- Advertisement -

Мемлекеттік Ту қалай дүниеге келді?

49

- Advertisement -

Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің төлқұжаты. Оны насихаттаудағы мақсат – әрбір жастың жігерін оятып, оның Отан, туған жер туралы түсініктерін кеңейту. Сонымен бірге, жастарды отансүйгіштікке, адамгершілікке, Отанына, халқына адал қызмет етуге, елінің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеуге, халқының тегін, тарихын білуге тәрбиелеу.

Отанды сүю әрбір ел азаматының парызы, әрі қасиетті міндеті. Соның ішінде, ата-анаға, туған жерге, еліңе деген махаббат Отанға деген сезімге ұласады. Бұдан бөлек, Отанды оның ұрпақтан-ұрпаққа берілетін салт-дәстүрлері, кең даласы мен асқар таулары, сарқырап аққан өзендері мен айдын көлдері үшін де жақсы көруге болады. Туған елге деген жұдырықтай жүректегі сол шексіз махаббат елің үшін елеулі бір еңбек жасауға алып келері анық.

Бәсекелі байрақтарда Туымыз көкте желбіреп, Әнұранымыз асқақтала шырқалғанда тебіренбейтін жан қалмайды. Көк Туымыз көкке көтерілген сайын кеудемізді мақтаныш сезімі билейді. Ол сезімді мен мектепте өткен іс-шараларда да, мерекелік жиындарда да оқушылардың жүзінен байқаймын. Туымыздың биікке көтерілуі, Әнұранның құдіретке толы сөздері әрбір жанға күш-қуат, рух береді.

Мен бүгін жерлесіміз, Қазақ халқының біртуар ұлы, еліміздің мемлекеттік Туының авторы – Шәкен Оңласынұлы Ниязбеков туралы айтқым келеді.

Бүгінгі таңда Шәкен Оңласынұлына облысымызда лайықты құрмет көрсетілуде. Жерлестері Жамбыл ауданында туған ауылына мемлекет қайраткерінің есімін берді. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі бойынан Шәкен ауылына бұрылар бұрылысқа Ту тұғыры орнатылып, аллея ашылды. Аса ауылы мен Тараз қаласынан бір көшеге есімі берілсе, енді Тараз қаласындағы бір мектепке есімі берілгелі жатыр екен. Бұл – Ту авторына деген жерлестерінің құрметі деп білемін.

Шәкен Ниязбековтің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының авторы болуы – тума талантымен қатар, Отанын шексіз сүйгендігінен туғаны анық. Шәкен Оңласынұлы еліміздің Мемлекеттік туын жасауда Отанға деген шексіз махаббат таныта білгенін бүгінде көк Туымыздың бейнесіне қараған сайын әрбіріміздің де сезінетініміз даусыз. Шәкен ағамыздың да көкейінде еліміздің рәмізі алдымен халқының көңілінен шықса деген толқулы сезім болған екен.

Ағамыздың жерлесі әрі бауыры, інісі Сейдилла Пірімқұловтан Ту авторы туралы біраз мәлімет алып, оның Отанына деген шексіз махаббатын тани түстік. «Шәкен Оңласынұлы үнемі Тудың тарихы туралы тебірене айтып отыратын. Ол бір әңгімесінде: «Ең алдымен Парламент бекіткен Тудың осы үлгісі халқымызға ұнай ма екен, халқымыздың таңдауына, талғамына сәйкес келе ме екен деген қобалжу сезімі басым болды. Бойымды біртүрлі қорқыныш сезімі билегендей күй кештім…» деп еді. Бүгінде Тәуелсіз еліміздің бейбіт аспанында өзінің тұғырында желбіреп тұрған көк Туымызға сүйсінбейтін қазақ жоқ. Бұл кезінде Ту авторының да көкейіндегі күдігін сейілтіп, ел алдындағы еңбегінің ақталғанын көрсетеді.

Өздеріңіз жақсы білетіндей, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес болып келеді. Тарихшыларымыздың кітабында, көк Ту туралы мәліметтер жоқтың қасы. Есесіне, тарихта қызыл, жасыл, ақ тулардың болғаны айтылады. Кейбір деректерде Абылайдың жасыл ту ұстағаны, сондай-ақ ханның немересі Кенесарының да байрағының түсі жасыл болған көрінеді. Ал, Амангелді батыр атасы Иман батырдан қалған алашұбар туды төбесіне көтерген. Бұл жайлы Ахмет Байтұрсынұлы «Мұсылманның ұраны – шұбар ала ту алдың» деп жырлайды. Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы да қазақта шұбар ала ту болғандығын айтқан. Соған қарағанда, қазақ тарихында шұбар ала тудың қасиеті мол болғанға ұқсайды. Шұбар ала ту, әсіресе ұлт-азаттық көтерілістер көсемдерінің негізгі нышанына айналды. Қазақта ақ ту көтеру дәстүрі бұрыннан бар. Дешті Қыпшақтың да туы ақ болған дейді. Олардың ұғымында ақ түс – тазалықтың, әділдіктің нышаны. Қазақ хандығында әр ханның, тіпті әр батырдың жеке байрағы болған екен. Тарихи құжаттардан Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек батырлардың өз туы болғанын білеміз. Қабанбайдың, Оспан батырдың байрақтарының түсі ақ екен. Абылай ханның да жауынгерлерді ерлік пен өрлікке бастаған туының түсі ақ болыпты. Хан байрағы ұзындығы үш құлаш найзаға сапталыпты. Биіктігі – 150, ені – 70 сантиметр болатын ақ байрақ екенін тарихшылар жазып жүр. Осы деректерден-ақ, тудың мемлекет тарихында қаншалықты маңызды орын алатынын білуге болады.

«Мемлекеттік Тудың авторы болуы – елімізге еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Оңласынұлы Ниязбековтің суретшілік қабілетінің мойындалуы. Бұл азаматтың арман-ойының халықпен бірге, халықтың арманымен тереңнен үндескендігі», – дейді інісі Сейдилла Пірімқұлов.

– Мемлекеттік Туды бекітуге арналған байқауға бұрынғы Кеңес Одағы, неміс, түрік, моңғол елінен жүздеген қылқалам шебері өз нұсқаларын жолдаған. Жалпы, 1200-ден аса жұмыс сынға түсіпті. Солардың арасынан қара үзіп, көптің көңілінен шығатындай байрақ салу екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақ болса керек. «Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдарымыз болатын. Бір күні Президент аппаратында істейтін бір қызметкер хабарласып, Мемлекеттік Туға байқау жарияланып жатқанын айтты және қатысуымды да өтінді. Осы оқиғадан кейін, барлық жұмысымды ысырып қойып, Тудың жобасына кірісіп кеттім. Дүниеге еліміздің өткені мен болашағын баяндайтын Ту әкелу – басты мақсатым болды. Байқауға қатысушыларға жарты жыл уақыт берілді. Ұзақ уақыт ой үстінде, толғаныста жүрдім. Тарихи кітаптарды ақтаруыма тура келді. Әрине, Ту – біздің мемлекеттігіміздің, тәуелсіздігіміздің белгісі. Өзге ел біздің Туымызға қарап-ақ өткеніміз бен болашағымыздың болмысын түсінсе деген ойда болдым. Талай кітапты ақтардым. Халқымыздың өткен тарихын парақтап шықтым. Өзге елдердің туларын зерттедім. Бір өзім Тудың отыз бестен астам нұсқасын жасадым. Байқаудың соңғы күндері көз ілмедім десе де болады. Қабылдауға баратын күні біздерді сағат сегіздерге шақырған. Ал мен неше күндік ұйқысыздықтан абдырап қалсам керек, ұйықтап қалыппын. Бірақ, бардым. Соңғы талқылауға бес-алты Ту ғана қатысты. Менің Туымды көрген марқұм Өмірбек Жолдасбеков: «Біз іздеп таба алмай отырған Ту осы емес пе?» – дегенде, жұрт қолдай кетіп, ду қол шапалақтауынан менің төбем көкке шамалы жетпей қалды емес пе?! Сонымен не керек, Ту мәселесі соңғы кеңесте қаралатын болды. Мен де оған дейін Туыма өзгерістер енгіздім. Тудағы оюдың түсі алғашында қызыл түсті болатын. Кейін оны күн мен қырандай алтын түске ауыстырдым. Күн мен қыран Тудың шет жағында еді, оны Елбасының ұсынысымен ортасына қарай жылжыттым. Ту соңғы кеңестен де сүрінбей өтіп, мен Мемлекеттік Тудың авторы болып шыға келдім» деп айтқаны бар еді, – дейді Сейдилла ата.

«Көк түс – қазақтың көк тәңірісі аспанның түсі. Ол ынтымақ пен бірлік, байлық пен берекені аңғартады. Жер шарында барлығын бөліске салуға болатын шығар, бірақ ешкім көк аспанды бөліске сала алмайды. Ол – ортақ. Күн арқылы қазақтың мейірімділігі мен ақ пейіл мінезін бергім келді. Қыран құс та халқымыздың биікке ұмтылғыш қасиетін, күш-қайратын көрсетеді. Ол – ерлік пен азаттықтың символы. Байқауда да көпшілік бірауыздан қыранды қолдады. Тек «Не себепті қыран құсты таңдадыңыз?» деген сұрақ болды. Оған мен 1269 жылы Италиядан шығып, қазақ даласын кесіп өтіп, Құбылай ханның ордасына барған, сонда 17 жыл тұрып, қызмет атқарған Марко Поло деген саяхатшының өмірден өткенін, ол өзінің «Әлемдегі қилы оқиғалар» атты кітабында «далалықтардың әр үйінде бір-бірден бүркіт бар» деп жазғанын айттым. «Әрине, ол далалықтар, сөзсіз біздің ата-бабаларымыз, қазақтар. Қыран құсты қазақ қана сонау шыңнан балапан кезінде әкеліп, асырайды. Қыранды бағындыру қазақтың ғана қолынан келеді. Сондықтан да біздің Мемлекеттік Туымызда қыран құстың көрініс табуының заңды екенін айттым. Қошқар мүйізді ою – қазақтығымыздың нышаны.

Әрине, әр елдің Туының көлемі әртүрлі. Менің туымызды «бір де екі» етіп алуымның мәнісі мынандай. Біздің солтүстік өңірдің желі қатты. Еліміздің сондай өңірлерінде Туымыз мен мұндалап желбіреп тұрса екен деген ниет қой біздікі. Бұл Ту енді менікі емес, қазақ халқының, мемлекетіміздің құндылығына айналды. Әрине, ерекше толқығаным есімде. Дегенмен, мен үшін Туды халықтың қабылдауы өте маңызды еді. Мұндай жеңіс оңайдан-оңай келе салмайды. Оның артында терең ізденіс, батыл шешімдер, ерекше дарын мен күш-қуат жатыр. Әр жобаның өз идеясы, өз философиясы бар» деп айтқан болатын ағам», – дейді ол.

Шәкен Оңласынұлының туған жері – киелі Әулиеата өңірі. Оның арғы атасы дана Төле би. Әкесі Оңласын шаруа кісі болса, анасы Айнагүл ісмер, он саусағынан өнер тамған, өз еліне аты мәлім әншілік өнері болған екен. Шәкен орта мектепті Тараз қаласындағы В.Ленин атындағы орыс мектебінде оқиды. Осы білім ордасы жас баланың талантын ұштап, үлкен аренаға жетелейді. Мектепте бір ғана сурет үйірмесіне ғана қатысып қоймай, жас техниктер үйірмесі, спорттық үйірмесіне де уақыт тауып, қатар қатысады. Спорттық гимнастикамен де үзбей шұғылданады. Мектепті бітіргеннен кейін Шәкен Ниязбеков 1956 жылы сол тұстағы атақты оқу орны болған Ленинград қаласындағы В.И.Мухин атындағы жоғарғы көркем-өнеркәсіптік училищеге оқуға түседі. Шәкен Оңласынұлының осы оқу орнында оқып жүргенде алғашқы тамаша картиналары дүниеге келеді. Оның туындылары елімізде, ТМД елдерінде және шетелде кеңінен танымал бола түседі. Мысалы, интарсия техникасы бойынша әзірлегенді жақсы көрді. Интарсия дегеніміз – жиһаз беттеріне сурет салу деген мағынаны білдіреді. Бұл саладағы оның еңбегі өзінше бір төбе. Бұдан бөлек, дизайнер ретінде Кеңес Одағы кезінде санаулы дарындылар қатарында «Волга-24» жеңіл автокөлігін құрастырушылардың бірі болған. 1980 жылдары Шәкен Ниязбеков Қазақ ССР Суретшілер одағының басқарма төрағасы, Алматының бас суретшісі қызметтерін атқарған. 1982-1990 жылдары Қазақ ССР жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланады. Қызмет ете жүріп сурет салуды да ұмытпаған.

Алматы – мемлекетіміздің рухани жүрегі. Қала елтаңбасының ең үздік жобасына жарияланған байқау өте жауапты болды. Елтаңбаға Алатаудың ұлылығы, Алматының әлемге әйгілі «апорт» суретінен басқа Ш.Ниязбеков қар барысын енгізіп, түпкілікті жаңа ұйғарым жасады. Дәл осы барыс қала аумағынан шығып, еліміздің символына айналғанын да атап өтпеске болмайды.

Шәкен Оңласынұлының алда 85 жылдығы келе жатыр. Оны республика деңгейінде өткізу жоспарлануда. Ал, туған жерінде Ту авторының мерейтойын атап өту іс-шаралары біраздан бері ұйымдастырылып келеді. Мемлекеттік Ту авторының елімізді дамытуға, оның рухани мәселелеріне қосқан үлесі туралы насихат жұмыстарын үнемі жүргізіп отыру – біздің азаматтық міндетіміз.

 

Динара ҚАЛДЫБЕКОВА,

облыстық жасөспірімдер үйінің педагог-психологы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support