Білімнің жаққан шырағын
Өңірімізде жас ұрпақтың зердесін кеңейтіп жүрген сапалы білім ошақтары аз емес. Олардың қатарына Жаңатас қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-гимназиясын да қосуға болады. Жақында осы білім шаңырағына атбасын бұрған едік. Аталған білім шаңырағының тарихы 1974 жылдан басталады. Қазіргі таңда мұнда 1680 оқушыға, 148 мұғалім тиянақты білім беріп келеді. Гимназияның білім беру үрдісі заман талабына сай. Ақылы кабинеттер саны 16 болса, 25 кабинет интерактивті тақтамен, 408 сапалы компьютермен жабдықталған. Мектеп директоры Кенжекүл Сәрсекова үлкен білім ошағын басқару барысында өзінің іскерлігін танытуда. Бұл мектепте 6 магистр, 32 педагог зерттеуші еңбек етеді. Ұлттық бірыңғай тестте орташа балл 80-85 аралығын құрап отыр. Былтыр 2 оқушы, биыл 2 оқушы «Алтын белгі» иегері атанған. Мектеп 2015 жылы күрделі жөндеуден өткен.
Мектеп-гимназияны аралау барысында оқушылардың жаңашылдыққа, білімге деген құлшыныстары қуантты. Білім ошағы үлкен болған соң сан салалы жұмыс қарбаласып жатады. Дәл біз барған күні аталған мектеп- гимназияда бастауыш сыныптар арасында аудандық «Күзгі бал» байқауы өтіп, бас жүлдені аталған білім ошағының 4-сынып оқушысы Айсезім Бұралхиева иеленіп, облыстық кезеңге өтіпті. Одан бөлек, үлкен залда бастауыш сынып оқушылары арасында сурет көрмесі өтіп жатыр екен. Оқушылардың суреттері көз тартарлық.
Мектеп басшысымен бірге асхананы және бастауыш сыныптар блогын аралап көрдік. Бастауыш сыныптарға білім беріп жүрген білікті мұғалімдер – Айнұр Құрмантаеваның өтілі 36 жыл болса, Әлия Тұрғанбекова 26 жылдан бері жас ұрпаққа білім берудің ыстығы мен суығына төзіп келеді. Нұрсая Сағындықованың шәкіртке білім нәрін беріп жүргеніне 19 жыл болыпты. 11 жыл өтілі бар Ырысты Сәрсенбаеваның әріптестерінен үйренері әлі де көп. Ырысты ұстаз сабақ беріп жатқан сыныпқа аялдадық. 3-сынып оқушылары Кәусар Марат пен Жанель Бейсенбек бізге өздері оқып жүрген кітаптары жөнінде айтып берді. «Білімге құштар ұлт» жобасы аясында бұл білім ошағы балалардың ертегілер мен көркем әдебиеттер оқуына ерекше мән береді екен.
Мектептің ішіндегі көрнекті, кең жерге қазақтың киіз үйі тігіліп, іші ұлттық нақыштармен әсемделіпті. Бұл жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды сіңіру үшін қажет. Мектеп директоры Кенжекүл Сәрсекова: «Жас ұрпаққа білім беру жолында барлық тәжірибемізді көрсетіп келеміз. Озат мұғалімдер жаңашыл бастамаларымен үнемі қуантып жүр. Бізде «Робототехника» кабинеті бар. Балалардың интернет желісі бар компьютерлерді кеңінен пайдалануына мүмкіндік жасап отырмыз. Аз қамтылған 272 балаға ыстық тамақ уақтылы беріп, сапалы болуын қадағалаудамыз. Балалардың тәрбиесі мен тәртібі де үнемі назарымызда», – дейді.
Аталған мектеп-гимназиясынан облысқа, елімізге белгілі бірқатар танымал адамдар шыққан. Білім ошағының бүгінгі шәкірттерінің де болашағы зор.
Есет ДОСАЛЫ
Сарысу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді