Өнеркәсіп өркендеп келеді
Шу – тоғыз жолдың торабында орналасқан, әлеуеті жоғары аудан. Мұнда ауыл шаруашылығы, жаңа энергия көздерін игеру, теміржол қатынасы, жаңа технологияларды игеру жақсы жолға қойылған. 116 мыңнан астам тұрғыны бар ауданда бірқатар өзекті мәселелер де жоқ емес. Осы орайда біз аудан әкімі Бақытжан Жәнібековпен сұхбаттасқан едік. – Бақытжан Оразалыұлы, сіздің бұл ауданға әкім болып келгеніңізге ұзақ уақыт бола қойған жоқ. Аумағы үлкен ауданды басқаруға келген кезде жоспарыңыз болған шығар. Жұмысты неден бастадыңыз? – Атқарып жатқан жақсы жұмыстарымыз айтыла жатар. Мен өзекті мәселелерден бастайын. Бұл ауданда бірінші мәселе – баспана. 2 мың отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. 2017 жылы 75 пәтерлі бір үй қайта жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген. Одан басқа соңғы 30 жылдан астам уақыттан бері бір тұрғын үй соғылмаған. Бұл орайда біз әрқайсысы 80 пәтерлі 3 көпқабатты тұрғын үй салу үшін жобалық- сметалық құжаттарын әзірлеп, облысқа ұсындық. Қаржыландыру көлемі – 1,5 миллиард теңге. Биыл «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты бағдарлама аясында 576 миллион теңгеге 60 отбасын баспанамен қамтығалы отырмыз. Осы кезге дейін 11 отбасы тұрғын үймен қамтылды.
Екінші мәселе – кәріз жүйелерін тазалау. Ол үйлерге жақын орналасып, тұрғындарға ыңғайсыз жағдай туғызуда. Ауданның кәріз жүйелері Қазақстан теміржолы мекемесінің теңгерімінде болатын. Оны аудан теңгеріміне алып, зерделеп, сметалық құжаттарын жасадық. Жылу құбырларын жаңалауды да ойластырып отырмыз. Жоба құны – 12 миллиард теңге. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қолдауымен жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз деген сенімдемін. – Ауданға бағынысты ең үлкен әкімшілік аумақ – Шу қаласы. Моноқаланы дамытуға қатысты қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? – Шу қаласында бірқатар өзекті мәселелер бар. Біз шетінен назарға алып, зерделеп жатырмыз. Қала бойынша 313 көше болса, 55 пайызы асфальтталмаған. Қалған 45 пайыздың жағдайы да мәз емес. Біз шұғыл назар аударуды қажет ететін 50 көшенің жобалық-сметалық құжаттарын жасадық. Оның құны – 1 миллиард теңгені құрайды. Шу қаласында жарық мәселесі де – өзекті. Биыл қаланың бюджетін 3 есеге өсірдік. Былтыр 320 миллион болса, биыл қаржы көлемі 960 миллион теңгеге көбейді.
Шулықтар үшін тағы бір мәселе – теміржолдың жерасты өткелі. Бізде теміржол қозғалысы өте қарқынды. Тәулігіне 70 жүк пойызы, шамамен дәл осы көлемде жолаушылар пойызы өтеді. Сондықтан, жерүсті өткелін салу – өте қиын. Жерасты өткелін салу мәселесін ҚР Парламенті Сенаты депутаттарына да айттық. Бұл мәселе республикалық деңгейде көтеріліп отыр. Біздің мақсат – сеңді қозғау. Жобасын жасау. Арғы жағы қаржының бөлінуіне қарай жүзеге асады.
Тағы бір мәселе «Меркі – Шу – Бурылбайтал» жолына қатысты. Осы жолдың 31 шақырымы біздің ауылдардың ішімен өтеді. Оның ішінде Шу қаласы мен Төле би ауылының аралығы бар. Міне, осы мәселені де шешуге атсалысу ойымда. Сонымен қатар, қалаға қарай көліктер өтетін өткел жөнделіп жатыр. Одан бөлек қала көшелерін жөндеу, «Жеңіс», «Төле би» саябақтарын сәндеу, жаяу жүргіншілер жолын жақсарту назарымда. Басты мәселе – қаражат. – Ауданда өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласының даму көрсеткіші қандай? – Өнеркәсіп саласы бойынша 2023 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында 17 788,1 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1396,1 миллион теңгеге жоғары болды. Негізгі капиталға салынған инвестиция бойынша 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысымен 48 513,0 миллион теңгені құрап, 2022 жылдың тиісті уақытымен салыстырғанда 15 553,3 миллион теңгеге жоғары орындалды.
Бөлшек сауда тауар айналымы 4713,9 миллион теңгеге, көтерме сауда айналымы 1024,3 миллион теңгеге жоғары орындалып отыр.
Шу ауданында жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілері биыл 2237-ге артты.
Ауданымызда «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде жалпы 67,0 миллион теңгеге 2 жоба қаржыландырылды.
Ауданға инвестиция тарту бойынша 2 ірі жоба нақты іске асырылуда. Жалпы құны 123,0 миллиард теңгені құрайтын 600 жаңа жұмыс орны және 3 перспективалық жобалардың базасы әзірленіп, әр жоба бойынша тиісті сүйемелдеу жұмыстары жүргізілуде.
Келесі жылы «Қазақмыс» корпорациясы жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Шатыркөл кенішінде жаңа байыту фабрикасының құрылысын жүргізбекші. Жобаның құны – 55 771 миллион теңге. Құрылыс кезеңінде 377 адам жұмыспен қамтылып тұрса, оның ішінде 36-сы жергілікті тұрғындар. Фабрика іске қосылғанда 300 адам тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі, оның ішінде 30 пайызы жергілікті тұрғындардан тартылатын болады. Қуаттылығы жылына 1 200 000 тонна кен өндіру. Ауданға 1 жылда түсетін болжамды салық көлемі – 300-400 миллион теңгені құрайды.
Мұнан бөлек, «ZHANASHYR PROJECT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен «Жайсан» кен орнын өнеркәсіптік игеру жобасы жүзеге асырылуда. Орналасқан жері – Жайсан ауылы аумағында. Жалпы аумағы – 500,6 гектар. Жоба құны – 67 миллиард 300 миллион теңге. Мұнда ауданның 30 тұрғыны жұмыспен қамтылады.
Қазіргі таңда, тәулігіне 822 тонна кен «Балқаш түсті металл» өңдеу комбинатына жіберілуде. Сонымен қатар, Шу ауданының 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспары аясында, 2023 жылы 23 жобаны іске асыру көзделген. Бұл жобаларға 1179,3 миллион теңге жұмсалып, 124 тұрақты жұмыс орны ашылады деп көзделуде. Бұл жобалар аудан өнеркәсібінің өрге басып келе жатқанын көрсетеді. – Ауданның ауыл шаруашылығында қандай ілгерілеу бар? – Шу ауданы бойынша 139 451 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік жерлер бар. Оның ішінде 28261 гектары суармалы, 111 190 гектар – тәлімді егістік жерлер. 2022 жылы 131 258 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. 2023 жылы 134134,4 гектар егістік жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, былтырғы жылмен салыстырғанда 2876,4 гектар жерге артық орналастырылды. Барлығы аудан бойынша 90,5 гектар бақ отырғызылған. Оның ішінде 3 гектары жүзім, 1 гектары алмұрт, 86,5 гектары алма бақтары.
2023 жылы 14,370 тонна минералды тыңайтқыш енгізіліп, жоспар 100 пайыз орындалды.
2022 жылы 10090 гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілген. Оның ішінде 8 329 гектары тамшылатып, 1761 гектары жаңбырлатып суару арқылы ылғалданды. 2023 жылы барлығы 11307 гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілді. Оның ішінде 9046 гектарына тамшылатып, 2261 гектарына жаңбырлатып суару тәсілін қолданып отырмыз. Былтырғы жылмен салыстырғанда 1217 гектарға ұлғайды.
Шу ауданы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 138,363 мың гектарды құраса, оның ішінде егістігі – 134,195 мың гектар.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарының құрылымын әр тараптандыру жоспарына сәйкес, 2024 жылдың өнімі үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын 134,195 мың гектар алқапқа орналастыру жоспарлануда.
Мал шаруашылығы бойынша бүгінгі күнге 33 772,5 тонна сүт сауылып, өткен жылмен салыстырғанда 101,9 пайызға көбейді. Өндірілген ет өткен жылмен салыстырғанда 102,3 пайызға өсті. Төрт түлік малдың барлық түрінен өсім бар. – Құрылыс саласында да қарқынды жұмыстар бар шығар? Басты жұмыстарды атап бере аласыз ба? – Әрине, құрылыс саласындағы жұмыстар да қарқынды жалғасып жатыр. Биыл 3 жаңа нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Абай ауылында 100 орындық мәдениет үйінің құрылысы, Шу қаласындағы 258,7 гектар тұрғын аймақтың ауыз су жүйелерін салу жобасы, «Алға ауылындағы 25 гектар тұрғын аймақты газбен жабдықтау» нысаны өз уақытымен аяқталып, ел игілігіне беріліп отыр.
Сонымен қатар, Қонаев ауылындағы спорт кешеннің құрылысы 15 қарашада аяқталады деп күтілуде.
«Асарлатып үй салу» бағдарламасы аясында 2020 жылы 4 тұрғын үй, 2021 жылы 4 тұрғын үй және 2022 жылы 11 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, баспанаға мұқтаж азаматтарға берілді. Аталған игі жоба биылғы жылы да жалғасады деп күтілуде, яки, ағымдағы жылы болжаммен 9 үйдің құрылысы аяқталып, жағдайы төмен отбасыларға беріледі деп күтілуде. Осыған орай, Шу қаласы және Төле би, Белбасар, Бәйдібек ауылдарында аяқталмаған тұрғын үйлер құрылысын жылдам аяқтауды жауаптыларға тапсырдым.
Бұдан бөлек, бағдарлама аясында жаңадан тұрғын үй құрылыстары Дулат ауылдық округінде Д.Қонаев және Ақсу ауылдарында басталатын болады. – Тұрғындарды жер телімімен қамту мәселесі қалай шешілуде? – Шу ауданы бойынша жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін берілетін жер теліміне жалпы кезекте тұрған азаматтардың саны 9268 адамды құрайды, оның ішінде Шу қаласы бойынша 7072 адам, Төле би ауылы бойынша 1621 және Алға ауылы бойынша 575 адам кезекке тіркелген. Бұл мәселені шешу мақсатында Шу қаласы «Оңтүстік-Батыс» тұрғын аумағынан 258,7 гектар, Төле би ауылы «Батыс» тұрғын аумағынан 147,9 гектар және Алға ауылы «Оңтүстік» тұрғын аумағынан 25 гектар егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы негізінде 2016 жылы су, газ, қиыршық тас жолдарына ЖСҚ әзірленіп, инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жалғасуда. Алға ауылы «Оңтүстік» тұрғын аумағынан 210 жер телімі толықтай таратылып бітті, Төле би ауылы «Батыс» тұрғын аумағынан 889 жер телімінің ішінен 556 жер телімі, ал Шу қаласы «Оңтүстік-Батыс» тұрғын аумағынан 1449 жер телімінің ішінен 370 жер телімі кезекте тұрған азаматтарға берілді.
Аудан тұрғындарына қызмет ету жолында барлық күш-жігерімізді аямай жұмсап, жұмыла еңбек ете береміз. – Әңгімеңізге рақмет. Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ. Шу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Асфальтталған көшенің сапасы көңіл көншітпейді
- 3 қазан, 2024
Жүйелі жұмыс жол сапасын жақсартады
- 3 қазан, 2024
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді