Соңғы бесжылдықта еліміз мемлекет басшысының бастамасымен өндірісті инновациямен жандандырып, жалпы, экономиканы индустрияландыру саясатын жақсы жолға қойды. Ол үшін Үкімет арнайы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын бекітті. Сол арқылы индустрияландыру саясатының бес жылдық белесін белгілеген болатын. Сөйтіп, осы бағдарлама бойынша түзілген Индустрияландыру картасына әр облыс жыл сайын өзінің тың жобаларын ұсынды. Жақында ғана Индустрияландыру күні аясында Елбасының қатысуымен өткен тікелей эфирдегі телекөпірде іске қосылған 15 жобаны қоса есептегенде биыл еліміз 150 жаңа жобаны жүзеге асырды.
Бұл бағытта біздің облыс та бес жыл ішінде өзінің жаңалыққа толы индустриялық жобаларын ұсынып отырды. Әсіресе, біздің баламалы қуат көзін өндіруге бағытталған жобаларымыз елімізде көшбасшы орынға ие болып отыр. Әсіресе, Қордайдағы «Отар» күн электр станциясы» мен «Vista international» ЖШС жүзеге асырып жатқан жел электр станцияларының инновациялық жобалары еліміз бойынша тұңғыш рет өндіріске қосылды. Мойынқұмдағы «Мыңарал цемент зауыты» да еліміз бойынша баламасы жоқ жоба. Еліміздің Индустрияландыру картасы аясында облыста жалпы құны 597,2 миллиард теңгені құрайтын 41 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың барлығын іске асыру барысында құрылыс жұмыстары кезеңінде шамамен 7,9 мың және іске қосылған кезеңде 8,2 мың адам жұмыс орнымен қамтылады деп жоспарланған. 2010-2013 және 2014 жылдың 10 айында Индустрияландыру картасы шеңберінде 120,3 миллиард теңгені құрайтын 30 жоба іске асырылып, 4,6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Іске қосылған 30 жобаның әзірге 27 жобасы өнім беруде. Осы жиырма жетінің 18-і 50 пайыздан жоғары жоспарлы қуатына шығып, тиісті өнімдерін өндіріп отыр. Атап айтсақ, оның ішіндегі «Жасұлан және К» ЖШС, «МыңаралТасКомпани» ЖШС, «Луговой жылқы зауыты» ЖШС, «Амангелді ГӨЗ» ЖШС, «Аль-Басар» ЖШС сынды бірқатар компаниялар 100 пайыздық қуатында өнім беруде. Ал, 8 жоба 50 пайыздан төмен жоспарлы қуатын игерген. Индустрияландырудың алдағы екінші кезеңінде бұл өндіріс орындары жоспарлы қуатын одан әрі арттырады деген ойдамыз. Іске қосылған 30 жобаның ішіндегі біреуі – «ACIG» АҚ-ның цемент зауыты 2011 жылдың 6 желтоқсанында іске қосылып қойған. Дегенмен, алдыңғы акционердің жобаны аяқтауға қаржылай мүмкіндігінің болмауына байланысты зауыт өнім өндіруге уақтылы кірісе алмаған. 2013 жылы жобаға
жаңа инвестор тартылып, зауытты қалпына келтіру, жаңарту жұмыстары қолға алынды. Соған сай жаңа инвестор мен облыс әкімдігі арасында біріккен жоспар әзірленіп, бекітілді. Оған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жергілікті атқарушы билік тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында, темір жол мәселесі шешіліп, шикізат базасы да пайдалануға берілді. Жоба бойынша негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, 15 700 тоннаға жуық клинкер және 5000 тонна цемент шығарылды.
Биыл да облысымыз индустрияландыру бағытында едәуір жетістектерге жете алды. Мәселен, 27 маусым күні Қаратау қаласы іргесіндегі «Talas Investment Company» ЖШС-ның «Натрий цианидін өндіру зауыты» іске қосылды. Зауыттың бас директоры Бақтияр Алдашовтың айтуынша, зауыт жылына 15 мың тонна химиялық реагент өндіреді. Бұл өнімді алтын өндіруші кәсіпорындар тұтынбақ. Сонымен қатар, натрий цианидін өндіру барысында шыққан қалдықтарды кәдеге жаратуда құнды минерал тыңайтқышы – сульфат аммоний алынбақ. Бұл өнімнің көлемі жылына кем дегенде 5 мың тоннаны құрайды. Ол жергілікті ауылшаруашылық тауар өндірушілері үшін таптырмас өнім. Бұл зауыт арқасында еліміз енді химиялық реагент импортына тәуелді болмайды. Тіпті, экспортқа шығаруға қуатымыз бар. Зауытта автоматтандырудың ең жоғары желісі енгізілген. Одан бөлек, барлық жұмыстың қауіпсіздігіне компьютерлік мониторинг жүргізіледі. Мұнда 500 адам тұрақты жұмыс істейтін болады. Натрий цианидін өндіретін бұл химиялық зауыт еліміздегі Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған бірегей жоба. Оның құрылысы 2012 жылы басталған болатын. Жалпы, жұмсалған инвестиция көлемі 12,9 миллиард теңгені құрап отыр.
Биыл ашылған «Бином Строй Деталь» ЖШС темірбетон бұйымдарының ондаған түрін өндірмек. Бұған қоса арнайы цехтарда ағаш және пластикалық есік-терезелер дайындалады. Бұл серіктестік қолға алған ірі жобаның бірі – Индустрияландыру картасына енгізілген «Тұрғын үй комбинатының құрылысы». Серіктестік базасында салынған нысанның құны 700 миллион теңге. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істегенде жылына 19500 текше метр ірі қабырғалық панель шығаратын болады. Ол іске қосылғанда жаңадан 100 жұмыс орны ашылмақ. Германиялық озық жабдықтармен жарақтандырылған комбинат құрылысы толық аяқталды. Комбинат алғашқы қабырғалық панельдерді шығаруды қолға алған. Осындай материалдармен тұрғын үйлер жылдам әрі сапалы салынады. Өзімізде өндірілгендіктен оның құны 15 пайыз төмен болады. Зауытта шығарылған ірі қабырғалық панельдер «Қолжетімді баспана-2020» бағдарлама аясында салынатын бірқатар жаңа мөлтек аудандар құрылысына пайдаланылады.
«Vista international» ЖШС жобасы еліміздегі «жасыл экономика» бастамасының алғашқы қарлығаштарының бірі. Оның кезекті бір мақсаты – әлемдік «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне отандық өнім ұсыну. Аталған серіктестік Қордай асуында өндірістік қуаты 21 мегаватт болатын, жалпы сомасы 6362 миллион теңгенің жобасын іске асырып келеді. Күні кеше ғана Елбасы қатысуымен өткен телекөпір барысында жобаның 9 мегаваттық бөлігі іске қосылды. Инвесторлар қалған жел электр қондырғыларын келесі жылы орнатуды жоспарлап отыр. Жалпы қуаты 21 мегаватт болатын германиялық жаңа жел электр стансалары болашақта ауданды электр қуатымен толықтай қамтамасыз етуге қауқарлы. Енді қалған 12 жел генераторын салу арқылы жобалық қуатына шығу 2015 жылдың 3-ші тоқсанында жүзеге асады. Бұл Оңтүстік өңірдегі электр энергиясы тапшылығын жояды. «Арайстроймаркет» ЖШС Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жылу батареяларын шығаратын цехты іске қосты. Бұл серіктестіктің «Радиаторлар өндіретін шағын зауыттың құрылысы»жобасының құны 360 миллион теңгені құрады. Ал, қуаттылығы – жылына 250 мың дана өнім. Сонымен қатар, 25 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беріп отыр. «Central Asia Gold Produktion» ЖШС алтын кенін өндіріп, өңдейтін зауыты 2014 жылдың желтоқсан айында іске қосылды.«Central Asia Gold Production» ЖШС кәсіпорнының салтанатты ашылуына өңір басшысы Кәрім Көкірекбаевтың өзі қатысты. Жобаның жалпы құны 2,1 миллиард теңгені құрады. Бұл зауытта жылына 500 килограмм таза алтын өндіріліп, 150 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Зауыт толық қуатында жұмыс істегенде салық және басқа да міндетті төлемдер есебінен жергілікті бюджетке жылына 200 миллонға жуық теңге түседі. «Компани Мың-Арал» ЖШС балық зауытының қуаты жылына 1,5 мың тонна балық өнімдерін шығарады. Жоба мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық жоба шеңберінде іске асырылуда. Жобаның жалпы құны 600 миллион теңгені құрап отыр. Бүгінгі таңда зауытта 200 адам жұмысқа тартылған. Міне, бұл облысымызда биылғы жоспар бойынша іске қосылып, өндіріс жолына қойылған кәсіпорындар. Индустрияландырудың келесі кезеңінде де кәдеге жарар жақсы жобалар Жамбылда баршылық. Алда Үкімет, облыс алдында екінші бесжылдықтың негізгі талабы – өңдеуші өнеркәсіпті, инновациялық секторларды дамыту үшін еңбек ету міндеті тұр. Сондай-ақ, ендігі бесжылдық бағдарламасы бойынша да технологиялық құзыреттерді жоғарылату мен инновацияларға сұранысты ынталандыру ісі жалғаса береді деп ойлаймын.
Алмас МӘДИЕВ, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- Бүгін, 14:19
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді