Бала дарыны – білікті ұстаздан көрінеді
Дарынды бала да, білікті ұстаз да бақытты болашақтың кепілі. Ең бастысы – бала бойындағы ерекше қабілетті тану. Себебі, әр баланың жеке қызығушылығын анықтап, сол бағытта жетелеп, баланың неге икемі бар, қай нәрсеге қабілетті екенін дөп табу оңай емес. Бұл – ұстаздың шеберлігін қажет етеді. Заманның озық өнегесін жеткіншектің санасына сіңіріп, шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту – мұғалімге артылар үлкен жүк. Қазіргі таңда дарынды балалардың ой-өрісін кеңейтіп, талабын шыңдап, қабілетін анықтап, зейінін көтеру үшін республикамыздың 17 өңірінде «Дарын» орталықтары өз жұмысын жүргізіп келеді. Облыс әкімдігі білім басқармасының «Жамбыл Дарын» аймақтық ғылыми- практикалық орталығы да осы бағытта жұмыс атқарып келеді.
– Аталмыш орталық бес бағыт – «Интеллектуалдық іс-шаралар мен олимпиадаларды ұйымдастыру», «Дарынды оқушылардың жобалық және зерттеушілік қабілетін дамыту», «Дарынды оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту және қолдау», «Ақпараттық технологиялар және зияткерлік іс-шараларды цифрландыру», «Qabilet» қызметі бойынша жұмыс істейді. 2022-2023 оқу жылында республикалық олимпиада мен байқауларға 107 оқушы іріктеліп қатыстырылса, оның 47-сі жеңімпаз болды. Ал, халықаралық деңгейдегі олимпиадаларға 36 оқушы қатысып, 10 оқушы жеңімпаз атанды. Жоғары деңгейде дайындалып, нәтиже көрсеткен халықаралық олимпиадаларға тоқталсам, халықаралық Балқан олимпиадасы, химия пәні бойынша халықаралық Менделеев олимпиадасы, геометриядан Иран олимпиадасы, жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11-сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың ІІ аудандық кезеңі 2022 жылдың 14-19 ақпан аралығында өтті. Олимпиаданың аудандық кезеңіне 6919 оқушы қатысып, 716 оқушы ІІІ облыстық кезеңге жолдама алды. Облыстың оқушылары 1992-2020 жылдар аралығында халықаралық олимпиадаларда жеңімпаз атанып, Қазақстанның қоржынын 55 медальге толтырған. Олимпиада көрсеткіші облыстың білім саласындағы рейтингіне әсер етеді. Сондықтан, пән олимпиадаларына дайындықты күшейту мақсатында әр ауданда, әр мектепте жол картасы жасалып, жүйелі түрде дайындық жүргізу ұсынылады, – деді «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығы «Дарынды оқушылардың жобалық және зерттеушілік» бөлімінің басшысы Қарлығаш Нұрбаева.
Облыс деңгейінде дарынды және талантты балалар туралы ақпарат жинап, қабілеттерін одан әрі дамытып, олимпиадалар мен ғылыми жарыстар өткізу арқылы облыстың интеллектуалдық әлеуетін көтеруді мақсат тұтқан орталық бүгінде мектеп оқушылары арасында инновациялық іс-тәжірибелерін дамыту мақсатында облыстық олипиадалар мен ғылыми жобалар ұйымдастырады. Одан бөлек, конкурстар өткізіп, облыстық жеңімпаздардың республикалық кезеңге қатысуын қамтамасыз етіп қана қоймай, дайындау жауапкершілігі де осы орталыққа жүктелген.
Мамандар бүгінгі күні олимпиада өткізу форматы өзгертілгенін тілге тиек етуде. Тек 9-11-сыныптар ғана емес, 2-4, 5-6-сыныптарға арналған 8 пәнді қамтитын олимпиада, 7-8- сыныптарға арналған 12 пәнді қамтитын және 9-11-сыныптарға арналған 16 пәнді қамтитын олимпиадалар ұйымдастырылуы керек екен. Бұл олимпиада резервін күшейтуге мол мүмкіндік беретін көрінеді.
Тараздық оқушылар инфаркт пен инсультті уақытында анықтауға көмектесетін «ақылды сағатты» ойлап тапқаны да талай жұртты таңғалдырды. Құрылғы жағдайы ауырлаған науқастың жақындарына дереу хабар беріп, өздігінен жедел жәрдем шақыра алады. Тараздық Дулат Исабек пен Адия Тұрсынбай «Екінші жүрек» деп аталатын смарт сағатын 3 ай ішінде жасап шыққан. «GPS адам есінен танған немесе көрсеткіштер төмендеген жағдайда жақын туыстары мен емханаға хабарлама жібереді. Қолға тағылатын құрылғы жүрек соғысын, қандағы оттегі коэффиценті мен дене температурасын көрсетеді», – дейді жас өнертапқыш Адия Тұрсынбай. Бұдан өзге, өнертапқыш оқушылар зағип жандарға арналған алғаш рет брайль жүйесімен жұмыс істейтін пернетақталы принтер жасап шығарған.
– 18 жылдан аса осы орталықта «Робототехника» үйірмесінен сабақ беріп жүрмін. Үйірмеге келетін балалар 5-11-сынып аралығындағы IT саласын таңдап жүрген оқушылар. Кенжебек Аян, Тұрсын Әмір, Шәріп Әди, Тоқтар Әмірбеков, Төлеу Иманғали, Дамир Нұрбекұлы, Аруна Тұрсынбек, Әбітай Темірлан өздерін халықаралық және республика деңгейінде биіктен көрсетіп жүр. Робототехника бағытында алдымызға қойған ең айқын мақсаттың бірі – грант ұтып алу. Жақында ғана Астана қаласында өткен «Асық ату» категориясынан біздің оқушылар ұлттық ойындардан да өздерін белсенді көрсетіп, оқушылар 1-орын алып келді, – деді информатика пәнінің мұғалімі Рахат Жұмағалиева.
Рахат Мұратқызының үйірмесіне қатысып, «Асық ату» категориясы бойынша жеңімпаз атанған Кенжебек Аянмен тілдесудің де сәті түсті. 5-сыныптан бері робототехника саласына көңіл бөліп жүрген 11-сынып оқушысына әкесі баласының бойындағы осы салаға деген қызығушылықты байқап, робототехникаға қатысуға ұсыныс жасаған. Міне, содан бері «Дарын» орталығында Рахат Мұратқызының жетекшілігімен біраз жетістіктерге жеткенін тілге тиек етті.
– Менің жетекшім бізге роботпен қалай жұмыс істеу керек, бағдарламаны қалай құру керектігін үйретті. Үйрене бастаған сәттен жарыстарға қатыстырды. Астана қаласында республикалық чемпионат бойынша «Асық ату» санатында 1-орынға ие болдым. Біз онда асық ататын робот құрастырдық. Ол робот түзу жүріп, қызыл сызыққа тоқтап, алдында тұрған 5 асықты ату керек болды. Біздің робот танкке сәйкес. Ұлттық менталитетімізге қосқан үлесіміз деген оймен жеңіске талпындық. Асықты тек осы Жамбыл жерінің атынан қатысқан біздің команда ғана дәлме-дәл бес рет атып, жеңіске жетті. Ал, басқа балалар ол асықтарды түгел ата алмады. Сөйтіп біз жеңімпаз атандық. Енді Алматы қаласында өтетін сайысқа дайындалып, «Айти бизнес» жобасын ұсынуды қолға аламыз. Осы жобаға қазір командамен дайындалып жатырмыз, –дейді ол.
Бастауыш сыныптарда белгілі бір пәннен алғырлық танытқан оқушыларға қолдау көрсетіп, әртүрлі пәндік олимпиадаларға қатыстырып, білімін шыңдау – мектептің басты міндеттерінің бірі. Сонымен қатар, облыстық, республикалық деңгейдегі пән олимпиадасына дайындау мақсатында жазғы, күзгі, қысқы оқу-жаттығу жиындарын өткізудің маңызы зор. Бүгінгі таңда орталық білікті тренерлер командасын жасақтап, материалдар базасын жинақтап, облыстың олимпиада резервін құруды қолға алған.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді