Қылмыс хроникасы

Қылмыс хроникасы
ашық дереккөз
Қылмыс хроникасы

Терроризмді насихаттаған күдіктілер ұсталды

Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен полиция қызметкерлері бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесінде терроризм идеяларын насихаттады деген күдіктіні қолға түсірді. Ұсталған адам Қазақстан Республикасында тыйым салынған «Хизб-ут-Тахрир әл-Ислами» діни экстремистік ұйымының жақтаушысы болып табылады. Бұдан бөлек, прокуратураның үйлестіруімен полиция қызметкерлері біздің елде сот үкімімен тыйым салынған «ДАИШ» халықаралық террористік ұйымы идеологиясының жақтаушысын құрықтады. Күдіктілердің тұрғылықты жерін тінту кезінде діни әдебиеттер мен өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді. Бүгінгі таңда Қылмыстық Кодекстің 256-бабының 1-бөлігі (терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Тергеу уақытында ұсталғандарға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

250 килограмм есірткі тәркіленді

Жамбыл, Түркістан, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларында «Қарасора» арнайы операциясының соңғы аптасында есірткі құқықбұзушылығының 110 дерегі анықталып, 125 қылмыскер ұсталған. Тәртіп сақшылары бұл күндері 250 килограмм есірткі тәркілесе, оның ішінде, марихуана 238, гашиш 2 және синтетика 10 килограмм. Айта кетейік, арнайы операция барысында өңірімізге қарасты Шу ауданының тұрғыны ұсталып, одан 67 килограмм марихуана тәркіленген. Ұсталған адамның айтуынша, ол бақылаудың азаюын күтіп, есірткіні қыста тасымалдауды жоспарлаған. Қазіргі таңда аталған барлық факті бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу әрекеттері қолға алынған. Жалпы, жоғарыда аталған қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді.

Пәтер әперуге уәде берген әйел құрықталды

Тараз қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын өтініш білдірген. Ол бейтаныс әйелге 1 миллион 650 мың теңге төлемдi бергенiн хабарлады. Сөзінше, бейтаныс әйел оған облыс орталығындағы Химпоселок ауданынан пәтер сатып алуға жәрдемдеспек болған. Алайда, көрсетілген соманы алдын ала алғаннан кейін әлгі әйел байланысқа шығуды тоқтатқан. Бүгінде осы дерек бойынша Қылмыстық Кодекстің 190- бабы 2-бөлігімен (алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу басталды. Полицейлер жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 48 жастағы жергілікті тұрғынды анықтап, ұстады. Әйел кінәсін толық мойындап, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

 Скутер мен мопед жүргізушілері жауапқа тартылды

Бүгінгі таңда облыс орталығында мопед, скутер және электрлі самокаттарды басқаратын жерлестеріміздің саны арта түсуде. Соның салдарынан жол қозғалысы ережелерін бұзу мен жол-көлік оқиғалары көбейген. Мәселен, жуырда ғана кәмелетке толмаған скутер жүргізушісі қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып, «Range Rover» маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Ал, жыл басынан бері облыс жолдарында мопедтердің қатысуымен 11 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, 1 адам қаза тапқан. Сондай-ақ, 13 адам түрлі дене жарақаттарын алған. Ал, мопедтер мен скутерлер жүргізген балалардың қатысуымен 10 жол- көлік оқиғасы тіркеліп, нәтижесінде 1 бала жан тапсырған. Бұдан бөлек, 9 бала жарақат алған. Полиция қызметкерлері 87 мопед пен скутер жүргізушісін әкімшілік жауапкершілікке тартып, 45 мотокөлік айыптұрағына қойылды. Көбінесе бұл көлікті 16 жастағы кәмелетке толмаған жасөспірімдер пайдаланады. Олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды, профилактикалық әңгімелер жүргізілді, – дейді өңірлік полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құрмет Мәжікенов.  

Есен ӨТЕУЛІ.

Ұқсас жаңалықтар