Халық мемлекет қамқорлығын сезінуі тиіс
Мемлекет басшысы 2020 жылғы қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Қалалардағы өзін-өзі басқару мәселесіне жеке-дара тоқталған жөн. «Мүліктік меншік иелерінің бірлестігі» институтын енгізу жөніндегі реформа басталды. Тиісті заң да қабылданды. Енді барлық көппәтерлі тұрғын үйлер кезең-кезеңімен басқару нысанына көшеді. Бұл реформа меншікті басқару ісінде тұрғындар пікірінің ескерілуін, сондай-ақ, тұрғын үйді пайдалану және жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражаттың ашықтығы мен есептілігі болуын көздейді. Үкімет пен әкімдер осындай маңызды реформаның жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге тиіс. Себебі, мұндай бірлестік өзін-өзі ұйымдастыру және басқару институтының бастау негізі. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлейтін кез келді. Парламент соның негізінде тиісті заңдар қабылдайды» деп Үкімет пен әкімдерге нақты міндет жүктеді. Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастар бөлімінің мәліметінше, тұрғын үй қорында 1438 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 151-і барак типтес және 1287-сі екі және одан көп көпқабатты үйлер. Кондоминиум нысаны ретінде Әділет басқармасында барак типтес үйлерді қоспағанда, 1192 көппәтерлі тұрғын үй тіркелген. Бұл 92 пайыз. Тұрғын үй қорын жаңғырту «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында 2011 жылдан бастап жұмыстар жүргізілуде. Қала аумағында 1103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан, оның ішінде 477 үй күрделі жөндеуден өткізілген, қалған 626 үйді жөндеуден өткізу жоспарланыпты.
«Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» және «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы» аясында көппәтерлі тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстары 2011 жылдан бастап республикалық, жергілікті бюджет пен қайтарым қаражатты қоса алғанда 16, 610 миллиард теңгеге 477 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы, 2022 жылы жобалық-сметалық құжаты және сараптамасымен барлығы 3 982 714,0 мың теңгеге 67 үй жөнделген. Биыл 63 көппәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып, 5 372 411 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне ұсынылған. Ал, келесі жылға 33,8 миллион теңгеге 52 көппәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.
Сонымен қатар, биыл 80,91 миллион теңгеге «Бәйтерек» шағынауданындағы №36,37 коммуналдық меншікте тұрған көпқабатты тұрғын үйлердің күрделі жөндеу жұмыстарын өткізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, ұтып алған мердігер – «АКМ Group» ЖШС-мен келісімшарт жасалып жұмыстары аяқталуда.
Сондай-ақ, биыл 5,39 миллион теңгеге Гончарова көшесіндегі №9 көппәтерлі тұрғын үйдің қас беті, шатыры мердігер «Нұр- Сервис-2013» ЖШС тарапынан жөнделген. Төле би даңғылы, 11 «а», үйді күрделі жөндеу туралы биылғы 11 қыркүйекте 179,0 миллион теңгеге мердігер – «ТаразЭлитСтрой» ЖШС- мен келісімшарт жасалған. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары биылғы 20 желтоқсанға аяқталуы тиіс.
Биылғы 1 қарашада жөндеу жұмыстары жүргізілген барлық үйлердің пәтер иелерінен қаражат қайтарымы 90 пайызды құраған. Жоспар 3 917 миллион, қайтарым 3 711,4 миллион теңге.
–Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында берген тапсырмасын орындау мақсатында басқару органдарының жаңа формаларына өту бойынша тұрғындармен жалпы 8430 жиын өткізілді. Жаңа басқару органдарына көшу Жол картасы, жиын өткізу кестесі және медиажоспар бекітілді. Әлеуметтік желілерде және газеттерде мақалалар мен инфографикалық материалдар жариялануда, жергілікті телеарналарға бейнероликтер әзірленіп көрсетілді. Жыл басынан бері 844 үйде басқару органын құру бойынша жиын өткізілді.
Қазіргі таңда Тараз қаласы бойынша 1438 үй болса, оның ішінде 613 үй 30 пәтерге дейінгі үйлерде және 54 коммуналдық үйде мүліктің меншік иелерінің бірлестігі (МИБ) нысанын құру қарастырылмаған. Жалпы, қала бойынша 771 МИБ құру кажет болса, оның қазіргі танда 196-сы құрылды. Әлі де 575-ін құру қажет. Сондай-ақ, 612 – жай серіктестік құрылып, «Easy Project» базасына толық енгізілді. Қала аумағында 311 үйге қызмет көрсетіп келген 24 пәтер иелері кооперативі бүгінгі күнде жаңа басқару органдарына өкілеттіліктерін тапсыруда және сервистік қызметке көшуде.
Қала бойынша 2023 жылға арналған кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп- ұстауға арналған шығыстардың ең төменгі мөлшері 29 теңге сомасында есептеліп, қалалық мәслихатының 2023 жылғы 16 маусымда №4-6 шешімімен бекітілді, – дейді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков.
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты биылғы қыркүйектегі Жолдауында: «...Өткен қыста еліміздің жылу электр станцияларында қайта-қайта апат болды. Бұл жағдай жылдар бойы шешілмеген мәселенің бетін ашып берді. Инфрақұрылымның әбден тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Индустрияландыру қарқынын да тежейді. Яғни, инфрақұрылымды жаңғыртпасақ, жаңа экономикалық үлгіге көшу мүмкін емес. Үкімет жаңа инфрақұрылымдық жоспарда осы саладағы барлық түйткілді ашық көрсетіп, оны шешу жолдарын анықтауға тиіс» – деп атап көрсетті.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласының тыныс-тіршілігімен танысуды қалаға жылу беретін кәсіпорындардың қысқы науқанға дайындығын көруден бастап, Президент тапсырмасының орындалуына назар аударды. Қалаға жылу беру науқаны басталғалы да бір айға жуықтады, әл-әзір жылу қалыпты деңгейде берілуде. Дегенмен, Таразда қыста да күн жылы болады деп арқаны кеңге салуға болмайды, аязды, боранды күндер алда.
Тараз қаласының тұрғын үй қорындағы 1438 көппәтерлі тұрғын үйдің 1331-і орталық жылу жүйесіне қосылған. «ТаразЭнергоОрталық» акционерлік қоғамы – 994, «Жамбыл-Жылу» мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорны – 169, «ТаразТрансЭнерго» мемлекеттік- коммуналдық кәсіпорны – 103, «ЖГРЭС» акционерлік қоғамы – 55 және «София» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 10 үйді жылумен қамтамасыз етеді.
Қала аумағында көппәтерлі тұрғын үйлерде 58 лифт бар. Оның 29-ы Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің теңгерімінде көрінеді. Одан бөлек, әлеуметтік нысандарда 63 лифт орналасқан. Бөлім теңгеріміндегі жеделсатылар Беларусь елінде өндірілген. «МогилевЛифтМаш» зауытынан шыққан қазіргі таңда өндірістен алынып тасталған ескі үлгі. Пайдалануға берілген мерзімі 2009-2010 жылдар аралығы, жалпы қызмет ету мерзімі 25 жыл. Қазіргі танда 88,2 миллион теңгеге Қазыбек би көшесі, №141 үйдің, Абай даңғылы, №159 «а» үйдің екі блогына, «Жансая» шағынауданындағы №1 үйдің және «Алатау» шағынауданындағы №1,1 «а» үйлердің тозығы жеткен барлығы 6 лифтілерін ауыстыру бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланыпты. Мердігер болып, «ТаразЛифтСервис» ЖШС анықталған. 88,2 миллион теңгеге келісімшарт жасалып, орналастырылып жатса керек.
Президент биылғы наурызда VIII cайланған Парламенттің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде: «Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау – басты міндеттің бірі. Қиындыққа тап болған жандар еш көмексіз қалмауы керек. Мемлекеттің әділдігі мен қоғамның жанашырлығы осындайда көрінеді. Әсіресе, ана мен баланы қорғауға айрықша көңіл бөлінуге тиіс» деп атап көрсетті.
Мемлекеттік жәрдемақылардан бөлек, қалалық әкімдік тиісті санаттағы адамдарды баспанамен кезегімен қамтамасыз етуде. Пәтер алу кезегі тізімінде 1 қарашаға 22018 азамат тіркеуде тұр. Оның ішінде әлеуметтік жағынан қорғалатын топтарға жататын азаматтар – 9558, мемлекеттік қызметшілер, өзге де бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен әскери қызметшілер – 6638, көпбалалы отбасы, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана», I және II дәрежелі «Ана даңқы» атағын алғандар 3763 және кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған 29 жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар 1959.
Мемлекеттік қордан пәтер алу кезегінің тізіміне тіркелген азаматтарға түгендеу жұмыстарын жүргізу бойынша электрондық жүйеге түгендеу қолжетімділігін орнату мақсатында облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесе отырып тиісті жұмыстар жасалынып жатқан көрінеді. Алайда, қолжетімділік 50 азаматқа ғана лимиттік шектеу қойылған.
Мемлекеттік қордан пәтер алу кезегінің тізімін ашық түрде жариялау электрондық жүйе арқылы қарау және қадағалау бойынша арнайы «ZhilFondTaraz» мобильдік қосымша жұмыс атқаруда. Одан бөлек, тізім Тараз қаласы әкімдігінің ресми сайтында орналастырылған.
Халықты қолжетімді баспанамен қамту мақсатында оңтайлы ипотекалық бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қордан тұрғын үй кезегінде «I, II топтағы мүгедектер», «Көпбалалы отбасы», «Мүгедек бала асыраушы отбасы», «Кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаттарында кезекте тұрған азаматтарға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 460 пәтерден тұратын 6 үй, сомасы 4,0 миллиард теңге. Бағдарламаға қатысушыларға бастапқы жарнасы 10 пайыз болатын, 1,5 миллион теңгеге дейін тұрғын үй сертификаты берілуде. Ал, «Концепция» бағдарламасы аясында 500 пәтерлі 7 үй, сомасы 4,0 миллиард теңге. Инженерлік құрылысы аяқталған жағдайда конкурсқа шығарылатын болады.
Атап айтқанда, «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы аясында 523 пәтер рәсімделген. «Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы» аясында бүгінгі күнге 3623 пәтерге сатып алу келісімшарты жасалыпты. Баспанаға мұқтаж адам ретінде үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты «Шаңырақ» (5-10-20) бағдарламасы іске қосылып, 751 отбасы баспаналы болған. Сонымен қатар, 2019 жылдан бастап үй кезегінде «Толық емес отбасы», «Көпбалалы отбасы», «Мүгедек бала асыраушы отбасы» санаттарында, оның ішінде, 2023 жылға дейінгі аралықта жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтарға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша – 288 отбасы баспаналы болса, оның 169-ы биыл қол жеткізген.
«Бақытты отбасы» бағдарламасының қатысушыларына бастапқы жарнасы 10 пайыз болатын, бір миллион теңгеге дейін тұрғын үй сертификаты берілуде. 2019 жылдан бері ұсынылып келе жатқан сертификат биыл 97 адамға 95 400 000 теңгеге беріліпті.
Амангелді ӘБІЛ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді