Табиғатты қорғау – болашақты ойлау

Табиғатты қорғау – болашақты ойлау
ашық дереккөз
Табиғатты қорғау – болашақты ойлау
Адам баласына табиғаттың берер сыйы мол. Оны пайдаланып, игергенмен зияндылықтардан қорғап, табиғи байлықты арттыруды көбіне ұмыт қалдыратынымыз рас. Тіпті, Жер-Ана қазынасын жеке басқа қолданғысы келетіндер аң-құсын аулап, сирек кездесетін ағаш, өсімдіктерін отап кететін қиянаты тағы бар. Табиғаттың саясында демалып, артын жинамай, қоршаған ортаны ластап кететіндер де аз емес. Осындай қастандықтарға жол бермей, қаскөйлердің жолын кесіп, тоқсауыл қою мақсатында «Мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мезгіл таңдамай қызмет етіп келеді. Бұл мекеме облыс әкімінің 2019 жылы 29 қарашадағы шешімімен құрылған. Негізгі міндеті – қоршаған ортаны, табиғи ресурстарды, ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау, күзету және осы саладағы зиянды іс-әрекеттердің алу. – Табиғаттың адамзатқа берген сыйын сақтау қашаннан да өзекті мәселе болып келеді. Осы мақсатта қызмет ететін «Сапсан» қызметкерлеріне жүктелген жауапкершілік те жеңіл емес. Мекеме қызметкерлері Қазақстан Республикасының Заң талаптарына сәйкес, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау, күзету және мемлекеттік орман қоры жерлерінің 4430,7 мың гектарын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың 3715,4 мың гектарын, еркін аймақтардың 2094,6 мың гектар жер аумағында қасақана қаскөйлікке қарсы және құқықбұзушылықтарды болдырмау, ондай ашкөздіктің алдын алу және жолын кесу жұмыстарын атқарады. Жыл басынан бері 124 рейдтік іс-шаралар жүргізілді. Табиғат қорғау заңдарының талаптарын бұзғандарға 147 хаттама толтырылып, әртүрлі деңгейде айыппұлдар мен залалы салынды. Барлығын қосқанда 2 227 755 теңге, оның ішінде айыппұл 2 071 135 теңге, залалы 798345 теңге салынып, заңды түрде өндірілді. Жануарлар дүниесiн пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзғандарға 23 (қоян, қырғауыл, үйрек) әкімшілік хаттама толтырылды, оның ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтан 1 оқиға тіркелді. Кеспеағаш қорын пайдаланудың, сүрек дайындау мен әкетудiң, орман материалдарын алудың белгiленген тәртiбiн бұзғаны үшін 5 оқиға тіркеуге алынды. Мұнда сексеуіл ағашына зиян келтірілген. Балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзғандарға 58 оқиға бойынша хаттама толтырылды. Әкімшілік Кодекстің 383-бабымен бір азамат заңсыз құралдармен, яғни 5000 метрге жуық синтетикалық тормен ұсталды. Анықтау барысында 1 қайық, 1 «маринка» балығы тәркіленіп, Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясына өткізілді. Орман қоры жерлерiнде, орман билетінсіз шөп шабу және дәрiлiк өсiмдiктер жинау бойынша 14 әкімшілік хаттама толтырылды, – дейді аталған мекеме директоры Әлиби Сағындықов. Облыс әкімдігінің «Мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметі» жуырда екі оқиғаны тіркепті, яғни 5 текше метрден астам сексеуілді отап, сатпақ болған екі азаматты қолға түсірген. Жедел қызметтің директоры Әлиби Сағындықовтың айтуына қарағанда, құмды аймақтағы құнды отынды түбірімен отауға құмарлардың қатары көбейіп барады. Мойынқұм ауданынан екі оқиға анықталыпты. Заңсыз көк сексеуіл ағашын кесіп, одан кеспеағаш қорын пайдаланудың, сүрек дайындау мен әкетудiң, қосалқы орман материалдарын алудың белгiленген тәртiбiн бұзғаны үшін заңсыздыққа барған азамат құрықталған. Одан көк сексеуіл мен сексеуіл ағашын кесетін құрылғы (станок) тәркіленіп, Мойынқұм аудандық полиция бөлімшесіне өткізіліпті. Қазіргі таңда бұл бойынша алдын ала тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Мойынқұм ауданы «Көктерек» орман шаруашылығының жерінде «Құлан-көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тиісті құжаттарсыз, орман қоры аумағында заңдастырмай көмір қазу жұмыстарын жүргізіп жатқаны анықталған. Осы жағдайға байланысты «Мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметі» инспекторларымен келісім жасалынып, жергілікті полиция бөліміне тапсырылған. Қазіргі таңда құқық қорғау органдарымен заңсыздықтарды анықтау амалдары жүргізілуде. – Әкімшілік хаттама толтырылған азаматтардан 24 аңшы мылтығы тәркіленіп, оның ішінде 18-сі заңсыз, яғни еш жерде тіркелмеген қару екендігі анықталып, аудандық полиция бөлімшелеріне өткізілді. Бүгінгі таңда заң бұзушыларға 3 қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Жануарларды заңсыз аулау фактісі бойынша 2 әкімшілік іс қозғалып, аудандық сотқа жолданды. Жер бетіндегі адам өмірі табиғатпен тығыз байланысты, табиғаттың байлығына орман, тоғай және жануарлар дүниесі жатады. Емін-еркін жүріп, табиғат байлығына жауыздық жасаушыларға тосқауыл қояр қызметіміз ары қарай да жалғасын табатын болады, – дейді Әлиби Сағындықов. Халықтың «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген мақалын үнемі есте сақтасақ, келер ұрпаққа қалдырар мұрамыз мол болар еді. «Пайдалысын бүгін қолдансақ, ертеңгі күні балаларымыздың жағдайы қандай болмақ?..» дегенді әркім жадында ұстаса, Табиғат-Анаға ашкөздікпен қарап, қастандық жасайтындар болмас па еді, мүмкін.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар