- Advertisement -

Қалам мен ғалам

74

- Advertisement -

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Бір өңір – бір кітап» акциясы аясында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының «Жамбылтану» бөлімінің меңгерушісі Көсемәлі Сәттібайұлының «Қалам мен ғалам» атты әдеби кеші өтті. Оған әдебиетсүйер қауым өкілдері мен кітапхана оқырмандары, колледж студенттері мен мектеп оқушылары қатысты.

Кеш кітапхана қызметкерлерінің мәнерлеп оқуындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Күләш Ахметованың Көсемәлі Сәттібайұлына арнаған «Қалам мен ғалам» атты өлеңімен ашылды. Іле баспа мұрағатынан бейнетаспаға жазылған кеш авторы туралы ақын, Шешенстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Рафаэль Ниязбековтің пікірі берілді. Сонымен бірге жазушы Пернебай Дүйсенбиннің жолдаған аудиосы да оқырман назарына ұсынылған еді. Осыдан кейін кеш автор туралы жазушының замандас аға-әпкелері, іні-қарындастары Көсемәлі Сәттібайұлының шығармашылығы туралы ақын тебірене әңгімеледі. Солардың қатарында белгілі жазушы Елен Әлімжан қаламгердің балалар тақырыбында жазған шығармаларына талдау жасаса, ақын Шырын Мамасерікова азаматтық, ал замандас әрі қаламдас ағалары Әбиірбек Қонысбаев пен Жаңабай Миллионов оның ауыл тақырыбында жазған туындыларына, журналистік қырына тоқталды. Бір атап өтерлігі, кездесуде жазушының қазақ детектив жанрының дарабозы Кемел Тоқаев туралы зерттеулері де айтылды. Ал, Асқарбек Сейілхан жазушының Кемел Тоқаев туралы жазған «Жалғыз қара» зерттеуін қолжазба күйінде оқыған екінші адам екенін мақтанышпен жеткізіп, танысу барысында таң-тамаша қалғандағы сәтін әсерлі етіп баяндап берді. Ал, құрдасы, айтыскер ақын Асқарбек Асқаров рухани әріптестігі туралы сөз етсе, ақын Ғайни Әлімбекқызы арнауын оқып берді. Сондай-ақ, этнограф Жапар Сатылғанов балалар тақырыбында жазған шығармалары ауылға да жетсе деген тілегін жеткізді.

Кеш барысында жазушының басқа да достары мен оқырмандары, қаламдас інілері мен шәкірттері өз ізгі-тілектерін жеткізіп қана қоймай, балалар тақырыбында жазған шығармаларын талдап берді. Бейнетаспадан ара-тұра республикаға белгілі жазушылардың кеш авторы туралы айтқан ойлары да беріліп отырды. Оның ішінде Көсемәлі Сәттібайұлының өз шығармашылығы туралы айтқан бейнероликтері де бар.

Кездесуде жазушының «Нұрлы әлем» баспасынан жарық көрген «Шеткері үйдің жарығы» атты хикаяттың тұсауы кесілді. Оның тұсауын алғаш рет кітапхананың тұрақты оқырмандары, оқушылар қиды. Автор бұл кітабында өткен XX ғасырдың үлкен проблемасы – СПИД дертіне шалдыққан жандарға, оның ішінде бейкүнә балаларға жанашыр сөзбен жәрдем беріп, қамқор сезіммен көңіл бөлуге шақырады. Хикаяттың тілі көркем әрі жеңіл оқылады. Кезінде балалар жазушысы Әлдихан Қалдыбаев бұл хикаят туралы «Шеткері үйдің жарығы» деген атының өзі-ақ адамға ой салғандай дүниені оқи келе Көсемәлінің XX ғасырдың «тажалы» атанған СПИД ауруын жұқтырып алған баланың басындағы қайғы-қасіретті көрсеткісі келгенін түсіндім. Басқа елдерді қайдам, қазақ балалар әдебиеті үшін тың тақырып. Жазбай тұрмақ, оқырман жүрегіне мақтамен бауыздағандай ғып отырып жеткізеді. Озық мәдениет, биік адамгершілікті аңсайды», деп жазыпты. Бұл кітаптың жарық көруіне автордың ұл-қыздары демеушілік көрсеткен. Кітап 1000 данамен жарық көрген.

Кітап төңірегінде №5 Ж.Жабаев атындағы мектеп-гимназиясы кітапханасының меңгерушісі Айткүл Есентаева өз талдауын жасаса, аталған мектептің оқушылары шығарманың түсінігін айтып берді.

Кешті Көсемәлі Сәттібайұлы қорытындылап, «адамға дүние байлығы ғана емес, рухани байлық керек» деп түйіндеді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support