Сайланған әкімдер сенімді ақтауы тиіс

Сайланған әкімдер сенімді ақтауы тиіс
ашық дереккөз
Сайланған әкімдер сенімді ақтауы тиіс
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен саяси реформа аясында екі жыл бұрын ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмі іске қосылды. Осылайша, еліміздің көптеген елді мекендерінде баламалы негізде сайланған жаңа әкімдер жауапты қызметтеріне белсене кірісті. Ал, биыл бұл демократиялық үрдістің қисынды жалғасы ретінде пилоттық негізде аудан әкімдерінің сайлауы өтті. Ел азаматтарының мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыруды мақсат еткен қанатқақты жоба шеңберінде өткен жексенбі күні өңіріміздегі Жуалы және Т.Рысқұлов аудандарында аудан әкімдерінің сайлауы өтті. Нәтижесінде қос ауданда да мемлекеттік қызметте айтарлықтай тәжірибеге әрі ел- жұрттың сеніміне ие болған қос азамат жеңіске жетті. Күні кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Жуалы ауданының әкімі болып сайланған Жа лғас Мұрт азаны аудан активіне таныстырды. Айта кетейік, Жалғас Әлижанұлы осынау саяси науқанда үш кандидаттың ішінен 84,84 пайыз дауыс жинаған. Аудандық сайлау комиссиясының мәліметіне сүйенсек, бұл сайлауға аудан халқының 62,9 пайызы қатысқан. Ербол Шырақпайұлы өз сөзінде аудан басшысына сайлауалды бағдарламада көрсетілген маңызды міндеттерді орындауды тапсырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға күш салу қажеттігін міндеттеді. Аудан әкімдерін тікелей сайлау – жалпы өзін-өзі басқару жүйесінің маңызды бөлігінің бірі. Сондықтан, аудан әкімін тікелей сайлаудың нәтижесі аса маңызды. Бұл бір жағынан сайланған әкімнің жауапкершілігіне байланысты. Сондай-ақ, қарапайым халықпен қарым-қатынастағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының шын мәнінде жүзеге асуына өз үлесін қосады. Аудан басшысы «Ауыл аманаты» бағдарламасын орындау, ағын су мәселесін шешу, су үнемдеу технологиясын тиімді пайдалану мен ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, мемлекеттік бағдарламаларды орындау ісіне айрықша көңіл бөлуге тиіс. Сонымен қатар, жұмыспен қамтуды үйлестіру, шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіпкерлік субъектілерін қаржылай қолдау және жаңа бизнес идеяларды іске асыру, ауданның мүмкіндігін ескере отырып туризмді дамыту мәселесіне назар аударуға міндетті, – деді Ербол Қарашөкеев. Өз кезегінде Жалғас Мұртаза сенім білдірген аудан халқына алғыс білдіріп, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін арттыруға бағытталған сайлауалды бағдарламасында көрсетілген міндеттерді орындауға сөз берді. Сондай-ақ, бұл күні аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев Т.Рысқұлов ауданына да арнайы барып, аудан активіне саяси науқанда жеңіске жеткен Ернар Есіркеповті таныстырды. Жалпы, аудан басшысы жергілікті халықтың 50,8 пайызы қатысқан сайлаудың нәтижесінде 80,16 пайызбен өзге кандидаттардан басым түскен. Ербол Қарашөкеев халық сайлаған әкімге бірқатар маңызды міндеттер жүктеді. Облыс әкімі Ернар Есіркеповке тек өзінің сайлауалды бағдарламасында көрсетілген межелерді ғана емес, өзге үміткерлердің де бағдарламасында көрсетілген міндеттерді назарға алуды тапсырды. Бұдан бөлек, ауданның ауыл шаруашылығы саласында бірқатар өзекті мәселелер бар екенін баса айтып, су тапшылығы мәселесін шешу, игерілмеген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мен қаржыны тиімді игеру күн тәртібінен түспеуі қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, жергілікті азаматтардың ұсыныс-пікірі мен талап-тілегі жіті бақылауға алынуы қажеттігін айтты. Ал, ел сеніміне ие болған Ернар Есіркепов өзіне артылған сенімді ақтауға уәде берді. Жиын соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов ақсақалдар атынан аудан басшысының жұмысына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.  

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар