Ақынның жаңа кітабы жарық көрді
Қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар, аты – ақын, заты – өлең Хамит Есаманның жаңадан «Фәни – Құбылыс» атты жыр жинағы жарық көрді. Қасиетті қарашаңырақ – Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, дарынды шайыр Хамит Ерболатұлының бұл үшінші авторлық кітабы 3 мың данамен қалың оқырманға жол тартып отыр. Оған қоса, Хамит ақын күні кеше ғана Қазақстан Жазушылар одағы мен Жетісу облысының әкімдігіне қарасты мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бірлесе ұйымдастырған Ескелді бидің 330 жылдығына арналған республикалық мүшәйраның жүлдегері атанды. Он сегіз мың ғаламды бір тарының қауызына сыйдырған құдіретті Жаратушы иеміз сөз киесін жанына кестелеп жаратқан шынайы ақындарға алты құрлыққа салмақ болар ойды алты, төрт мұхиттай терең сезімді төрт шумаққа сыйғыза алатын дарын дарытқаны әу бастан айдай анық ақиқат. Тура жолдың туын адамзатқа аманат еткен Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың да «Менен кейін ақындар келеді» деген өсиеті әлі күнге дейін адамзат арасында аңыз болып жүруі тегін емес. Осы тұста орталық Азияда һәм ондағы ең ежелгі шаһарлардың бірегейі – Тараз топырағынан кәлимасы ғибратты ғазалмен үндескен мұсылмандықтың шамшырағы Ұлы Далаға шуақ сыйлап, исі қазаққа Ислам дінінің келуі кешегі Атлах шайқасымен сабақтасып жатқаны да белгілі. Руми мен Рудакилер мың жыл жырлаған осынау Тараз төрінде лириканың лебі, саф поэзияның самалы күні бүгінге дейін көзі қарақты оқырманға есіп тұрғаны жасырын емес. Бүгінгі осы лептің көш басында жүрген талант Хамит Есаманның бұған дейін сол кездегі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің арнайы бағдарламасымен «Жалын» баспасынан «Ағаштың бүрі», аталған министрліктің тікелей қолдауымен «Жазушы» баспасынан «Қараша хаттары» атты жыр жинақтары жарық көрген болатын. Ал, күні кеше «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясымен көпшілікке жол тартқан «Фәни – Құбылыс» атты кітабы да еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің бағдарламасымен басылып шықты.
Айта кетсек, «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясы – қазақ әдебиетінің бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған туындыларын жарыққа шығаруды көздейтін отандық бірегей жоба. Ол қазақ әдебиетін модернизациялау, әлемдік деңгейге көтеру сияқты игі мақсат жолындағы нақты қадамдардың бірі.
Осы ретте жырсүйер қауымға жол тартқан «Фәни – Құбылыс» атты өлең кітапқа ақынның жаңадан жазылған бірқатар шығармалары енгізілген. Онда ақын адам, қоғам және заман туралы оралымды ойларын өлеңмен өрнектейді. Жинақтан лирикамен қоса махаббат, қайталанбас өмірдің қайырмасына айналған балалық шақ туралы жырларды да кезіктіруге болады. Одан бөлек, бұл топтамада ақынның мазмұны терең балладалары мен поэмаларын оқи аласыздар.
«Дәуір» баспасынан жарық көрген жинақ «Жүректен өрген қоңыр күй», «Қаламда тұнған қара шер», «Көзімде қалған мұң-шырақ» және «Тағдыр мен тамыр таңбасы» атты бөлімдерден тұрады.
Жаңа жинақ әдебиетсүйер оқырманның рухани олжасына айналарына сеніміміз мол.
Осы тұста халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, Әлихан Бөкейханов атындағы сыйлықтың иегері, республикалық «Алтын тобылғы» әдеби конкурсының жеңімпазы, жырлары испан, әзірбайжан, түрік тілдеріне аударылған ақын, «Aq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаманның кезекті жыр жинағы һәм жүлдесімен құттықтап, шығармашылығына шалқар шабыт, толағай табыс тілейміз!
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Той тағылым мен талғамды тоғыстыру керек
- 10 желтоқсан, 2024
Қатар сапары: Президент Доха форумына қатысты
- 10 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді