Кісіге қиянат қылма

Кісіге қиянат қылма
ашық дереккөз
Кісіге қиянат қылма
Кісінің өмірде өз басынан кешкен немесе куә болған оқиғаларының біразы уақыт өте келе естен шығып кетіп, ұмыт болып жатады. Ал, біразы қанша уақыт өтсе де ойға қайта-қайта оралып, мазалайтын кездері болады. Осындай өзім куә болған бір оқиға есіме жиі-жиі түсіп, әркез ойланып қаламын. Мені үнемі мазалап жүретін осы оқиға өткен ғасырдың сексенінші жылдары болған еді. Ол кезде мен теңімді тауып, жаңадан отбасын құрғанмын. Жұмыс бабымен қазіргі Сарыкемер ауылында тұрып жатқанбыз. Арай қарындасым маған ағайын болып келетін. Жамбыл (Тараз) қаласындағы медбикелер дайындайтын оқу орнын бітіріп, жолдамамен (ол кезде солай еді) осы ауылдағы аудандық емханаға жұмысқа келуіне байланысты Арай біздің үйде тұратын болып келістік. Қарындасым жас, жастың бәрі әдемі болып көрінеді. Өзі мектепті өте жақсы оқыған, ынталы қыз еді. Сондықтан да болар жаңа ұжымға тез бейімделіп, жұмысын бірден алып кеткеніне біз де қуанып жүрдік. Бірақ, уақыт өз дегенін істейді екен. Ал, бұл өмір заңы. Көп ұзамай қарындасымыз өмірден өз жүрек қалауын кездестіріп, көрші ауылға келін болып түсті. Біз ағайындармен бірге ақ батамызды беріп, жастардың шаңырақ көтеру тойын құдалармен тойлап қайтқан едік. Бірақ, осы екі жастың отбасын құрған қуанышы көпке созылмағаны, әрине өкінішті. Тойды аман-есен өткізіп елге оралғанда, ағайындардың арасында «Бай – байды табады, су – сайды табады», деген сияқты күбір-күбір әңгімелер шыға бастады. Себебі, қыздың ағасы Рақымбек қолы ашық, жүрегі жомарт, көпшіл, дастарқаны мол, есігі үнемі ашық тұратын ауқатты, тақуа жан еді. Құданың да дәуірі өрлеп тұрған кісілер екен. Құда сол ауылдағы бақуатты, елге сыйлы кісі көрінеді. Жалпы, екі бақуатты азамат құда болды деген сөз ел арасында қызғаныштан болса да, қуаныштан болса да, желдей есіп жатты. Жас отбасының түтінін шайқаған жел келін мен ененің арасындағы бірін-бірі түсініспеуден басталған. Әрине, өмірде әр отбасының өзіне тән тәртібі, мәдениеті болады. Қыз бала келін болып басқа шаңыраққа келгеннен соң келін деген атқа бейімделу керек. Жас келінді жаңа ортаға сіңдіретін, ақылын айтатын, бұл үйдің тәртібін түсіндіретін әрине ене. Қарындасымыз келін болып түскен үй билігі түгелімен енесінің қолында болып шыққан. Қазанға салар тамақ та енесінің кесіп беруімен асылатын көрінеді. Басқа ішіп-жем құлыптаулы тұрады. Енесінің келісімінсіз бұл үйде еш нәрсе істелмейді екен. Ал, енесі біздің естуімізше әркез дұрыс шешім қабылдай бермеген секілді. Келін мен ененің арасындағы түсініспеушілік жалғаса беріп, аяғы насырға шапқан. Енесі «әйелің мені тыңдамайды», деп баласын келініне қарсы қойған. Ал, баласы болса «сен неге менің шешеме қарсы сөйлейсің» деп әйеліне қол жұмсай бастаған. Отбасы осындай ырду-дырду әңгімемен жүргенде дүниеге Таңат есімді ұл келеді. Бірақ бұл қуаныш та енеге сабыр, байсалдылық, жас отбасыға тыныштық бере қоймаған сияқты. Келінге ұрсу, соғу жалғаса берген. Көз көгерген, бет іскен жағдайлар көп болған. Мәселе күрделеніп бара жатқан соң екі құда бас қосып, балалардың мәселесін шешпек болғанымен, оның дұрыс шешімі табылмаған. Ақыры бір жас шаңырақ бірге өмір сүруін тоқтатқан. Өмірде жанның да, тәннің де емін табатын – уақыт. Уақыт зымырап өтіп жатты. Қарындасымыз ұят болса да үйіне қайтып келіп, өз қызметін жалғастыра берді. Тірі адам тіршілігін жасайды ғой. Қарындасымыздың әкесінен аумай қалған ұлы Таңат он жасқа толған. Өзі Жамбыл қаласындағы қалалық емхананың күйік шалғандарды емдейтін орталықта медбике болып жұмыс істеп жүрген. Қараңыз, тағдыр деген қандай? Арайдың бұрынғы енесін денесі 90 пайыз күйік шалғандықтан орталыққа алып келген. Алғашқы ем-домын жасап жатқан келініне енесі: «Арай, сенің обалыңа мен қалдым. Сол үшін мені Құдай жазалап, осы азапқа салып, сенің алдыңа әкеліп отыр. Кешіре алсаң, кешір», – дегенде, Арайдың жүрегінде енесіне деген қатып қалған қара тас жібігендей болған. Бәлкім, бұл енесінің қазіргі мүшкіл халін көріп аяп тұрғаннан ба, әлде жастайынан әке-шешеден алған дұрыс тәлім-тәрбиеден бе, «кештім апа, кештім» деген сөз аузынан шыққаны сол екен, «рақмет, балам» деген енесі сол жерде басқа тіл қатпай жантәсілім еткен. «Кісіге жасаған қиянат түбінде қайтып өз алдыңа келеді» дегенге бұдан кейін қалай сенбейсің? Ендеше, ешкімге қиянат жасамай, әсіресе жас отбасылардың жарасымды жұп болуларына үлкендік ақылымызды айтып жүрейік. Онсыз да қазір үйлене салып, ажырасып жатқандар аз емес қой. Бала жетім, ана жесір қалмасын. Ал, бұл көпті ойландыруы керек.  

Нұртаза АМАНҚОЗИЕВ,

ауданның Құрметті ардагері.

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар