«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мерекедегі марапат

Мерекедегі марапат
ашық дереккөз
Мерекедегі марапат
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деген ұсынысынан кейін араға жылдар салып қайта жаңғырған Республика күні ел төңірегінде екінші рет тойланып өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінде айтулы мерекеге орай түрлі салтанатты жиындар мен мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Мұндай іс-шаралар легі біздің өңірімізде де өтті. Ұлттық мереке қарсаңында Тараз қаласы әкімдігінде мемлекеттік қызметшілер ант қабылдап, бірқатар азаматтарға Тараз қаласының Құрметті азаматы атағы берілді. Салтанатты жиынды қала әкімінің міндетін атқарушы Нұрбол Қалдыбаев құттықтау сөзбен ашып берді. – Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке. Мұның бәрі біздің көп ғасырлық мемлекеттілігіміздің тарихындағы маңызды кезең, қазіргі Жаңа Қазақстанның шежіресіндегі маңызды шекара. Құрметті жиналған қауым! Республика күні мерекесі құтты болсын! Әр шаңыраққа бақ дарып, ырыс ұяласын! Жүрегіміз мемлекетімізге деген мақтаныш сезіміне бөленіп, бірлік пен түсіністікке ұмтылып, жемісті еңбек бақытты болашақтың сенімді кепілі болғай! – деді Нұрбол Бекежанұлы. Жиында Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай да сөз алып, жылы лебізін арнады. Мұнан соң жақында ғана қала әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесінің бас маманы болып тағайындалған Төрехан Жәнібек ресми түрде ант берді. Сондай-ақ, облыс дамуына үлесін қосқан бірқатар азаматтар марапатталды. Атап айтсақ, «Жамбыл облысы іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Меруерт Лештаева Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қайырымдылық үшін» төсбелгісімен марапатталды. Дәл осындай төсбелгі «Таразқұрылыс-2004» ЖШС-ның бас директоры Мейірбек Жүнісовке де табыс етілді. Ал, республикалық «Қызыл Ай» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының Президиум төрайымы Оразкүл Тастемірова Мәдениет және ақпарат министрлігінің Алғыс хатына ие болды. «Бегалиев М» шаруа қожалығының жетекшісі Маратбек Бегалиев облысқа сіңірген еңбегі үшін белгісімен марапатталды. Бұдан бөлек, осы мәтіндегі марапат Молдажан Абсатов, Дүйсен Алиев сынды облысқа еңбегі сіңген азаматтарға табысталды. Өнер қайраткері, ардагер ұстаз Әуесбай Тоқбанбетовке Тараз қаласының Құрметті азаматы атағы берілді. Құрметті азамат атанғандардың қатарында қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Тұрар Жапаров, «Металлқұрылымдар және бактар зауыты» ЖШС-ның директоры Талас Ахметов, «Бастау Тараз» медициналық орталығының бас дәрігері Шолпан Иманбекова да бар. Сондай-ақ, бұл күні бірқатар азаматтар облыс әкімінің, Тараз қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен салтанатты түрде марапатталды.  

Назерке СӘНДІБЕК

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар