Үнемдесек, ұтамыз

Үнемдесек, ұтамыз
ашық дереккөз
Үнемдесек, ұтамыз
11 қараша – Халықаралық энергия үнемдеу күні. Бұл атаулы күн «Ресурстар мен энергияны пайдалану бойынша мектеп жобасы» (SPARE) халықаралық экологиялық желісі бастамасымен белгіленген. Мерекені бекіту туралы шешім 2008 жылы сәуірде Қазақстанда өткен SPARE үйлестірушілерінің халықаралық кеңесінде қабылданды. Ал, 2008 жылдың қарашасында әлемде бірінші рет энергия жабдықтау күні атап өтілді. Халықаралық мәртебеге ие болған мерекенің мақсаты – ресурстарды тиімді пайдалануға, баламалы және жаңартылған энергия көздерін дамытуға ден қою. Бұл жобаға қатысуға шамамен жиырмаға жуық ел ниет білдірген. Қазіргі таңда аса өзекті мәселеге айналып отырған бұл жағдайға жаһан жұртшылығы алаңдаушылық білдіруде. Тіпті, бірқатар алпауыт мемлекеттер нақты шаралар қабылдап, ысырапшылдықтың алдын алуды әлдеқашан бастап та кеткен. Мұндай мәселеге біздің ел де бейжай қарамай, мемлекетіміздің әр өңірінде күн және жел электр стансалары салынуда. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің Шу ауданының өзінде күн көзінен қуат өндіретін станса қызу жұмыс істеп тұрғанын айтуға болады. Сондай-ақ, облыстың біраз бөлігінде осындай нысандар қуат көзін табиғаттан алуда тиімділігін танытып отыр. «Судың да сұрауы бар» деген дана халқымыз ұрпағын ұдайы үнемшіл болуға шақырады. Себебі, ысыраптың ырысқа кесірі барын анық білген. Алайда, ата-бабаларымыздың ақылын мақұл көрмей, суды да, жарықты да жөнсіз шығындайтын жандар да жоқ емес. Мұның алдын алуда энергетиканың мәнісін ұғып, мүмкін болса «жасыл» энергия көздерін өндіретін саланың сайыпқырандарын дайындау керек. Дәл осы мәселені ескеріп, өмірін энергетика саласына арнаған жастың бірі – Жандос Тлешов. Жандос – 1994 жылы қазіргі Ұлытау облысы, Сәтбаев қаласында дүниеге келген. Ол мектеп қабырғасынан кейін 2012 жылы Алматы энергетика және байланыс университетіне оқуға түскен. Қолына диплом алғаннан соң Астана қаласында өз мамандығы бойынша еңбек жолын бастаған. Ал, 2019 жылы Жандос Жанболатұлы «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританиядағы Эдинбург университетіне магистратураға тапсырады. Магистратура алдында кейіпкеріміз жарты жыл бойы Манчестердегі академиялық тілдік курстан білім алған. Оқуын ойдағыдай аяқтаған соң ол «электроэнергетика» мамандығының магистрі атанады. Бабаларға беймәлім болған тұманды альбионнан келген жас маман өзі академиялық демалыс алған «Қазминералс» компаниясындағы жұмысын жалғастырады. Содан бері өзі сүйіп таңдаған мамандығы бойынша тер төгіп, қазіргі таңда белгілі компанияның белді маманы атанып отыр. Біз «Болашақ» түлегімен тілдесе отырып, еліміздегі энергия үнемдеу бойынша жасалып жатқан жұмыстарға баға беруді сұраған болатынбыз. Білікті маманның айтуынша, қазіргі танда тек Қазақстанда ғана емес, жалпы әлем бойынша адам санының өсуіне және экономиканың дамуына байланысты энергия қорына қажеттілік те өсіп келеді. Осы орайда энергияны үнемдеу және энерготиімділікті арттыру өте маңызды бағыттардың бірі екенін өмірдің өзі көрсетуде. Энергия қорының шығынын 2025 жылға қарай – 30, ал 2050 жылға қарай 50 пайызға азайту Үкіметтің басты мақсаттарының біріне айналып отыр. Оны іске асыру үшін мемлекеттік, квази-мемлекеттік, кейін жекеменшік мекемелер өз нысандарында энергоаудит жасай бастады, сол аудиттің қорытындысы бойынша әр мекеме түрлі іс-шараларды жүзеге асырып келеді. –Статистика Бюросының мәліметіне сүйенсек, біздің елде 2019 жылы энергия қорын тұтынуды 33 пайызға азайттық, яғни 2025 жылғы мақсат орындалды. Қуантатыны – осы бағытта жұмыстар басталып, белгілі бір жетістіктерге жетіп жатқаны. Алайда, өкініштісі – осы уақытқа дейін қаншама нысандар энергияны үнемдеу және энерготиімділік жағынан өте төмен халде болғаны. Атқарылатын жұмыс әлі де өте көп және біз осы қарқыннан таймауымыз қажет, – дейді энергетик Жандос Тлешов. Сондай-ақ, ол шетелдің озық тәжірибесін көрген маман ретінде энергия үнемдеу бойынша дамыған мемлекеттердегі атқарылып жатқан жұмыстарды да айтып берді. – Бізде энергия көзін тұтынушылардың басым көпшілігі өндірістер болса, ал дамыған мемлекеттерде – халық. Сол себепті ол мемлекеттерде халық арасында өте ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылады. Мысалы, қолданылмай жатқан электр құрылғыларын сөндіру, яғни шәйнек, компьютер, микротолқынды пеш секілділерді розеткадан ажыратып қою, жылыту-суыту құрылғыларын үйде адам болмаған кезде сөндіріп кету, Wi-Fi роутерлерді түнде сөндіріп жату және басқа да сол сияқты шараларды ұстанады. Айталық, жарық көздерін үнемдеуші LED шамдарына ауыстырып, жылыту-суыту құрылғыларын тек адам бар бөлмеде ғана қосу, кір жуғыш машиналарды тек толықтай заттармен толтырғаннан кейін қосу, яғни қосу циклдарын азайту және салқын су режимінде жуу, киімді машина арқылы емес, сыртқа жаю арқылы кептіру, сонымен қатар тоңазытқыш температурасын 4-5 градус, ал мұздатқышты – 15, – 18 градуста орнату, тамақты сәл суытып барып тоңазытқышқа салу, үйді жылуды жақсы ұстайтын материалдармен оқшаулау және де күн тақтайшаларын орнатып, содан өзін энергия көзімен қамтамасыз ету сияқты шаралар өте кең тараған. Ал, өндірісте оның ерекшелігіне байланысты амалдар қолданылады. Энергияны ең көп тұтынушылар – жылыту құрылғылары. Оларды модернизациялау, кейбір процестерді энергия көзін аз тұтынылатын уақыттарда жүзеге асыру, реактивті қуатты азайту үшін компенсаторларды қолдану, өндірісті автоматизациялау, кейбір ресурстарды қайта қолдану және басқа да көптеген амал- шарғыларды қолданады, – дейді жас энергетик. Сонымен қатар, Жандос Жанболатұлы қуат көзін үнемдеу арқылы адамзат қандай пайдаға кенелетінін де ескертті. – Ең алдымен, қуат көздерінен алатын шығынды азайту біздің қоршаған ортаны сақтауға қосқан үлесіміз болмақ. Қазіргі таңда, әсіресе Қазақстанда, энергия көзінің басты материалы – көмір. Себебі, оны алып жылыту электр орталығында, өндіріс орындарында және кейбір өңірлерде халық тұтынады. Сол себепті үнемді энергияны қолдану дегеніміз – аз мөлшерде де атмосфераға көмірқышқыл газын бөлуді болдырмау, әлемде болып жатқан жаһандық жылынудың алдын алу және ауа райын ластамай, керісінше сапасын жақсартуды білдіреді. Сонымен қатар, бұл шаралармен өз қаражатымызды үнемдеуге де болады. Дамыған мемлекеттерде энергия көзі қымбат болғандықтан, өте қатты үнемдеп тұтынады. Энергия көздерін сақтау арқылы өзен, орман, саябақтарды және жабайы табиғатты келер ұрпаққа қалдыруға да қол жеткіземіз, – дейді Ж.Тлешов. Расымен үнемшілдік үлкен олжаға кенелтеді. Сондықтан, маман айтқан кеңестерге құлақ түріп, қоршаған әлемге өз көмегімізді тигізгеніміз абзал, ағайын.  

Байжан ЕМБЕРДІ,

журналист.

Шу ауданы

Ұқсас жаңалықтар