Маман біліктілігі қауіптен қорғайды

Маман біліктілігі қауіптен қорғайды
ашық дереккөз
Маман біліктілігі қауіптен қорғайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында ветеринария саласын реформалау, орталық пен өңірлердің нақты міндеттерін айқындау, үрдістерді цифрландыру, мал дәрігері мамандарын дайындау, олардың жалақыларын өсіру сынды маңызды міндеттерді жүктеген болатын. Бұл тапсырмалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Осыған орай, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің хаттамалық тапсырмасына сәйкес, облыстық ветеринария басқармасы мал дәрігерлерінің біліктілігін арттыратын екі күндік семинар ұйымдастырды. «Жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларының профилактикасы, диагностикасы және емдеу шараларының методикалық және практикалық әдістемелері» тақырыбындағы ветеринариялық дәрігерлердің біліктілігін арттыру семинары Т.Рысқұлов ауданының Құлан агротехникалық жоғары колледжінде басталды. Алғашқы күнгі оқыту жұмыстары теориялық түрде жүргізілді. Құрылғалы бергі 100 жыл тарихы бар Құлан агротехникалық жоғары колледжі дайындаған мамандар бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде табысты еңбек етіп жүргенін айтқан колледж директорының орынбасары Гүлмира Маханбетова бүгінгі семинарда да білікті оқытушылары озық тәжірибелерімен бөлісетіндерін жеткізді. – Ауыл аймақтардағы мал дәрігерлеріне арналған семинарда негізінен шаруа қожалықтарының малдарында жиі кездесіп тұратын паразиттік аурулардың алдын алу шараларын көбірек айттық. Малда кездесетін аурудың бастапқы белгілеріне қарап, дұрыс диагноз қоюды және оны емдеудің тиімді тәсілдерін көрсетеміз. Аурудан қорғану дәрігер үшін де маңызды, сондықтан біз тек малды емдеу шараларын ғана емес, адамның қорғануына да ерекше мән бердік, – дейді колледж оқытушысы Бауыржан Тұтқышбаев. Кәсіби біліктілігін арттыруға келген ветеринарлар да екі күндік семинардан пайдалы дүниелерді ұққандарын айтты. – Ветеринар мамандарына арнап ұйымдастырылған кәсіби біліктілікті арттыру семинары дер кезінде қолға алынған шара деп ойлаймын. Себебі, алға жылжыған уақытпен бірге бәрі де өзгеріп, жаңарып отырады. Тіпті, аурулар да жаңаша белең алады, соған қарай емдеу тәсілдері де жаңғырады. Сондықтан, әсіресе емдеу ісімен айналысатын мамандардың жиі кәсіби білім алып тұруы маңызды. Мен осы салада 15 жылдан бері қызмет етіп келемін. Осынша уақыт бұрын біз оқыған әдістемелер қазір көп өзгерген. Тіпті, препараттарда да, фармацевтикада да жаңалық бар, – дейді Меркі ауданы, Аспара ауылының мал дәрігері Мейіржан Жарқынтаев. – Ветеринар болып 13 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Халық нақылында «Медицина адамды емдейді, ветеринария адамзатты емдейді» деген сөз бар. Яғни, адамның арқауы болар ас мал өнімдерінен болатындықтан, төрт түліктің саулығы, азық-түлік қауіпсіздігі адамзаттың денсаулығын қорғау үшін аса маңызды. Сол себепті де малдың денсаулығын сақтауда қызмет ететін мамандардың біліктігін арттырып отыру өте қажет іс деп білемін. Жалпы, мал асыраушыларға жем-шөппен қоса пайдалы дәрумендерді де беріп отыруға кеңес берер едім, сонда ғана малдарды түрлі жұқпалы дерттерден қорғай аламыз, – дейді әріптесінің сөзіне қосылған Ойтал ауылының мал дәрігері Жәнібек Тасыбаев. Облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Талғат Қожабергеновтің айтуынша, облысымызда 160 ветеринарлық пункт, ветеринарлық станция бар. Сол мекемелерден келген мамандарға тек аурудың алдын алу, емдеу шаралары ғана түсіндіріліп қоймай, осы істегі заңдылықтардың ережелері де, енгізілген өзгерістер де жеткізілді. Кәсіби шеберлікті шыңдау мақсатындағы семинар алғашқы күні теориялық түрде өтсе, келесі күні практикалық әдістері көрсетілді. Бұл семинар Құландағы колледжбен қатар Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтында да ұйымдастырылды.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар