Алты оқушы үздік атанды
Патриоттық сезім – үлкен қасиет. Жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін байқауларға қатыстыру арқылы да шыңдауға болады. Жасөспірімдер үшін аса маңызды байқаудың бірі – «Ақберен» шығармашылық байқауы. Жақында Тараз қалалық «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында «Ақберен» республикалық шығармашылық байқауының облыстық іріктеу кезеңі өткізілді. Аталған байқауға үміткерлер жақсы дайындықпен келіпті. Халқымыздың атамұра өнері «Айтыс» аталымы бойынша 6 оқушы бақ сынады. Бұл өнер додасында тараздық 9-сынып оқушысы Інжу Жаңабайдың шымыр шумақтары елдің көңілінен шықты. Сонымен қатар, Шу ауданынан келген 8-сынып оқушысы Жомарт Александр меркілік құрдасы Назгүл Ерланқызымен қызықты айтыс жасады. Біз Жомарттың бұрынғыға қарағанда біршама өскенін, ойы шымырлана түскенін байқадық.
Бұл аталым бойынша тараздық Інжу Жаңабай жеңімпаз деп танылса, Жомарт Александр мен Назгүл Ерланқызы екінші, таластық Нұрайым Боранбай мен құландық Қазына Оразбай үшінші жүлдені өзара бөлісті.
Сондай-ақ, «Мүшәйра» аталымы бойынша тараздық Іңкәр Жаңабай, «Шешендік білгірлік сайысы» аталымы бойынша меркілік Жанайым Есенәлі, «Эссе жазу» аталымы бойынша Т.Рысқұлов ауданынан Алина Тойлыбай, «Ұлттық аспапта өнер көрсету» аталымы бойынша облыстық Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясының оқушысы Ахмет Зейін, «Көркемсөз оқу» аталымы бойынша таластық Алдияр Жүзбай жеңімпаз атанды.
Аталған байқауда белгілі ақындар Қасқырбай Нарбатыр, Айтмұханбет Исақ бастаған өңірімізге танымал өнер өкілдері қазылық жасады. Аталған байқауды «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығы жоғары деңгейде ұйымдастырды. Аталған орталық директоры Майра Есеналиева барлық жеңімпаздарға сәттілік сапар тіледі.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді