- Advertisement -

«Жайлы мектептің» жайы қалай?

67

- Advertisement -

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылатын үш жылдың ішінде облыста 12 жаңа білім ошағы пайдалануға берілмек. Олардың жетеуі қолданысқа келесі жылдың 1 қыркүйегіне дейін тапсырылады. Болашақ оқу нысандарының төртеуі Тараз қаласында орналасқан. Осы орайда жобаға жауапты Samruk-Kazyna Construction басшысы Мәулен Айманбетов өткен айда облысымызға келіп, құрылыс алаңдарындағы жұмыс барысымен танысқан болатын.

600 орынға арналған жайлы мектеп «Шөлдала» тұрғын үй массивінде бой көтермек. Оқу нысаны 2024 оқу жылының басында есігін айқара ашады деп жоспарланған. Алайда, мердігерлердің жұмыс қарқыны көңіл көншітпейді деген басқарма төрағасы «Агроспецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісіне шаруаға белсенді кірісіп, жер учаскелерін құрылысқа тез арада дайындауды тапсырды.

13-шағынауданда заманауи талапқа сай тұрғызылатын мектептің іске асырылу барысын Мәулен Айманбетов қала әкімі Бақытжан Орынбековпен бірге қарастырған болатын. Кездесуде сыртқы инженерлік желілерді тарту мен жер учаскесінің ауданы бойынша сұрақтар талқыланды. Басқарма төрағасы болашақ білім ошағының аумағын кеңейту қажеттілігіне назар аударған еді. Себебі, балаларға арналған жайлы ортаны қалыптастыруда әрбір шаршы метрдің маңызы зор. Сондай-ақ, қала басшылығына жол-көлік қозғалысын ұйымдастыру бойынша да кеңес берілді. Атап айтқанда, кептелістерді болдырмау үшін біржақты көлік қозғалысын енгізу қажет.

Ұлттық жоба аясында 2 жайлы мектеп «Ұлы Дала» шағынауданында бой көтереді. 2000 орынға арналған білім нысанының құрылысына «Отау-Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапты. Осы шағынаудандағы екінші 1200 білім алушыға арналған мектептің ашылуы да оқушылар орны тапшылығы мәселесінің шешілуіне септігін тигізбек. «Integra Construction KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысқа қажет дайындық жұмыстарына білек сыбана кіріскен. Кіреберіс жолдарды салуға қажет аумақты болашақ оқу орнының учаскесіне қосу ісі де аяқталған. Мұндай өтінішті Samruk-Kazyna Construction өкілдері соңғы кездесу барысында айтқан болатын.

Ал, Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында бой көтеретін 600 білім алушыға арналған оқу орны келесі жылы халық игілігіне тапсырылады. Шу қаласы мен Тоғай алқабындағы 600 орындық білім ошағының құрылысы 2025 жылы басталып, сол жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Меркі ауылында дәл осындай орындық жайлы мектеп арғы жылы балалардың игілігіне берілмекші. Жамбыл ауданы Шайқорық ауылында 300, Қордай ауданы Қордай ауылында 900 орындық мектептер 2025 жылы салынып бітеді. Келесі жылы Қордай ауданының Қаракемер, Қарасу ауылдарындағы 300 орындық білім ошағы бой көтереді.

Заманауи технологиялық және инженерлік жабдықтармен, ыңғайлы оқу және корпустық жиһазбен жабдықталатын білім ошақтарының ауданы стандартты жалпы білім беретін мектептерден 15-20 пайызға үлкенірек болады.

Жайлы мектептердің ерекшелігі мен артықшылықтарының бірі – білім ошақтарында кабинеттер мен спорт залдардың саны көбірек болуы. Мысалы, егер 300 орындық жайлы мектепте бір спорт залы болса, 600 орындық мектепте екеу болады, яғни үлкен және кіші залдар. 900 және 1200 орындық мектептерде 3 спорт залы жабдықталады, ал одан да үлкен мектептерде 4 спорт залы болады.

Еске сала кетсек, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Заманауи білім ошақтары, ең алдымен, апатты мектептер және оқушы орындарының тапшылығы сияқты мәселелерді шешуге бағытталған жоба аясында 2025 жылдың соңына дейін еліміз бойынша 369 орта білім беру нысаны салынбақшы. Samruk-Kazyna Construction тапсырысы бойынша 208 мектеп келесі жылы, 151 мектеп 2025 жылы пайдалануға беріледі. 10 мектеп жергілікті атқарушы органдардың тапсырысы бойынша, оның ішінде 1 мектеп мемлекеттік жекеменшік әріптестік, ал 9 мектеп дайын нысанды тауар ретінде сатып алу әдісімен салынбақ.

Тағы бір айта кететіні, ұлттық жоба шеңберінде салынған барлық білім беру нысандары пайдалануға берілгеннен кейін жергілікті атқарушы органдардың балансына өтеді. Бұл жаңа және заманауи мектептерде білім алу тегін әрі қолжетімді болады деген сөз.

 

Назерке СӘНДІБЕК.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support