қозғалысының өзге де қатысушыларына қауіп төндірген. Абырой болғанда, полиция инспекторлары көлікті қуып жетіп, қала көшелерінде тәртіпсіздік жасаған жүргізушіні құрықтаған. Ал, наркологиялық сараптама нәтижесінде ер адамның «орташа дәрежедегі» масаң күйде екені расталған. Бұдан бөлек, оның екі жыл бұрын Шу аудандық сотының үкімімен 5 жылға жүргізуші куәлігінен айырылғаны да белгілі болған. Бүгінгі таңда жүргізуші Шу аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынып, автокөлік айыптұраққа қойылған. Сондай-ақ, қазіргі күні аталған дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 346-бабының 1-бөлігі (көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік немесе уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

 Зейнеткердің атына онлайн несие рәсімдеген

Талас аудандық полиция бөліміне Қаратау қаласының 64 жастағы тұрғыны арызбен жүгінген. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз ер адам алаяқтық жолмен оның атына жалпы сомасы 698 229 теңге онлайн несие рәсімдеген. Ал, ол бұл несие туралы тиісті зейнетақысынан белгілі бір мөлшерде төлем ұсталынғанда ғана білген. Бұл күнде аталған дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 190-бабының 1-бөлігі (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Ал, полицейлер жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Қаратау қаласының 24 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Белгілі болғандай, күдікті егде жастағы ер адамның абоненттік нөмірін алып, банктің қосымшасынан тексеруден өтіп және электронды құжаттарды пайдалана отырып, жәбірленушінің атына онлайн несие рәсімдеп, ақшасын иемденген. Күдікті өз кінәсін мойындады, тергеу әрекеттері жалғасуда.  

 Есен ӨТЕУЛІ.

Ұқсас жаңалықтар