- Advertisement -

Баспана — бақыт шамы

8

- Advertisement -

Елдігімізді танытып, бекем бірлігімізді айшықтайтын 25 қазан – Республика күні тек мереке ретінде құр тойлаумен өткен жоқ, өз үйі болуды армандаған жандарға баспана бақытын сыйлады. Ауылдастардың қауым болып бірлесіп, көмекті қажет ететін ағайынға асарлатып үй салып берген қуанышымен мейрам мәнерлене түсті. Осы күні Қордай ауданында пәтер кезегін күткен 100 отбасы жаңа қоныстың қуанышына бөленді. Байзақ пен Сарысу аудандарында асарлатып салынған үйлер өз иелерін тапты.

Тарқата айтсақ, Қордай ауылындағы «Батыс» шағынауданында жаңадан бой көтерген 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үй және Цемзауыт шағынауданында 40 пәтерлі тұрғын үй осы күні пайдалануға берілді. Қоныс иелерін аудан әкімі Бегзат Болатбеков арнайы барып құттықтап, пәтер кілтін салтанатты түрде табыс етті.

Мердігер «Сырым Блеке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салған жаңа үй заманауи үлгіде барлық қажеттіліктермен толық қамтылған. Қоныстанып келушілер алғыстарын ақтарып, қуаныштарын көпшілікпен бөлісті.

– Қордай ауданында бүгінге дейін 2347 азамат тұрғын үй кезегінде тұрса, бұл тізім бүгін біраз қысқарды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын тауып, жыл соңына дейін тағы 3 тұрғын үйден 150 отбасыға баспана кілті берілетін болады. Айта кету керек, ауданның жомарт жандары да халықтың әлеуетінің артуына барынша үлес қосуда. Жыл басынан бері «Асарлатып үй салу» жобасы аясында аудандағы кәсіпкерлердің демеушілігімен 14 отбасы баспаналы болса, жыл соңына дейін тағы 6 шаңырақ беріледі деп жоспарлануда. Бүгінгі жаңа пәтер кілтін алған отбасыларға қоныстарыңыз құтты болсын дегім келеді. Осы шаңырақ сіздерге бақ-береке, ырыс әкелсін, – деген аудан әкімі Бегзат Болатбеков пәтер кілттерін иелеріне табыстады.

Жаңа пәтерге ие болғандардың дені әлеуметтік осал санаттағы отбасылар, осыған дейін кезекте тұрған жандар.

Осы күні Байзақ ауданының қос ауылында асарлатып салынған баспана берілді.

Ынтымақ ауылдық округіндегі Мәдімар елді мекенінде көпбалалы, аз қамтылған Жапсарбек Шағайбаевтың отбасына жаңа үйдің кілті тапсырылды. Ынтымақтың ырысты жолын көрсетіп келе жатқан мәдімарлық ағайын осымен төртінші жыл қатарынан «Асарлатып үй салу» жобасы арқылы тағы бір отбасын қуантып отыр. Ізгі іске ортақтаса келген аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов, ауыл тұрғындары атынан ақсақалдар алқасының төрағасы Жамбыл Дәулетов, еңбек ардагері Айша Жылқышиева баспана иесін құттықтап, сауапты іске жұмыла білген жұртшылыққа алғыстарын ақтарды. Ақ жаулықты аналар жаңа босағаға шашу шашып, қоныс тойына куә болған ағайын ақ тілектерін айтты.

Дәл осындай қуаныш осы ауданның Жаңатұрмыс ауылдық округінің Ақшолақ елді мекенінде де жалғасын тапты. Осы ауылдың тұрғыны, толық емес отбасының иесі, бес баланың әкесі Амангелді Бақтыбаев ауызбіршілігі мол ауылдастарының арқасында үйлі болды.

– Әр отбасының басында баспанасы болса – бақытты. Міне, осы бақытты бүгін мен де сезініп отырмын. Баспаналы болуыма жағдай жасап, арманымның орындалуына жәрдем еткен аудан басшысына, ауылдық округтің әкімшілігіне, барлық азаматқа алғысым шексіз, – деп разылығын білдірген Амангелді Бақтыбаевтың жаңа қонысына ауылдың аналары шашу шашып, қариялар баспанаға құт тілеп, бата берді.

Атаулы мереке күні Сарысу ауданының Әшір Бүркітбаев ауылында да ағайынның асарлатқан жақсылығы салтанат құрды. Ауылдастар бірігіп, Ерлан Қайсарбековтың тозығы жеткен үйін күрделі жөндеуден өткізген. Жөндеу жұмыстары аяқталған үйді Республика күнінде ауыл тұрғындары иесіне табыстады.

Асар–ағайынның арасын жақындататын, ортақ іске көпшілікті жұмылдыра отырып, бірлікке бастау болатын, қазақтың мағыналы салты. Ертеден бері қолданылып келген асарлату дәстүрі қазір де ел ішінде қанат жайып, талай игі істерге бастап жүр. Осындай мағынасы терең салттың Республика күнінде көрініс бергені қалың халықтың жүрегіне қуаныш ұялатты.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Қордай, Байзақ,

Сарысу аудандары

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support