- Advertisement -

Абайдың ақыл тәжі алғыр ұрпаққа аманат

66

- Advertisement -

Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Абай ғибратнамасы» атты тағылымды әдеби сазды кеш өтті.

Биыл аталған республикалық қоғамдық бірлестіктің құрылтайшысы, қоғам қайраткері Нұркен Асановтың тікелей бастамасымен қазақ руханиятының құбыласы, хакім Абайдың замандасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдық мерейтойына орай бес томдық жинағы жарық көрген болатын. Тарихи тұлғаның бес томдығы өңірдегі оқу орындарына таратылып, жастардың рухани бес қаруына айналып үлгерді. Енді тағы сол Нұркен Жарылқапұлының қолдауымен «Абай ғибратнамасы» атты кітап қалың оқырманға жол тартып отыр.

Абай шығармашылығын жас ұрпақтың «жүрегіне терең бойлатып», Абайдың жұмбақ әлемінің тылсым сырларына үңілту, «Сөз патшасы – өлең» құдіретінің асыл сөз маржандарын бойларына сіңірту, ой-қиялдарын поэзия әлеміне енгізу, ғұлама Абай мұрасын, нақыл сөздерін, философиялық ой- толғауларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған іс-шара барысында хакімнің атымен аталған колледждің талантты студенттері Абай мұрасы мен өсиетін заманауи тұрғыда жеткізе білген керемет композиция орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті аналар кеңесінің төрайымы Ардақ Жантаева Абай шығармалары өскелең ұрпақпен бірге жасай беретінін тілге тиек етсе, Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының директоры Мәлік Ақүрпеков қазіргідей алмағайып заманда ұлт пен ұрпаққа рухани азық, тағылым темірқазығы болатын тарихи тұлғалардың мұраларына қайта дем беріп жүрген Нұркен Жарылқапұлының бастамасы жалғасын тапса деген ұсыныс лебізін жеткізді.

Ал, «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Дәурен Бағжанов Астана қаласы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде тұсауы кесілген «Абай ғибратнамасы» кітабы жуырда Абайдың атымен аталған колледжге жеткізілетінін, сонымен қатар кеш барысында хакім шығармаларынан керемет композиция ұсынған поэзиясүйер патриот жастардың өнерін барынша қолдауға қатысты ұсыныстарымен бөлісті.

Айта кетсек, аталмыш еңбектің авторы елімізге белгілі ғалым, әдебиеттанушы Серік Негимов. Алдағы уақытта аталған республикалық қоғамдық бірлестік қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына арналған жинақ шығаруды жоспарлап отыр.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support