Студенттер Назарбаев қорының стипендиаты атанды

Студенттер Назарбаев қорының стипендиаты атанды
ашық дереккөз
Студенттер Назарбаев қорының стипендиаты атанды
Нұрсұлтан Назарбаев қоры республикалық студенттік стипендиялар байқауын қорытындылады. Нәтижесінде 80 студент аталмыш шәкіртақыны иеленіп отыр. Озық студенттер қатарында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің төрт студенті бар. «Сән дизайны» БББ 4-курс студенті Шырайлым Бектұрғанова, «Жалпы биология» БББ 3-курс студенті Захра Байрамова, «Архитектура» БББ 5-курс студенті Люфт Даниил және «Қолданбалы математика және статистика» БББ 4-курс студенті Назгүл Мамыралы қордың стипендиялық бағдарламасының жүлдегері атанып, жыл бойына шәкіртақы алады. Айта кетсек, Нұрсұлтан Назарбаев қорының негізгі мақсаты – белсенді, дарынды жастарды анықтау және олардың ғылыми, шығармашылық және қоғамдық жұмыстарын қолдап, көтермелеу. Байқауға еліміздің барлық өңірінен жалпы 299 студент қатысты. Жеңімпаз студенттерді марапаттау салтанаты желтоқсан айында Алматы қаласында өтеді. Бұл төрт студент те өз мамандықтары бойынша ғылыми жұмыс жүргізіп, мақала жазып, көптеген конференцияларға қатысып жетістікке жеткен жастар. Шырайлым Бектұрғанова «Былғарыдан жасалған кәдесый өнімдерін дайындау», «Заманауи дайындау технологияларын пайдалана отырып кәдесый өнімдерін жасау», «Былғарыдан жасалған кәдесый өнімдерін дайындау» тақырыбында баяндама, мақала жазып жариялаған. «Жас ғалым» халықаралық ғылыми- тәжірибелік конференциясына, «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық қолөнершілер көрмесі аясында «Көне Тараз» атты жас қолөнершілер байқауына, «ART FASHION» халықаралық костюм дизайнының байқауына қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Захра Байрамова «Жамбыл облысы флоралық өңірліктерінде кездесетін medicago түрлерінің идентификациясы мен тіршілік формасы», «Экологияны сақтай отырып, табиғи косметологияның заманауи трендтері», «Жамбыл облысы флорасы мен биоқорлары» тақырыбында ғылыми мақалалардың авторы, «Жылдың үздік студенті» атты халықаралық байқаудың жеңімпазы. Люфт Даниил «Сәулеттегі окулустың эволюциясы», Инженерлік кестеде «AutoCAD» және «Компас» графикалық бағдарламаларын пайдалану, «Сызу геометриясы», «Қолданыстағы қалалық ортада желілер мен коммуникацияларды орналастыру проблемасы» тақырыбы бойынша ғылыми мақалалар жазып, баяндама жасаған. Сондай-ақ, Даниил спортты серік еткен студент. Қол күресінен жарыстарға қатысып жүлделі орын иеленді. Назгүл Мамыралы «Экцентриситетке тәуелді графтың метрикалық сипаттамаларын бағалаудың жалпы әдісі», «Комплекс сандарға амалдар қолдану және оларды Maple жүйесінде зерттеу» тақырыбында ғылыми мақала жазып, халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысқан. Жұмыстары жоғары бағаланып, сертификат, дипломдармен марапатталды. Ғылым жолы – қиын жол. Әйтсе де, қызыққа, жаңалыққа толы. Бір биікке жетсең, алдыңда тағы бір шың тұрады. Осылайша, биікке жетелейді. Дулати жастары ғылым жолында өз биігін бағындырып жүр.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар