Шетелдік ғалым жастарға дәріс оқиды
Қанша тіл білсең, сонша ілім білесің, сол халықтың мәдениетімен етене таныс боласың. Ал, өзге елдерге барып ілім үйрену бүгінгі жастар, мамандар үшін қол жетпес арман емес. Ізденіс үстінде жүрген мамандарымыз білім көкжиегін кеңейтіп, тәжірибе алмасып, білімін жетілдіріп жүр. Сондай-ақ, шетелдік ғалымдар да жергілікті жоғары оқу орындарына келіп, студенттер мен оқытушыларға дәріс беруде. Солардың бірі – Индонезияның Султан Сариф Касим атындағы мемлекеттік Ислам университетінің ғалымы, «Білім берудегі көшбасшылық» саласының PhD докторы Райхани. Ол Австралияның Мельбурн университетінде білім беру саласының магистр және PhD дәрежесін алған. Профессор Исламдық білім беру және көпмәдениетті білім беру саласында WoS және Scopus-та индекстелген мақалалардың авторы.
Доктор Райхани М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде дәріс бере бастағанына көп болған жоқ. Десе де, ғалымның лекциясына қатысып, ғылыми бағытымен танысқысы келетін студенттер қатары қалың. Индонезиялық ғалым бір ай бойы студенттерге дәріс оқып, семинар, шеберлік сағатын өткізбекші. Магистранттар мен докторанттарға кеңес береді, оқытушылардың жазған еңбектеріне рецензия жазады, университетіміздің оқытушыларымен бірлескен мақалалар жариялайды деп жоспарлануда.
Ғалым көпмәдениеттілік, білім, дін бағыты бойынша зерттеу жүргізеді. Еліміздегі дін мәселесі төңірегінде ахуалды зерттеп, діни білім алу саласына үңілуді көздейді. Университет ғалымдарымен осы бағытта бірлесіп жұмыс істемек. Дулати университеті мен Султан Сариф Касим университеті өзара коллаборация негізінде ортақ жобаны іске асыруды көздеп отыр. Халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Гүлнұр Болатбекқызымен бірлесіп көптілділік бағыты бойынша жоба жұмысын қолға алуды жоспарлауда.
Мәселен, елімізде қазақ, орыс, өзбек және аралас білім беретін мектептер бар. Өзге ұлт балалары көбіне қай тілді таңдайды? Пайыз көрсеткіші қандай? Ол мектептерде тіл мәселесі қаншалықты күрделі? Міне, осы сұрақтарға жауап беру үшін жоба аясында жан-жақты зерттеу жұмысын ұйымдастырмақ. Ал, түпкі мақсат – қазақ тілінің кең қолданысқа түсе алмауының себеп-салдарын анықтау.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді