- Advertisement -

Ауыл шаруашылығын дамыту – басты назарда

41

- Advertisement -

Елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайын жақсартуда ауылшаруашылық өндірісін тұрақты дамыту маңызға ие. Сондықтан, ел Үкіметі әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдерді ұлғайтуды, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді назардан тыс қалдырмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бұл салаға айрықша басымдық беріп, алда тұрған міндеттерді атап айтқан болатын. Сондай-ақ, осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық- түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін, сондықтан еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажеттігін жеткізді. Одан бөлек, Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс екендігін ескертті.

«Шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал, мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет. Бұл салада озық технологиялар тапшы. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын», – деген еді Мемлекет басшысы өз Жолдауында.

Асыраушы саланың мәселелеріне тоқталған Президент экономиканы тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отырғанын да айтқан болатын. «Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек», деді. Мемлекет басшысының бұл бастамасы аталған саланың дамуына тың серпін беретіні анық. Бәріне белгілі, биыл құрғақшылықтың салдарынан және ағын су тапшылығынан облыстағы шаруа қожалықтардың біразында егін күйіп кетіп, көп шығынға ұшыраған еді. Мұндай шығынға қайта жол бермес үшін алдағы егін науқанына дайындықты күшейтіп, ағын су мәселесін түбегейлі шешу биліктің де, шаруалардың да басты мақсатына айналып отыр.

Елімізде су мәселелерін реттеу мақсатында таяуда ғана Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Министрлік бүгінгі таңда өз жұмысын қызу бастап та кетті. Бұл бастама ауыл шаруашылығына ден қойған шаруа қожалықтар үшін оңтайлы шешім болды.

Агроөнеркәсіп біздің өңірде экономиканың негізгі қозғаушы күші саналады. Ауыл шаруашылығының ішінде егістікпен айналысуға бейім Жуалы ауданындағы жай-жағдайды аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаевпен сұхбаттасып, таныстық. Бөлім басшысының айтуынша, аудандағы ауыл шаруашылығы жерлері 216 306 гектарды құраса, оның ішінде егістік 95 449 гектар, шабындық 2 046 гектар, жайылым 114 559 гектар, көпжылдық екпелер 265 гектар және басқа да жерлер 4 017 гектар.

Ауданда масақты дәнді дақылдардың барлығы 39 233 гектарды алып жатса, оның бүгінде 39 077 гектары орылған. Жалпы, өнім түсімі 49 628 тоннаны құраған. Күзгі дала жұмыстары бойынша жиналатын 2723 гектар картоп дақылының 2545 гектары жиналған. Мақсарыдан нақты жиналғаны 22 315 гектар болса, түсім 20 478,6 тоннаны құраған. Келер жылдың өнімі үшін егілетін күздік бидай 9750 гектар болса, қажетті тұқым 1755 тонна. Бүгінгі күнге алдын ала дайындалған сүрі алқаптарға 9750 гектарға тұқым себілген. Ал, сүдігер көтеру жоспары 58900 гектарға көзделіп, оның 31150 гектары дайындалған. Сонымен қатар, Жамбыл облысы тұқым шаруашылықтарынан және Алматы облысы ғылыми-зерттеу институттарынан 20-35 тонна элиталық және 1 репродукциялы тұқымдар алу жолдары қарастырылуда.

– Ауданымызда 2023-2024 жылдары мал қыстату науқанына дайындалатын мал азығына тоқталар болсам, 175 000 тонна пішен, 15 000 тонна пішендеме, 37 мың тонна сабан, 17 000 тонна сүрлем дайындалу үстінде. Биыл шабуға белгіленген алқаптардың барлығы 34190 гектар деп жоспарланды. Оның ішінде 30570 гектар көпжылдық шөп, 3020 гектар табиғи шөптер, 600 гектар сүрлемдік жүгеріні құрайды. Бүгінде 30 570 гектар көпжылдық шөптер, екінші орым 612 гектар және 3020 гектар табиғи шөптер толығымен орылып, қысқы мал қыстату науқанына жиналуда, 175 мың тонна пішен дайындалды.

Күзгі дала жұмыстарына, оның ішінде масақты, майлы дәнді дақылдарды ору және күзгі өнім жинау, сонымен қатар, күздік бидай егу науқанына 2812,97 тонна жанар-жағармай бөлінген. Айта кету керек, ауыл шаруашылығы өнімі осы жылдың қыркүйек айына жалпы шығарылымы 37 045,2 миллион теңгені құрады. Оның ішінде егін шаруашылығы өнімдері 17 161,9 миллион теңге болса, мал шаруашылығы өнімдері 19 876,9 миллион теңге болды, – дейді Ержан Байұзақұлы.

Оның айтуынша, ет өндіру бойынша 10 413 тонна, сүт өндіруден 39 369 тонна және 7389 мың дана жұмыртқа алынған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда артығымен орындалған. Ауданда мал басы да айтарлықтай артқан. Оған дәлел мүйізді ірі қара 52 764 бас, қой-ешкі 244 825, жылқы 14 189, шошқа 112, құстар 131 340 басқа жеткен.

Осы жылғы жоспар бойынша 5608,5 тонна минералды тыңайтқыш алынған. Қазіргі уақытта «ҚазАзот» және «ҚазФосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен агроқұрылымдар тарапынан көктемгі дала жұмыстарына қажетті минералды тыңайтқышына 221 шаруа қожалық 5569,9 тоннаға келісімшарт жасалған. Тыңайтқыш 22 279,4 гектар алқапқа енгізілген. Сонымен қатар, фосфогипс ұнтағын тасымалдау бойынша ауданға 13 мың тонна жеткізу жоспарланған, дегенмен өтінім берген 25 шаруа қожалыққа барлығы 17 510 тонна берілген.

Биыл «КТ Жуалы» несие серіктестігі арқылы барлығы 37 шаруа қожалық 403,260 миллион теңге, оның ішінде «Кең дала» бағдарламасы арқылы көктемгі дала жұмыстарына 15 шаруашылық 140,3 миллион теңге алған. Ал, өткен жылы «Кең дала» бағдарламасы бойынша 14 шаруа қожалыққа 80 350 мың теңге берілген.

– Ауданда агроқұрылымдармен шаруашылықтарда 634 трактор, 158 комбайн, 790 тіркемелер бар. Барлық ауылшаруашылық техникалары 1582 дана. Бүгінгі күнге науқандық шөп орағына дайындық жұмыстары атқарылуда. Биыл 199 дана жаңа техникалар алу жоспарланған. Ал, қазіргі таңда, 654,6 миллион теңгеге 164 дана жаңа техника алынып, 23 доңғалақты трактор және 141 ауыл шаруашылығы тіркемелері алынды. Сонымен қатар, 8 шаруа қожалық тарапынан жаңа техникалар алуға несие серіктестіктеріне құжаттарын тапсыруда. Су үнемдеу қондырғыларын ендіру бойынша, Қызыларық ауылдық округіне қарасты «Дархан» шаруа қожалығы 38 гектар картоп алқабына тамшылатып суару қондырғысын іске қосып, қызу жұмыс атқаруда. Сондай-ақ, Нұрлыкент, Қызыларық, Ақсай ауылдық округтеріндегі «Әлинұр», «Алатау» және «Азамат» шаруа қожалықтары жаңбырлатып суғару қондырғысын орнатып, пайдалануда, – дейді бөлім басшысы.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы «Ауылды қайта жаңғыртып, ауыл шаруашылығын дамытуға көңіл бөлуіміз керек» деп, Үкіметтің алдына нақты міндет қойды. Расымен де ауылда тұратын азаматтардың басым бөлігі өріске мал жайып, алқабын егінмен жайқалтып, күнкөріс көзін тауып отыр. Өйткені, олардың тұрмысы мен табысы жермен байланысты. Ал, ауыл шаруашылығын дамыту – мемлекеттің ісін ілгерілету, деп білеміз. Бабалардан қалған өсиетті еске алсақ, ерінбей еткен еңбек берекеге бастайды.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support