Тұңғыш рет теңге Тараздан тараған

Тұңғыш рет теңге Тараздан тараған
ашық дереккөз
Тұңғыш рет теңге Тараздан тараған
Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасы – теңге күні, сонымен қатар еліміздегі қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі жыл сайын 15 қарашада атап өтіледі. Биыл ұлттық валютамыздың айналымға шыққанына отыз жыл толып отыр. Бұл күн мемлекеттігіміздің мәртебесі тағы бір дәлелденіп, мерейіміз үстем болып, абыройымыз асқақтап, төл теңгемізді қолға ұстаған күн. Бастапқыда ұлттық валютаға екі сатылы көшу, яғни, алдымен уақытша ақшаны, содан кейін тұрақты ақшаны енгізу жоспарланған еді. Бұрынғы КСРО-ның кейбір мемлекеттері мұны өтпелі валютаны қолдану жолымен жасады. Атап айтсақ, Грузияда купондар, Белоруссияда «қояндар», Украинада карбовандар енгізілді. Мұндағы ақшалардың барлығы кәмпит орайтын қағазға ұқсаған әрі құн жағынан көптеген адамның тарапынан сенімсіздік туғызған. Ал, Қазақстанда бұл жолдан дереу бас тартылып, бірден ұлттық валютамызды шығару жөніндегі шешім қабылданған. Осылайша, 1992 жылы жоғары деңгейдегі Меңдібай Әлінов, Тимур Сүлейменов, Хайрулла Ғабжалилов және Ағымсалы Дүзелханов сынды төрт қолөнер шеберінен арнайы дизайнерлер тобы құрылды. Олардың ұлттық валюта дайындаудағы жұмысы Қазақстан мәдениеті дамуының тарихи аспектілерін зерттеуден басталды. Сөйтіп, бірінші серияның дизайны қарындаш, акварель көмегімен қолмен жасалып шыққан. 1993 жылы 15 қарашада теңге айналымға еніп, сол күні таңғы сағат 8-де ақша айырбастау басталып, бес күнге созылған. Оған он алты жастан асқан ересек азаматтарға 100000 рубльге дейін, яғни 200 теңгеге дейін айырбас жасауға рұқсат берілген екен. Содан екі жылдан кейін, нақтырақ айтқанда 1995 жылы еліміздің өз банкнот фабрикасы ашылған. Бүгінгі таңда жинақталған көп жылдық тәжірибе мен дағдының арқасында Алматы қаласындағы банкнот фабрикасы өнім сапасы мен технологиясының бүкіл дүниежүзілік стандартына жауап беріп, ондағы полиграфиялық қорында ақша шығаруды дұрыс жолға қойды. Төл теңгемізге 30 жыл толған атаулы мерекеге орай, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Жамбыл филиалы экономикалық талдау және статистика бөлімінің басшысы Талант Тасқараевпен әңгімелесіп, банктің бүгінгі тыныс- тіршілігі мен қаржының қарымы турасында сұраған едік. Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Жамбыл филиалы КСРО мемлекеттік банкінің облыстық конторының құқық иеленушісі. Ұлттық банк филиалы облыстағы аумақтық бөлімшесі бола отырып, өзге облыстардағы он сегіз филиалымен бірге «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі» республикалық мемлекеттік мекемесінің бірыңғай құрылымына кіреді. Жамбыл филиалының ерекшелі і–оның құрамына құндылықтар қоймасының кіретіндігінде. Олай дейтініміз, 1993 жылдың ақпан айынан бастап Англия елінен тікұшақпен жеткізіле бастаған алғашқы банкноталар дәл осы құндылықтар қоймасына әкелінген. Сөйтіп, айналымға шығарғанға дейін олар осы қоймада сақталған. Ұлттық Банк филиалының негізгі мақсаты – еліміздегі баға тұрақтылығын қамтамасыз етуді іске асыруға жәрдемдеседі. Филиалдың негізгі міндеттеріне валюталық реттеуді қамтамасыз етуге жәрдемдесу және валюталық бақылауды жүзеге асыру, банктің ақша-кредит статистикасы және сыртқы сектор статистикасы саласындағы статистикалық қызметті жүзеге асыру жөніндегі функцияларды орындауы шеңберінде ведомстволық статистикалық бақылауларды жүргізу жатады. Одан бөлек, облыс аумағында қолма-қол ақша айналысын реттейді. Банктердің, банк қызметінің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың қолма- қол ақшаға деген сұранысын уақтылы және толық көлемде қамтамасыз ету үшін ұлттық валютаның банкноталары мен монеталарын эмиссиялайды. Сондай-ақ, ақша айналысы тиісті деңгейде болуы үшін аймақты ұлттық валютаның қажетті номиналымен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайды. Ұлттық ва лют аның тозығы жеткен, айналыстан алынған банкноталары мен монеталарын қабылдауды, сақтауды, қайта санау мен сұрыптауды, тесуді жүзеге асырады. Сонымен қатар, айналыстағы ақша белгілерінің тозу деңгейіне, банктердің банкноталар мен монеталардың төлемділігін анықтау, оларға сараптама жүргізу ережелерінің талаптарын сақтауға бақылау жүргізеді. Ұлттық Банктің қымбат металдардан жасалған монеталық өнімдерін сатуды, қайта сатып алуды және оларға сараптама жасауды жүзеге асырады. – Филиалдың қызметін Ұлттық Банктің директорлар кеңесімен алдын ала келісе отырып, банк төрағасының бұйрығымен қызметке тағайындалатын директор басқарады. Тарихқа шегініс жасар болсақ, алғашқы директор Айдайбек Халимбетов болған. Ол 1978 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген соң, еңбек жолын КСРО мемлекеттік банкінің Жамбыл облыстық конторасының Аса бөлімшесінде бастаған. 35 жылдан аса уақыт бойы елдің бас банкінде әртүрлі қызметтерде, соның ішінде Қазақ КСР Ұлттық мемлекеттік банкінің Жамбыл конторасының, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының басшысы қызметін атқарған. Ал, 2017 жылы ақпан айынан бастап, бүгінге дейін банкті Евгений Шарыгин басқарады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінде 70- ке жуық қызметкер жұмыс істейді. Филиалда барлығы алты бөлім бар және алты қызмет түрі көрсетіледі. Қызметкерлердің ең жасы 20 жаста болса, ең жасы үлкені зейнет жасына жақындаған. Филиал құрылғалы бері осында жұмыс істейтін, 30 жылдан астам жұмыс тәжірибелері бар білікті мамандар еңбек етеді, – дейді Талант Маратұлы. Банктің ішінде әртүрлі экспонаттар мен ұлттық валюта – теңгенің барлық түрлері сақталған мұражай бөлмесі бар. Бұл бөлмеде, сонымен қатар, ақша санайтын байырғы заманғы аппараттар, жазу машинкалары, қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған еңбектер, Кеңес Одағы кезінде еңбек еткен қызметкерлердің суреттері қойылған. Мұражай меңгерушісі – Раиса Сатыбалдиева. 2015 жылдан бастап Ұлттық Банк ақша- кредит саясатын теңгенің еркін өзгермелі айырбас бағамы негізінде инфляцияны таргеттеу режимінде жүргізеді. Оның түпкі мақсаты – бағаны тұрақтандыру. Теңгенің құбылмалы айырбас бағамы сыртқы шокқа бірден жауап беруге және негізгі факторлар өзгергеннен кейін қысқа мерзімде тепе-теңдікті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл экономиканың барлық секторы мен қаржы нарығындағы сегменттердің тұрақты дамуына кәдімгідей ықпал етеді. Ұлттық Банк бағам құру проце сіне араласпайды. Алайда, теңге бағамы шамадан тыс өзгеріске ұшырамас үшін, қаржы жүйесі тұрақты болуы үшін интервенция жүргізу құқығы сақталады. Жалпы, интервенция еркін өзгермелі валюта бағамының саясатына қайшы келмейді. Талант Маратұлының сөзіне сүйенсек, жалпы теңгенің шетел валюталарындағы бағамының қалыптасуы, оның құбылмалылығы әртүрлі факторларға байланысты. Мысалы, мұнай бағамының өзгеруіне, әлемде болып жатқан геосаяси жағдайлар, тауар айналым бойынша негізгі серіктес мемлекеттер Ресей мен Қытайдың валюталарының өзгеруі секілді жағдайларға қарай құны жоғарылап, бірде түсіп отырады. – Қарапайым халық түскен табысының белгілі бір бөлігін депозитке салып отырғаны жөн деп ойлаймын. Өйткені, қазіргі кезде банктердегі депозиттердің пайыздық мөлшерлемелері жылдық 15-19 пайыз аралығында. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл жоғары пайыз екені белгілі. Сонымен қатар, қарапайым халық ақшасын үнемдеу үшін ұдайы қаржылық сауаттылығын арттырып отыруы тиіс. Мәселен, ай сайын түскен табысы мен шығындарын дәптерге жазып, сол арқылы қажет емес шығындарды анықтап, азайтуға тырысуға кеңес берер едім. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы» Қазақстан Ре спубликасы Президентінің Жарлығымен 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап елдің жаңа мемлекеттік органы – Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жұмыс істейді, – дейді Талант Тасқараев. Айта кету керек, агенттік қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын және заңды мүдделерін қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ететін, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және қаржы нарығын дамытуға жәрдемдесетін, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын, сондай-ақ құзыреті шегінде өзге де тұлғаларды мемлекеттік реттеуді, бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган. Агенттік берілетін функциялар мен өкілеттіктерге сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құқықтары мен міндеттемелерінің құқықтық мирасқоры ретінде айқындалды. Ал, қаржылық сауаттылық бойынша іс-шараларды ұйымдастыру агенттіктің міндетіне кіреді. Жоғарыда теңге алғаш рет республика аймағына Тараздан таралғанын айттық. Тарихы терең Таразда тиындарды жасау ісі сонау VI-VIII ғасырларда кең қанат жайғанын археологиялық қазба жұмыстары да айғақтайды. Сондықтан да бұл атаулы мерекенің маңызы біздің облыс үшін тіпті бөлек.  

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Суреттерді түсірген

Алтынбек ҚАРТАБАЙ.

Ұқсас жаңалықтар