Ерлік сабағы
Облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Даңқ» залында Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушыларына арналған «Снайперші Сүлейменов» музей сабағы өткізілді. Оқушылар «Халық қаһарманы», екінші дүниежүзілік соғыстың батыры, жерлесіміз Ыбырайым Сүлейменовтің өмір жолы, ерен ерлігімен танысты. Батыр туралы деректі фильм көрсетілді. 10 «ә» сыныбының оқушылары Ернар Бұханов, М. Мақатаевтың «Соғыстың соңғы көктемі», Ақнұр Шәдібек, С.Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттар», Шолпан Аслан Ғ.Қайырбековтің «Жеңіс солдаты» өлеңін мәнерлеп оқыды.
– Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан қазақ батыры аз емес. Мысалы, Сабыр Рахымов – әскери қолбасшы. Құдайберген Сұрағанов – взвод командирі, Ыбырайым Сүлейменов – мерген. Олардың есімдерін халық жадынан өшірмей, ерлігін өскелең ұрпаққа үлгі ету азаматтық парызымыз. Осындай игі мақсатты көздеген музей сабағы Сарысу ауданы Ұйым ауылының тумасы, сұрмерген – Ыбырайым Сүлейменовке арналғаны да тегін емес. Тәуелсіз еліміз «Халық қаһарманы» деп ұлықтаған жерлесіміз өз заманында Кеңес Одағының Батыры атағына 2 мәрте ұсынылған. Өкінішке қарай, Ы.Сүлейменовке белгілі себептермен бұл атақ бұйырмағаны тарихтан мәлім. Осыған орай, Әзілхан Нұршайықов «Қазақ солдаты Ыбырайым Сүлейменов 239 фашистің көзін жойған кездің өзінде-ақ, сөзсіз Кеңес Одағының Батыры болуға лайық еді. Бірақ сәті түспеді. Ал, 300-ден астам жауды жайпап, ер өлімімен өлгеннен кейін де оған батыр атағы берілмеді. Ұсынылып, әлдекімдердің «қазақтан батырды көбейтіп қайтеміз» деген арам ниетімен өтпей қалды ма, білмеймін... Бар білетінім – соғыста ерен ерлік көрсеткен есіл ер Ыбрайым Сүлейменов батыр атағына ілінбей қалғаны. Мұндай ержүрек сұрмергеннің батыр атағын алмағанына қалай өкінбессің?», – дейді «Даңқ» залының меңгерушісі Құрманғазы Демешов.
100-жеке қазақ атқыштар бригадасының, сол кездегі «Алға» қазақ газетінің редакторы Қасым Шәріпов, өзінің «Қатардағы қаһарман» деген кітабының тұтас бір бөлігін, «Қаруластар» кітабында да бірнеше беті Ыбырайым атамызға, арналған екен. Ал Балтабай Адамбаевтың «Ыбырайым батыр» атты поэмасы өз алдына. Жыр дүлдүлі Жамбыл Жабаевтың жауынгерлерге арнап жазған жауап хатында да Ыбырайым Сүлейменов атамызды өлең-жырға қосқан екен.
Әр нәрсенің өз уақыты бар емес пе, халқымыздың аяулы перзенттеріне қатысты тарихи әділеттілік еліміз тәуелсіздік алған соң орнағаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен былтыр 6 мамырда 100-ші атқыштар бригадасы, атқыштар батальоны 2 бөлімшесінің мерген-бақылаушысы Ыбырайым Сүлейменовке «Халық қаһарманы» атағы берілді. Оны ел Президенті батырдың қарындасы Айгүл Сүлейменоваға тапсырды.
Бүгінде Таразда мектеп пен көшеге Ыбырайым Сүлейменов есімі берілсе, 2015 жылы батырдың ескерткіші бой көтерген болатын. Батырдың кіндік қаны тамған Сарысу ауданы Ұйым ауылында Ы.Сүлейменов атындағы мектеп бар.
Тарихқа үңілсек, 1943 жылдың жазында әскери слетте сөз алған мерген Ы.Сүлейменов: «Мені неге снайпер болды деп ойлайсыздар? Өйткені, мен ұрыс алаңында жазықсыздан жазықсыз, қаза тапқан көптеген адам мен бейкүнә баланы көрдім. Ал тірі қалған тұрғындар, маған жаудың оларды қалай азаптап, қорлағанын айтып беретін. Әрбір қазалы үйден, жаралы жанның көзінен қайғы мен мұң көрген сайын, бір орнымда байыз таппай кететінмін. Сол кезде мен Отанымды оқ күшімен қорғаймын деп шештім. Мен қазақпын. Менің Қазақстаным Мәскеуден алыста. Бірақ, мен фашистердің көзін қазір жоймасам, олар Қазақстаныма да жетеді. Ал мен олардың туған жерімді аяғымен таптағанын қаламаймын. Оған жол да бермеймін!» – деген болатын. Ыбырайым батыр сөзінде тұрып, майдан алаңында өз міндетін межеден асыра орындап берді. Осы сөздер батыр атамыздың патриоттық сезімі асқақтап тұратын рухты батыр екендігін айғақтайды.
Ел қорғаған азаматтарымызды жадымызда мәңгі сақтау және де өскелең ұрпаққа есімін ұмыттырмау біздің борышымыз деп есептейміз. Яғни, қазіргі таңда бейбіт өмір сүріп жатқанымыз, осындай батырларымыздың ерліктері мен елеулі еңбектерінің арқасы екені сөзсіз.
Жанат ТОҚБАНБЕТОВА,
облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Даңқ» залының қызметкері.
Ұқсас жаңалықтар
Көрерменді балалық шағымен қауыштырған классика
- Бүгін, 14:32
Халық театрларының халі мүшкіл
- Бүгін, 13:40
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді