Теңгенің тарихы тереңде
Биыл төл теңгеміздің айналымға шығарылғанына 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан кеңестік социалистік республикалар одағының құрамында болған көптеген басқа елдер сияқты ел ішінде және сыртқы төлемдер үшін ескі кеңестік рубльді пайдаланғаны белгілі. Нақты экономикалық егемендікке қол жеткізу үшін елімізге өз валютасы қажет болғаны анық. Бірақ, сол кездегі жағдайда оны енгізу Қазақстан Республикасы басшылығынан уақыт пен саяси ерік-жігерді қажет етті. Сол талаптан шыға білген ел билігі 1993 жылы өз теңгесін айналымға шығарып, егемендігін, нарықтағы орнын айқындай түсті.
Осынау айтулы мерекеге орай «Достық» үйінде ұйымдастырылған іс-шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі филиалдарының және екінші деңгейлі банктердің өкілдері мен қаржы саласының қызметкерлері қатысты.
– Баршаңызға белгілі, еліміз 1993 жылы қарашада Қазақстанның өз валютасын айналымға енгізетінін жариялап, оның үлгілерін әлемге паш етті. Теңгенің айналымға енгізілуі біздің мемлекетіміз үшін мемлекеттік егемендікті орнату және жаңа экономика құру жолындағы тарихи қадам болды, – деді Нұржан Календеров.
Осыдан кейін ол банк саласының қызметкерлері мен барлық қаржыгерлерге табыс тіледі. Сөйтіп, облысымыздың әлеуметтік- экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін банк қызметкерлерін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттарымен марапаттады.
Бұдан кейін шараға қатысушылар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің облыстық филиалының қызметкерлері мерекеге орай дайындаған көрмемен танысты. Көрмеге 1993 жылдан бері қолданыста болған қазақстандық валютаның заманауи үлгілері де, Қазақстан аумағында табылған түрлі кезеңдегі монеталар да орнымен орналастырылған. Соның ішінде Археологиялық қазбалар кезінде елімізден табылған Қарахандар, Түргештер дәуіріндегі монеталар, Аспан империясына тән ортасында төртбұрышты тесігі бар көне қытай қола монеталары, сондай-ақ, орта ғасырлардағы басқа күміс және мыс монеталар да бар.
Көрменің төрінен орын алған, елімізде айналымға енген 1993 жылғы теңге банкноттары көрушілерінің қызығушылығын туғызды. Экскурсоводтардың айтуынша, алғашқы банкноттар бір, екі және үш теңгелік номиналда болған. Банк қызметкері олардың қысқа ғұмырын қағаздың металл монеталарға қарағанда тезірек бұзылатынын және оны өндіру мемлекет қаражатының көп шығынын талап ететінін айтып түсіндірді. Көрме көпшіліктің таңданысын тудырып, теңге тарихын тереңірек тануға мүмкіндік берді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді