- Advertisement -

Ғалымның көркем әлемі

53

- Advertisement -

Ғылым – шексіз кеңістік. Біз әдетте ғылыми ізденістер туралы айтылса, тұлғалар мен ғалымдарды алыстан, Астананың төрінен, Алматының өрінен іздейтініміз бар. Мүмкін, ғылыми ортаның үлкен шоғыры сол жақтарда екені рас та шығар. Бірақ, жергілікті жерде де, тарихи Таразда да үлкен ғалымдар жүргенін естен шығармағанымыз жөн. Сондай айтулы ғалымның бірі – Сәмен Құлбарақ.

Осы тұста Сәмен Оразғалиұлының өмір жолына тоқтала кеткен артық болмас. Ғалымдардың ғылымға келу жолы әртүрлі. Біреулер жоғары оқу орнын бітіре сала ғылымға ден қояды. Енді бірі біраз жылдар өмір тәжірибесінен өтіп барып, ғылым жолының есігін қағады. Сәмен Құлбарақ та ғылым есігін ашуға асықпаған сияқты. Ол 1977 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық инcтитутының филология факультетін бітіріп, елге оралады. Содан ұстаздық еңбек жолын бастап, араға 12 жыл салып, 1989 жылдары ғылым саласына бет бұрыпты. Содан бергі жылдарда жазған ғылыми мақалалары маңыздылығымен ерекшеленеді. Ол – нағыз еңбексүйгіш ғалым.

Бұл туралы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің кітапханалық ақпараттық орталығында Сәмен Құлбарақтың еңбек жолына арналып өткізілген «Ғылым. Ғалым. Өнегелі өмір» атты кездесу кешінде кеңінен айтылды. Іс-шараны ғалымның әріптесі, филология ғылымдарының кандидаты Темірбай Мұқашев жүргізді. Жиында белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов сөз алып, Алматыда әйгілі Ғабит Мүсіреповпен бірге өткізген тамаша сәттеріне, Таразға қоныс аударып келгенде Сәмен Құлбарақпен танысып, пікірлері жарасқанына кеңінен тоқталды. Аталған кітапхана директоры Гүлжан Ержанова мұндай кештердің жас ұрпақ үшін маңызы зор екенін атап өтті.

Сәмен Құлбарақ – өңірімізде өнімді еңбек етіп жүрген ізденімпаз ғалым. Алматы мен Астанадан осы Сәмен Оразғалиұлын іздеп келіп, пікірлесіп, ой бөлісіп кететін ғалымдар аз емес. Ол қазіргі таңда қоғамның қай саласына болса да белсенді араласады. Сәмен Құлбарақ өңіріміздің белгілі ақын-жазушылары Елен Әлімжан, Қайырбек Асанов, Күләш Ахметова, Көсемәлі Сәттібайұлы жазған көркем шығармаларға талдау жасап, оқырманға жан-жақты ашып бере алған шеберлігі көпке үлгі. Әйгілі жазушы Тахауи Ахтановтың драматургиясы мен көркем шығармаларын, романдарын зерттеуде де үлкен табысқа жеткен.

Ол өзінің ғылым жолы туралы:

– Менің ғылым жолындағы жетекшім – профессор Мекерия Атымов. Негізі институтты бітіре сала ғылыммен айналысып кетуге мүмкіндік болды. Профессор Хасен Әдібаевтан қазіргі қазақ повестері жөнінде курстық жұмыс жазу туралы тапсырма алғанмын. Оралхан Бөкейдің «Мұзтау», одан бөлек екі автордың повестері жайлы жаздым. Курстық жұмысым көңілінен шықты- ау деймін, Хасен Әдібаев кафедраға шақырып алып, біраз пікірлескені бар. Кейін де біраз тапсырмалар берді. Диплом жұмысыма «Мұқағали Мақатаевтың лирикасы» тақырыбын ұсынды. Бұл – 1976 жыл. Мұқағалидың қайтыс болған жылы. Арда ақын жайлы аңыз студенттер арасында қызу жүріп жататын. Шындығы керек, қазіргі уақыттағыдай Мұқағали туралы материалдар жоқ. Әбіш Кекілбаевтың «Дәуірмен бетпе-бет» кітабында ақынның «Қарлығашым, келдің бе?» жыр жинағына жазылған кең көлемді мақаласы бар. Әбіш мақаласы – шіркін, шалқыған теңіз. Ақын Әбділда Тәжібаевтың қайтыс болуына орай жазылып, «Лениншіл жас» газетіне жарияланған «Көшеді өлең, немесе өшеді өлең» атты аза-толғанысы бар. Осы екі мақала Мұқағали ақын жөніндегі дипломдық жұмысымның қазығы болды.

Бірде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына бардым. «Қазақ әдебиеті» деген жазуы бар есікті ашқанымда, бөлменің төр жағында бір адам отыр екен. Кірер-кірмесімді білмей тұрған мені байқап:

– Кел, кел, бала, – деді биязы жұмсақ үнмен.

Мен Мекерия Атымов деген ағаң боламын, ғылым докторы, профессор, – деді одан әрі өзін таныстырып. «Ғылыммен айналысқым келеді. Тақырып алайын деп едім», – дедім ағаның жылы сөзі жаныма жағып.

Ағай мені біраз әңгімеге тартып, бір уақытта: «Жазушы Тахауи Ахтановтың прозасы жөнінде тақырып алсаң, қалай болады? – дегені. «Аламын», – деп келістім. Мекерия ағай: «Бала, онда саған екі ай уақыт беремін. Ахтановтың романдарын оқып, 30 бет көлемінде реферат жазып келесің», – деді. Айтылған мерзімге жеткізбей аталған рефератты жазып бардым. Ағай жарты сағаттай рефератты қарап шығып: «Айдың аяғында өндірістік кеңес болады. Соған кел. Тахауи Ахтановтың прозасы бойынша тақырып бекітеміз», – деді.

Бірақ, аталған кеңес кезінде академик Мұхамеджан Қаратаев: «Менің аспирантым Тахауи прозасынан диссертация жазып жатыр», – деді. Кеңес мүшелері үнсіз қалды. Сонда Мекерия ағай «Біз онда Тахауи Ахтановтың драматургиясын аламыз», деді. Бұл тақырыпты кеңес мүшелері қолдады. Сөйтіп, Мекерия ағайдың жетекшілігімен Тахауи Ахтановтың драматургиясынан кандидаттық диссертация жаздым. Беріректе Ахтановтың прозасы бойынша докторлық диссертация жазып, қорғадым. Докторлық жұмысым қорғалатын ғылыми кеңеске жазушының өзі келіп қатысып, қолдау көрсетті. Арқамды Алатауға тірегендей болдым, – деп студенттер алдында ағынан жарылды.

Кездесу соңында студенттер тарапынан сұрақтар қойылып, ғалым жан-жақты жауап берді.

 

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support